Қазақстандық әйел декретке шыққандағы қателігі үшін мемлекетке ақшасының бір бөлігін қайтарған

Желіде Қостанай облысы, Рудный қаласының тұрғыны Мадина Елубайқызы декретке шығар алдында жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жүріп, кейін мемлекетке 126 мың теңге қайтаруға мәжбүр болғанын айтты. Жүкті кезінде торт пісіріп сатқан ол зейнетақы қорына артық төлем жасағанын байқап, ақшасын кері алған. Алайда бірнеше жылдан кейін оған “мемлекетке залал келтірдіңіз” деген хабарлама келген. Мадина Stan.kz тілшісіне бұл жағдайдың қалай болғанын және қандай қателік жібергенін айтып берді.
“Торт пісіріп сататындықтан жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім”
Мадинаның айтуынша, бәрі 2021 жылы жүкті екенін білген кезде басталған. Сол сәтте ол үйден тапсырысқа торт пісіріп, Instagram арқылы сатып жүрген.
“Бұл кезде торт пісірумен айналысып, табыс таба бастадым. Алайда ресми түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген едім. Сосын маған: “салық төлемей ұсталып қалсам айыппұл салмай ма?" деген ойлар келе бастады. Сөйтіп жүргенімде жүкті екенімді білдім. Алда декрет күтіп тұрғасын түрлі кеңестер алып жүрдім. Сосын “жеке кәсіпкерлігімді неге декретке қолданбасқа әрі табысымды таза түрде көрсетіп салығымды төлейін” деген ой келді. Осылайша кәсіпкерлігімді заңды түрде тіркедім”, – деді ол.
Мадина жеке кәсіпкерлікті өзге әйелдер сияқты “миллионмен декретке шығу үшін” пайдаланбағанын жеткізді. Ол шотқа көбірек ақша салып, табысын көп етіп көрсетуге де тырыспаған екен.
“Мен табысымды қолдан көбейткен жоқпын. Торттың тапсырысынан түскен нақты табыс ай сайын шамамен 170 – 200 мың теңге аралығында болды. Ал декретке жоғары төлем алу үшін көрсетілетін максималды табыс 450 – 490 мың теңге шамасында еді. Мен қанша тапсам, сонша көрсеттім. Барлық төлемдерді – зейнетақы, әлеуметтік аударым, МӘМС-ті заңды түрде төледім. Ақшамның 10%-ын зейнетақы қорына, 3,5%-ын әлеуметтік қор мен МӘМС-ке, заңды түрде беріп отырдым”, – деді ол.
“Жеке кәсіпкер болып жүргенде зейнетақы қорына артық ақша аударыппын”
2022 жылдың мамыр айында Мадина декретке шығып, көп ұзамай жеке кәсіпкерлігін жабады. Сол кезде ол зейнетақы аударымдарын артығымен төлеп қойғанын біліп, артық бөлігін қайтарып алуға болатынын естиді.
“Ол кезде зейнетақы қорына қатысты бөлек заң және әлеуметтік сақтандыруға байланысты бөлек заң жұмыс істеп түрды. Яғни қаражатты әлеуметтік сақтандыруға максималды түрде, зейнетақы қорына минималды түрде салып, декретке шыға беруге болатын еді. Ол кезде декреттің кірісіне тек әлеуметтік сақтандырудағы салынған ақшаның мөлшері есепке алынатын. Ал мен зейнетақы қорына да ақша аударған едім. Сосын соған салғандарымды қайтарып алсам болады ғой деген ой келді”, – деп қосты келіншек.
Мадина зейнетақы қорына бұрын ай сайынғы табысына қарай кейде 18 мың, кейде 21 мың теңгеден салып отырған. Кейін сол ақшалардың жартысына жуығын қайта қайтарып алуға болатынын естіген.
“Мамыр айында декретке шықтым. Маусым айында маған декреттік төлем тағайындалды. Декретке шыққан соң жұмыс істемеймін деп, жеке кәсіпкерлігімді жабуға шешім қабылдадым. Кәсіпкерлікті жапқан кезде қарыздар шықты, оларды өтедім. Сосын қарыз шыққасын бұл саланы әлі де зерттеу керек екенімді түсіндім. Сосын өзім үшін курстар алып, кәсіппен айналысу бағытын зерттей бастадым. Оқып жүргенде жанымдағы әйелдерден зейнетақы қорына ақшаны көбірек салған болсам, декретке шығып кеткеннен кейін де артық салынған соманы қайтарып алуға болады деген ақпаратты естідім. Осылайша салған ақшамның жартысына жуығын яғни: бір айға 18 мың теңге салсам, оның 12 мың теңгесін кері қайтардым. Ал кей айда 21 мың теңге салған болсам, оның 18 мың теңгесін қайта шешіп алдым. Осылай төрт-бес айдың ғана артық төлемін алдым. Сол кездегі заңмен қарасақ, бұл жағдайды ешқандай құқық бұзушылық жоқ. Сондықтан алда қиындықтар болады деп тіптен ойламаппын”, – деп қосты Мадина.
“126 мың теңге залал: Прокуратурадан хат келді”
Алайда арада біраз уақыт өткен соң, 2023 жылдың желтоқсан айында келіншекке Рудный қаласының прокуратурасынан хабарласады.
“Мені прокуратураға шақырды. Барсам, “мемлекетке залал келтірдіңіз” деді. Мен ол кезде екі түрлі заң жұмыс істегенін, бәрін сол кездегі талапқа сай жасағанымды түсіндірдім. Бірақ соттасатындай үлкен сома болмаған соң, төлеуге келістім”, – дейді ол.
Нәтижесінде Мадина мемлекетке шамамен 126 мың теңге қайтаруға міндеттелген. Бұл сома үш айға бөлініп төленетін болады.
“Қазір ай сайын 42 мың теңгеден төлеп отырмын. Себебі соттассам да мен декретке шыққан кезде екі түрлі заң жұмыс істеді. Ал үкімет қазір сақтандыру қорына байланысты өзгерістермен жұмыс істеп жатыр.
Менің жағдайым жалғыз емес. Таныстарымның арасында да осындай жағдайға тап болғандар бар. Бір әйелдің бухгалтері екі айлық төлемді қайтарып алған. Соның салдарынан балаға берілетін жәрдемақы тоқтатылып, кейін түгелдей қайтару талап етілген”, – деп қосты ол.
Сөз соңында Мадина басқа да өзі секілді аналарға кеңесін айтты.
“Егер нақты кәсібіңіз болмаса, тек декрет үшін жеке кәсіпкерлік ашпаған дұрыс. Машақаты көп. Тіпті бухгалтерге сенсең де, бәрін өзің қадағалау керек. Ең бастысы – төленген төлемдерді кейін қайтарып алмау. Барлығын заңды, адал жолмен жасаған дұрыс. Баланың несібесі адалынан келгені дұрыс”, – деп түйіндеді ол.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда кәсіпкерлер төлейтін әлеуметтік аударымдардың схемасы өзгерді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселе бойынша Әлеуметтік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Заң жобасыда жеке кәсіп ашқан әйелдер декреттік төлем алу үшін өз табысынан зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды бірдей мөлшерде төлеуге міндеттелген.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде ер адамдардың да декрет демалысы еңбек өтіліне есептеле бастайтыны туралы жазған едік.
@madina_elubaykyzy ♬ оригинальный звук - Мадина Елубайқызы
Алматыда оқу ақысы 5 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген