Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Долларға сенім жоғалуда: Трамп бір жыл ішінде әлемдік валютаның беделін қалай әлсіретті

Фото: Getty Images

Соңғы айларда әлемде долларға деген сенім күрт төмендеп, экономистер де, шетелдік инвесторлар да, бұрын қауіпсіз саналған АҚШ валютасына күмәнмен қарауда. Бұған Дональд Трамптың ішкі және сыртқы саясаты себеп болып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды.    

Неліктен доллар әлсіреп кетті?

Доллар әлемдегі ең басты валютаға айналды, себебі АҚШ экономикасы, саясаты және әскери күші мықты болды. Бірақ Трамп екінші мерзімге келгеннен кейін оның қатаң ішкі және сыртқы саясаты бұл сенімге сызат түсірді.

Сауда соғыстары, одақтастармен жанжал, мигранттарға қысым, Конгресс пен соттарға, орталық банкке қарсы шабуылдар, мемлекеттік қарыздың өсуі мен бюджет тапшылығы – осының бәрі доллардың тұрақтылығына деген сенімді әлсіретті. Соның салдарынан өткен жылы доллар шамамен 10% арзандады, биыл да төмендеу жалғасып жатыр.

Екіге бөлінген сарапшылар пікірі

Марк Собел мен Стивен Камин доллар әлсірей бастағанын айтып, “Трамптың ретсіз саясаты долларды болашақтағы дағдарыстарға төтеп бере алмайтындай әлсіретіп жатыр”, – деді.

Ал Робин Брукс бұл пікірмен келіспейді.

"Доллар қазір әлсіз көрінеді. Бірақ оның әлемдік резервтік валюта ретіндегі мәртебесіне жақын уақытта қауіп жоқ", – деді ол.

Euroclear компаниясының басшысы Валери Урбен "2025 жылы Азия, Қытай және Таяу Шығыстан келген клиенттер АҚШ-қа инвестиция салудың баламасын белсенді түрде іздеп жатыр", – деді.

Нобель сыйлығының лауреаты Пол Кругманның айтуынша, қаржы нарықтары АҚШ-қа деген сенімін біртіндеп жоғалтып жатыр. Бірақ әзірге мұны жаппай дүрбелең деп айтуға болмайды.

Трамп долларға қалай әсер етті?

Трамптың саясаты доллардың мықтылығына тірек болған негіздерді әлсіретті.

АҚШ бұрынғыдай сенімді одақтас және тұрақты серіктес ретінде көрінбей қалды. Сауда соғыстары, Гренландия мен Панамаға қатысты мәлімдемелер, Еуропадағы радикалды саясаткерлерді қолдау, Украина мәселесіндегі ұстаным, НАТО-ға қысым және Канадамен жанжал – мұның бәрі елдің беделіне әсер етті.

Сонымен қатар мемлекеттік қарыздың өсуі, бюджет тапшылығы, салықтарды азайту және орталық банкті сынау да жағдайды қиындатты. Бұл АҚШ-тың облигацияларына деген сенімді әлсіретті.

Экономистердің айтуынша, егер инвесторлар АҚШ қарызын қайтара алады ма деген сұрақ қоя бастаса, доллардың әлемдегі басты валюта ретіндегі позициясы әлсіреуі мүмкін.

Долларға тек сыртқы саясат емес, ел ішіндегі жағдай да ықпал етіп отыр. Құқықтық жүйеге қысым жасау, Конституция талаптарын жиі сынау және президенттің ірі бизнеспен байланысты даулы әрекеттері шетелдік инвесторларды алаңдатуда. Соның салдарынан инвесторлардың АҚШ-тағы тұрақты әрі әділ экономикалық жүйеге деген сенімі әлсірей бастады.



Шетелдік инвестициялар мен доллар

Доллардың мықтылығы көп жағдайда шетелден келетін инвестицияға байланысты. АҚШ жыл сайын шамамен 1,2 триллион доллар көлемінде сыртқы қаржыға мұқтаж. Алайда соңғы жылдары Трамптың саясаты Еуропа елдерін долларға тәуелділікті қайта ойлануға итермеледі.

Бұрын долларға салынған инвестициялар ең сенімді әрі тұрақты құрал саналды. Қазір бұл сенім әлсіреп, инвесторлар ақшасын әртараптандыруға, яғни басқа валюталар мен нарықтарға бөле бастады.

Доллардың болашағы

Соған қарамастан сарапшылар доллар толық құлдырайды деп есептемейді. Олардың пікірінше, доллардың орнын еуро да, юань да баса алмайды. АҚШ-тың қаржы жүйесі әлі де әлемдегі ең ірі әрі ашық жүйе болып отыр.

Алайда Трамптың шешімдері тәуекелді күшейтіп отыр. Сарапшылар бірнеше ықтимал қауіпке назар аударады:

  • Орталық банкті пайыздық мөлшерлемені күштеп төмендетуге итермелеу; 
  • Бюджет тапшылығы бола тұра, сайлаушыларға қосымша төлемдер жасау;
  • Мемлекеттік қарыз шарттарын шектеу немесе қайта қарау.

Осындай қадамдар доллардың тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін.

STAN.KZ
Жексенбі, 22 Ақпан, 2026 19:01