Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Табиғаттың сыйы": Бетінде үлкен меңмен туған Холбек Мұстаев ерекшелігі жайлы айтып берді

Холбек МұстаевФото: instagram.com/xolbek_xonturaevich/

Жақында желіде танымал фотограф бетінде үлкен меңі бар жігіттің видеосын жариялады. Фотограф қоғамдық тамақтану орнында жұмыс істейтін Холбек есімді қарапайым жігіттің модель болып, әлемдік аренадан бой көрсеткісі келетінін жазды. Оқиға желіде тез тарап, қолданушылардың қызу талқысына түсті. Осы тұста Stan.kz Холбекпен сұхбаттасып, оның ерекшелігі мен арманы туралы әңгіме жүргізді.

Холбектің видеосын алғаш рет латвиялық фотограф Эндрю Поплавски әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеді.

Оның сөзінше, Холбек бала кезінен меңін кемшілікке теңеген, ал жақында ойын өзгертіп, оны табиғаттың сыйы ретінде қабылдаған.

Жігіттің модель ретіндегі алғашқы тәжірибесі қолданушыларға ерекше әсер қалдырды. Кейбірі тіпті Холбекті Louis Vuitton, Prada сияқты әлемдік брендтердің моделі болуы керек деп санайды. 

“Шынымды айтсам, мең оған жарасатын секілді. Фотосессиясы өте стильді шыққан!”, “Қандай сымбатты жігіт, ерекше, ғажап, өзге ғаламшардан келгендей. Louis Vuitton, Prada сияқты брендтер сізді байқаса екен деп қатты үміттенемін, өйткені сіздің бет-бейнеңіз керемет, өте нәзік, ерекше жүз! Оны бүкіл әлем көруі керек”, “Ол тура “Аватардағы” ханзада Зуко сияқты! Өте сымбатты жігіт”, “Нағыз өнердің бейнесі”, – деп жазған олар.

Холбектің оқиғасы

21 жастағы Холбек Мұстаев Өзбекстанда дүниеге келген. Бүгінде Латвияның астанасы Ригада тұрады, студент. 

Ол дүниеге бетіндегі меңімен келген, айтуынша, мең кішіреймейді, өспейді, қазіргі күйінде қалады.

“Медициналық тұрғыдан алғанда, менің меңім толық қауіпсіз саналады. Тума дақтардың көптеген түрі бар, ал менікі денсаулыққа ешқандай қауіп төндірмейді. Жарықта жүрсем де, басқа кез келген жағдайларда да қандай да бір әсері жоқ”, – дейді ол.

Холбек бетіндегі меңін жақсы көретінін, тіпті мұндай ерекшелігі барына қуанышты екенін жеткізді. Өйткені бұл мең оны өзгелерден даралайды. 

“Мен тума меңімді толық жақсы көремін және дәл осындай болып туғаныма өте ризамын. Ол мені ерекше етеді, өзгелерден даралайды. Мен оны әрқашан мәселе не қиындық ретінде емес, жағымды әрі бірегей ерекшелік ретінде қабылдаймын”, – дейді ол.

Кейіпкеріміздің сөзінше, мең ешқашан жұмысында да, басқа жағдайларда да кедергі келтірген емес. Ал жақындары мен айналасындағы адамдар меңді байқамайды да екен.

“Бәріміз де ересек адамдармыз ғой, сондықтан менің туғаннан бар меңім айналамдағы адамдарға ерекше әсер қалдырады деп ойламаймын. Әдетте адамдар оны байқамайтындай, маған қалыпты қарайды”, – дейді ол.

Ол бетіндегі меңі модельдік мансап туралы ойлануына түрткі болған басты себеп екенін ашық айтты. Осылайша, Холбек балалық арманы – модель болу арқылы ерекшелігі бар адамдарды көпшілікке көрсеткісі келеді.

Сондай-ақ кейіпкеріміз өмірде бір істі бастауға кедергі келтіретін жалғыз күш – адамның өзі деп санайды. 

Меніңше, бір істі жасауға кедергі болатын жалғыз нәрсе – өзіміз. Модельдік сала өте кең, өзіне сенетін әрі белгілі бір стандарттарға сай келетін кез келген адам модель бола алады. Әсіресе, менің жағдайымда – мен өзгеше адамдардың бейнесін көрсетіп, көпшіліктің назарын аудара аламын”, – дейді ол.

Холбек кейінгі кезде фотографтардан бірқатар ұсыныс түсіп жатқанын айтты. 

“Өзімді модельдік салада тәжірибем бар деп айта алмаймын, бірақ фотографтардан бірге фотосессия жасау жөнінде ұсыныстар болды. Солардың біреуімен жұмыс істеп көрдім, әрі ол түсірілімдер әлеуметтік желілерде көп қаралым жинады. Енді өзге ұсыныстарға да ден қойғым келеді”, – деді ол.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 18:49