"Директордың алдында жауап бересіздер": Қазақстандық мұғалімдер жаңа Конституцияны қолдауға мәжбүрлеп жатқанын айтты

Қазақстанда мектеп мұғалімдері басшылықтың жаңа Конституцияны қолдау үшін желіге фото салу туралы тапсырма бергенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, мұндай нұсқаулар мессенджерлер арқылы “шұғыл тапсырма” ретінде жолданған. Егер орындамаса жиналыста жауап беретінін ескерткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұғалімдер жіберген скриншоттарда хабарлама “қалалық әкімдіктің, Amanat партиясының шұғыл тапсырмасы” ретінде көрсетілген. Онда Instagram парақшасындағы аватарды https://twbnz.com/referendum2026 арнайы сілтемесінде тұрған дайын шаблонға ауыстыру талап етілген.
Скрин: twibbonize.com сайтынан
Сонымен қатар фотоны ауыстырған соң парақшаның сілтемесін Google кестеге аты-жөнімен бірге тіркеу керегі жазылған. Хабарламада нақты дедлайн белгіленіп, тапсырманы орындамағандардан директордың алдында түсініктеме алынатыны ескертілген.
“Дүйсенбі күні жиналыста өздеріңіз тұрып, директордың алдында жауап бересіздер! Тездетіңіздер”, – делінген хабарламалардың бірінде.

Фото: Редакцияға келген жеке хабарлама
Десе де мұғалімдер әлеуметтік желідегі парақшаның жеке кеңістік екенін, онда қандай сурет қоюды әркім өзі шешетінін айтып отыр.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне, Түркістан облысының әкімдігі мен Алматы қаласы әкімдігіне жүгінді.
Тиісті ведомство не дейді?
Оқу-ағарту министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің мәліметінше, Заңға сәйкес мұғалімдерді мұндай науқанға тартуға жол берілмейді
“Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес педагогтерді кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, оның ішінде әлеуметтік желілерді жүргізуге, жарияланымдар орналастыруға немесе ақпараттық науқандарға қатысуға мәжбүрлеуге жол берілмейді. Аумақтық департаменттер "Педагог мәртебесі туралы" Заңының талаптарын бұзу фактілері бойынша өтініштерді белгіленген тәртіппен қарап, тиісті шараларды қабылдайды”, – делінген хабарламада.
Ал Түркістан облысының билігі бұл жайттың өңірге қатысы жоқ екенін айтты.
Алматы қаласының әкімдігі мен білім басқармасы мұғалімдерге мұндай тапсырма берілмегенін айтты.
“Алматы қаласының білім басқармасы мұндай тапсырмалар, нұсқаулар немесе ұсынымдар білім беру ұйымдарына жолданбағанын ресми түрде мәлімдейді. Басқарма өз қызметінде Қазақстанның қолданыстағы заңнамасының нормаларын ғана басшылыққа алады. Білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды тек білім беру саласына қатысты әрі уәкілетті органның құзыретіне кіретін мәселелер шеңберінде жүзеге асырады”, – делінген хабарламада.
Басқарма мәліметінше, әлеуметтік желілерде жарияланымдарды орналастыру ұйымдардың дербес ақпараттық қызметіне жатады. Олар мұны өз бастамалары негізінде жүзеге асырады, дейді тиісті ведомство.
Қазақстандықтар не дейді?
Қазақстандықтар оқу орындарында мұғалімдерге, тіпті студенттерге де Конституцияны қолдау туралы тапсырма берілгенін жарыса жазып жатыр. Пікірлерге қарасақ мектептер мен университеттер ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер мен әскердегі сарбаздарға да осындай міндет жүктелген.
“Кешелі бері оқу орындарында жоғары жақтан тапсырма түсіп жатыр екен. Студенттерге ж/е мұғалімдерге Тhreads желісінде Ата заңды қолдаймын, жаңа Конституцияны қолдаймын деп жазыңдар, жазбасаңдар арты қиын болады деп айтыпты”.
Фото: Threads скрин
“Конституцияны өзгертеміз” деп мұғалімдерге плакатқа жазып, видео түсіру туралы тапсырма берді дегенді оқып қалдым. Енді әскердегі інілеріме дейін видео түсіріңдер депті. Сонда адамның өз еркі, құқығы қайда қалды”.
Фото: Threads скрин
“Анам мектепте мұғалім. Жаңа конституцияны қолдаймын деп Facebook, Instagram-ға салыңдар, скрин жіберіңдер деп басшылық тапсырма беріп жатыр екен. Әлі жететіндері мұғалім мен дәрігер әйтеуір”.
Фото: Threads скрин
“Мемлекеттік қызметкерлерге тапсырма келіп жатыр екен. “Мен жаңа Конституцияны қолдаймын” деген жазуы бар фотоны Facebook парақшаларыңа салыңдар депті. Бәрі жаппай бір шаблонмен ауыстырып жатыр? Сонда мемлекетке жұмыс жасағаның үшін, осылай қаласаң да, қаламасаң да айтқандарын жасай беремсің бе? Қара халықтың қарсы болғаны ешкімді қызықтырмай ма?”.
Фото: Threads
“Бүгін университетте референдум туралы ашық айтылды. Қазақ тілі әдебиеті мамандығында оқимын. Апайларымыздың бәрі қазақ тілі мамандары. Орыс тілі мен қазақ тілі тең емес қатар жүруіне бәрі қарсы. Бірақ, өкінішке қарай басшыларының арқасында қарсы емес. Солай барлық университет қарсы емес. Олар билікпен қанша сөз таластырғанымен, адам көріп жатқан жоқ. Шешіліп қойған мәселе,т ыныш қана барып дауыс беріңдер немесе... деп отыр. Грантта оқитын барлық студентті де міндеттеп қойды”.
"Директордың алдында жауап бересіздер": Қазақстандық мұғалімдер жаңа Конституцияны қолдауға мәжбүрлеп жатқанын айтты