Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарына жіберіледі

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Алматыда БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясына аттанғалы жатқан қазақстандық бітімгерлермен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дәурен Қосанов III ұлттық бітімгерлік контингенттің әскери қызметкерлерімен кездесті. Бөлімше командирі подполковник Ілияс Алматов жеке құрамның қойылған міндеттерді орындауға әзірлігі туралы баяндады. Ал министр алдағы сапардың жауапты әрі маңызды екенін атап өтті.
“Дайындық халықаралық стандарттарға сай жүргізілуде. Жеке құрам миссия аймағына аттануға толық дайын. Бітімгерлік операцияға қатысу үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Қазақстандық контингент ел басшылығы мен БҰҰ миссиясы қолбасшылығының сенімі мен құрметіне ие. Сіздер елімізді лайықты түрде танытасыздар деп сенемін”, – деді авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.
Министр қазақстандық бітімгерлердің қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесін атап өтті. Сол күні Армия үйінде "Қазақстан ГАЖ орталығы" АҚ басқарушы директоры Нұркен Ержанов министрге Defence Tech кеңсесін таныстырды. Бұл – қорғаныс саласына арналған инновациялық орталық, онда жаңа идеяларды жасап, сынап көріп, тәжірибеде қолдануға дайындайды. Орталық Қорғаныс министрлігі, ғылым саласы және стартаптармен бірге жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, бұған дейін 2024 жылдың наурыз айында Қазақстандық бітімгершілер "БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері" құрамында Голан жоталарына аттанған еді. Оның құрамында 139 әскери қызметкер бар.
Қазақстандық төреші Олимпиадада ресейлік спортшының балын негізсіз көтеріп, өз елінің спортшыларына төмен ұпай қойған