"Теледидардан көрсетпесе, атамнан ары": Меруерт Түсіпбаева қара тізімде екенін айтып, мәлімдеме жасады

Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева барлық телеарнаның қара тізімінде екенін айтып, жан сырын ақтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, наразылығын білдірді. Ол жазбасында Алмас Кішкенбаевтың күйіне түсіп жатқанын жасырмады.
“Алмас Кішкенбаев қара тізім туралы жазған еді. Ал мен ол туралы жар салғым келмеді, бірақ мені 2025-2026 жылдары Ұлттық арна мен Хабар секілді екі үлкен арналардан алып тастап жатыр. “Жақсы, мен жас әнші емеспін, дұрыс-ақ, жастар шықсын, онсыз да жарып жүрмін” деп қиналмадым. Бірақ халқым-ау шыдамның да шегі бар”, – деп жазды ол.
Әншінің айтуынша, оны түсірілімге Алматыдан Астанаға арнайы шақырған. Түсірілім бірнеше сағатқа созылғанымен, ақырында сол кадрлар телеарнадан көрсетілмеген.
“Хабар арнасында жұмыс істейтін, қара тізім туралы білмегендер Алматыдан шақыртып алып. Түсірілім барысында 5 әнімді орындадым, оны 8-9 оператор түсірді, қанша элекр қуаты кетті, 5-6 рет киім ауыстырдым, менің энергиям, қанша адамның еңбегі , қанша уақыты. Содан зым-зия жоқ! Көрсетпеді. Одан кейін былтыр жыл аяғында “Таңшолпан” бағдарламасы түсірді, оны да бермеді”, – деп жазды ол.
Меруерт Түсіпбаева өзі қатысқан шығарылымның қашан жарық көретінін жауапты адамдардан бірнеше рет сұраған, бірақ жауап ала алмапты.
“Жүргізуші соңғы рет сұрап жазғанда, жауап таппады ма, ұялып, оқымағандай болды… Қайсысын тізейін?! Халқым аман болсын! Оқырмандарым аман болсын! Жоқ дегенде Баянауылымның тарихында қаларым сөзсіз! Жанға бататыны қанша уақытың кетеді, түсіріп алып бермей қояды”, – деп қынжылды әнші.
Әнші тағы бір жазбасында жағымпаздану оған жат қасиет екенін айтты.
“Теледидардан көрсетпесе, атамнан әрі. Қайтемін, мен жағымпаздана алмаймын. Жақында сұхбат беріп, ақиқатты ашамын”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін әнші Алмас Кішкенбаев та белгісіз біреулер атын жойғысы келетінін айтып, қара тізімде екенін мәлімдеген еді.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты