Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа Конституция бойынша референдумның нәтижелері жарияланатын уақыт белгілі болды

Жаңа Конституция бойынша референдумның нәтижелері жарияланатын уақыт белгілі болдыФото: depositphotos.com

Орталық референдум комиссиясы дауыс берудің қалай өтетінін, дауыс санау қай уақытта басталатынын, қорытынды қашан жарияланатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Орталық референдум комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмовтың айтуынша, референдум бойынша дауыс беру 15 наурыз күні азаматтардың тіркелген жері бойынша 9799 учаскеде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. 

Сонымен қатар, 632 учаске әскери бөлімдерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, стационарлық емдеу-профилактикалық мекемелерде, тергеу изоляторларында және Қазақстанның шетелдегі өкілдіктері жанында жұмыс істейді.

"Егер тізімге енгізілген барлық азаматтар дауыс беріп үлгерсе, учаскелік комиссия дауыс беруді кез келген уақытта аяқталған деп жариялай алады", – деп түсіндірді ол.

Азамат Айманақұмов уақытша тұрған жерін ауыстырған азаматтар есептен шығару куәлігі арқылы дауыс бере алатынын еске салды. Бұл куәлік сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатын көрсетіп, жазбаша өтініш беруі негізінде учаскелік комиссия тарапынан беріледі.


Қазақстандық БАҚ Конституция бойынша референдумға қатысты сауалнама үшін айыппұл арқалады


Есептен шығару куәлігін дауыс беру күніне дейін 15 күн бұрын және дауыс беруден бір күн бұрын сағат 18:00-ге дейін алуға болады. Бұл ретте сайлаушылар тізімінде тиісті белгі қойылады.

"Бір елді мекен шегіндегі басқа учаскеде дауыс бергісі келетін азаматтарға есептен шығару куәлігі берілмейді. Есептен шығару куәлігінің бес таңбалы серия нөмірі болады. Жоғалған куәлік қалпына келтірілмейді және оның көшірмесі берілмейді. Осылайша, 27 ақпан мен 14 наурыз аралығында жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-ге дейін азаматтар тұрақты тіркелген жеріндегі учаскелік референдум комиссиясынан дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін ала алады", – деді Азамат Айманақұмов.

Сонымен қатар Азамат Айманақұмов дауыс санау қай уақытта басталатынын айтты. 

"Дауыстарды санау жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады, егер нақты учаскеде дауыс беру уақыты өзгертілмесе. Уақыт өзгерген жағдайда санау дауыс беру аяқталғаннан кейін бірден басталады", – деді Айманакумов.

Референдум оған дауыс беру құқығы бар азаматтардың жартысынан астамы қатысқан жағдайда өтті деп есептеледі. Референдумға шығарылған мәселе дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы қолдаған жағдайда қабылданды деп танылады.

Референдум қорытындылары Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылып, тиісті хаттамамен рәсімделеді. Нәтижелер туралы ресми хабарлама дауыс беру өткізілген күннен бастап жеті күннен кешіктірілмей, яғни 2026 жылғы 21 наурызға дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Жаңа Конституция қабылданған жағдайда қолданыстағы барлық заңдар мен нормативтік құқықтық актілер негізгі заңға қайшы келмейтін бөлігінде өз күшін сақтайды. Үкімет пен мемлекеттік органдар өз актілерін жаңа Конституцияға сәйкестендіруге тиіс. Конституциялық кеңес пен Конституциялық соттың қаулылары да жаңа құжатқа қайшы келмеген жағдайда қолданыста болады.

Еске салсақ, осыған дейін Жаңа Конституция бойынша референдумда бюллетені таныстырылған еді.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 18:43