"Жалақы мен сыйақыны негізсіз көтеріп, қызметтік мүлікті сатқан": Өскемен әуежайының бұрынғы басшысы 8 жылға сотталды

Фото: freepik.com
Өскеменде әуежайды 20 жылға жуық басқарған Николай Короленко қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін 8 жылға сотталды. Ол жалақы, сыйақыларды негізсіз көтеріп, қызметтегі мүліктерді төмен бағада сатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, бес жыл бойы әуежайдың лауазымды тұлғалары қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланған. Олар өздеріне жалақы мен сыйақыларды негізсіз көтеріп отырған, жеткізушілермен жалған келісімшарттар жасаған, әуежай балансындағы көліктерді шығарып, оларды аффилирленген тұлғаларға төмен бағамен сатқан. Сондай-ақ коммерциялық жылжымайтын мүлікті жеңілдетілген тарифпен жалға берген.
Осы әрекеттердің салдарынан мемлекетке келтірілген жалпы шығын 157 миллион теңге деп бағаланған. Күдіктілердің 126 миллион теңге сомасындағы мүлкіне – төрт пәтерге, бір жер теліміне және екі автокөлікке тыйым салынды.
2025 жылғы шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігі "Өскемен әуежайы" АҚ-ның бұрынғы басшылығына қатысты тергеудің аяқталғанын хабарлады. Күдіктілер аса ірі көлемде жымқыру, қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану және қылмыстық табысты заңдастыру бойынша айыпталды.
Іс сотта қаралып, Николай Короленко ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3) тармағы және 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету және қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану бойынша айыпты деп тапты.
Қылмыстар жиынтығы бойынша Короленкоға орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оған мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор ұйымдарында лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Ол сот залында қамауға алынды. Сот 2025 жылғы 11 ақпаннан 2026 жылғы 25 ақпанға дейін үйқамақта отырған уақытын есепке алды. Яғни, екі күн үйқамақ бір күн түрме жазасына тең деп саналды.
“Бұл іске қатысы бар өзге де қызметкерлер”
Осы іс бойынша Алёна Студенкова мен Алексей Студенков та жауапқа тартылды.
Алёна Студенкова қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету туралы бап) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған 10 жыл мерзімге ұйымдастырушылық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларға байланысты қызметтерді атқаруға тыйым салынды. Жазаны өтеу бес жылға, бірақ баласы 14 жасқа толғанға дейінгі мерзімнен аспайтын уақытқа шегерілді.
-
Жолаушы әзілдегені үшін Астана-Алматы рейсінен түсіріліп, айыппұл арқалады
-
Қазақстанда Boeing ұшақтарына қызмет көрсететін орталық ашылады
Алексей Студенковқа бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Кейін амнистия бойынша мерзімі қысқартылып, есепке алу нәтижесінде жаза өтелген деп танылды.
Сот "Өскемен әуежайы" АҚ-ның азаматтық талабын қанағаттандырды. Короленко мен Алёна Студенковадан бірлесіп 18 718 914 теңге материалдық шығын және әрқайсысынан 280 784 теңге мемлекеттік баж өндірілді. Бұдан бөлек, Короленко мен Алексей Студенковадан бірлесіп 2 127 501 теңге шығын және әрқайсысынан 31 913 теңге мемлекеттік баж өндірілді. Сонымен қатар Короленкодан жеке 120 512 179 теңге материалдық шығын және 3 615 365 теңге мемлекеттік баж өндірілді.
“Өскемен әуежайы да жауапқа тартылды”
Сот үкіммен бірге жеке қаулы шығарды. Онда "Өскемен әуежайында" қаржылық және басқару жүйесінде кемшіліктер бар екені көрсетілген. Компанияның 100% акциясы мемлекетке тиесілі, жалғыз иесі – Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі.
Сот сонымен қатар әуежайдағы авиациялық қауіпсіздік бұзылғанын айтты. Қар тазалайтын көліктер тек төтенше жағдайға арналған қосалқы қақпа арқылы кіріп-шығып жүрген, қозғалыс тіркелмеген, қызмет бақылаусыз болған, қақпа пломбаланбаған.
Сот бұл кемшіліктерді жою үшін материалдарды облыс әкімдігіне жіберуді және шаралар қабылданғанын хабарлауды міндеттеді. Сонымен бірге, 2025 жылы әуежайдағы авиаотын бағасын негізсіз көтеру туралы монополияға қарсы тергеу басталған. Ведомство компания әрекеттерінен заң бұзу белгілері бар екенін хабарлады. Ал әуежай өкілдері тексеру аяқталмағанын айтты.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді