Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жас отбасы қаладағы жайлы өмірін тастап, Алматыдан 600 шақырым жерде орналасқан ауылға көшкен

 Гауһар Әубәкірова отбасыменФото: Жеке архив

Желіде қаладағы жайлы жұмысы мен баспанасын тастап, Алматыдан 600 шақырым қашықтықта орналасқан ауылға екі баласымен көшкен 25 жастағы ерлі-зайыптының оқиғасы қызу талқыланып жатыр. Ауылдың шамамен 1000 шақты тұрғыны, бар болғаны 8 дүкені бар екен. Ал ол елді мекенде отбасының бірде-бір туысы жоқ көрінеді. Stan.kz ауылға қоныс аударған Гауһар Әубәкіровамен сұхбаттасып, неліктен мұндай шешім қабылдағанын және бірнеше айда өмірлері қалай өзгергені туралы білді.

Гауһар Әубәкірова Алматыда, ал жолдасы Рустам Петропавлда туып-өскен. Гауһардың айтуынша, ол өмір бойы қалада тұрған. Ауылда тұрамын деп ешқашан ойламапты.

“Ауылға тек туыстарымызға қонақ болып бармасақ, тұрып көру тәжірибесі болмаған екен. Соның өзінде ол кісілер қонақсың деп үйдің тірлігіне аса араластырмаған”, – дейді ол.

Отбасы қазір Алматыдан 600 шақырым жерде орналасқан Жетісу облысы, Алакөл ауданының “Екінші Швейцариясы” атанған Жыланды ауылында тұрады. Олар мұнда екі баласымен көшкен, тұңғыш қызы 4 жаста, ұлы 2,5 жасар. Ауылға көшіп келгеннен кейін кенже ұлын босанған, ол бүгінде 3 айлық.


2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды


Кейіпкеріміз жолдасымен 2019 жылы жоба аясында танысқан, екеуі де білім саласында қызмет атқарған. Гауһар білім ордасында ұйымдастырушы болса, ал Рустам балалар мен жасөспірімдердің дамуы бойынша тренер: сенімділікке, көшбасшылыққа, командада жұмыс істеуге үйретеді және телефонға тәуелділікпен күресуге көмектеседі. Екеуі бірігіп жазда лагерь ұйымдастырған.

Гауһар Әубәкірова отбасыменФото: Жеке архив

Ауылға көшуге не түрткі болды?

Гауһар мен отбасы Алматыда жалдамалы пәтерде тұрған.

Былтыр жазда Рустам жұмыс бабымен Жетісу облысындағы ауылдың біріне барған. Бір жағынан ауылдың табиғатына ғашық болыпты, екінші жағынан жергілікті “ауыл жанашырларымен“ танысып, өмірлік миссиясы мен мақсаттары ортақ екенін түсінген. Осылайша, ол 8 жыл бойы жиналған тәжірибесін сонда дамытуға бел буған.

“Ауылға көшу туралы ойын ең алғаш рет сол кезде бөлісті. Өмір бойы қалада тұрған, ауыл өмірінің қыр-сырын білмейтін мен үшін тіпті бұл туралы ойланып көрудің өзі қорқынышты болды. Екі кішкентай баламыз, аяғы ауыр менің көшуім, босануым қалай болады деген ойлар күнде мазалады”, – дейді Гауһар.

Бір айдан кейін екеуі отбасымен ауылға барып, көріп-танысып қайтуды ұйғарған. Дәл сол кезде ауылда болашақ инженерлерге арналған фестиваль өтіп жатқан. Онда еліміздің беделді университеттері мен мықты лицейлерінің жастары өз қолдарымен құрастырған болидтерімен (жарыс көлігімен) жарысқа түседі.

Осы сәтті көрген ерлі-зайыпты ауылға көшеміз деп нақты шешім қабылдаған.

“Мұндай ауқымды республика көлеміндегі іс-шараның мыңға жуық тұрғыны бар жай ғана ауылда өтіп жатқаны бізді таңғалдырды. Әрине, мұның бәрін көре тұра жақсылыққа жаны құмар, дамуды қалайтын ортаға көшуге келістім”, – деді ол.

Гауһардың сөзінше, олар кейінгі сегіз жыл бойы тек қалалық жасөспірімдермен жұмыс істеген. Ауылға көшеміз деп шешім қабылдаған кезде жиналған тәжірибені ауыл жастарына бөлісуге ниет еткен.

Гауһар Әубәкірова отбасыменФото: Жеке архив

“Барлық жиған-тергенімізбен көштік”

Ол балалармен көшу еш қиындық тудырмағанын айтты. Өйткені олар ауылға алдын ала екі рет барып, танысып қайтқан. Екі сапарда да балалар ауылды қатты ұнатыпты.

“Қоршаған орта, еркіндік, жануарлар, таза қазақша сөйлейтін орта оларға жақты. Біз балаларымызбен қазақша сөйлесеміз. Қалада бір-бірін қатты түсініп, бірге ойнайтын балалар көп болмады. Ал бұл жақта өздерін өте жайлы сезінеді”, – дейді ана.

Гауһар қаланың у-шуынан, кептелістен, көлік қоятын орын тапшылығы сияқты күйзеліс тудыратын факторлардан арылып, табиғатқа жақын өмір сүру көңілге тыныштық сыйлағанын айтты. Соның арқасында отбасында жаңа дәстүрлер қалыптасқан.

Бала тәрбиесіне деген көзқарастары да тұрақталған.

“Балалардың үй шаруасына белсенді араласуы арқылы физикалық еңбектің олардың тұлға болып қалыптасуына оң әсер ететінін тәжірибе жүзінде көріп отырмыз. Бұл – баланы жай ғана қара жұмысқа салу емес, жауапкершілік алып, іске араласуының нәтижесінде ойлау қабілеті мен мінезін шыңдау, бойындағы табандылықты қалыптастыру және қателесуден қорықпауға үйрету”, – дейді ол.

Гауһар Әубәкірова отбасыменФото: Жеке архив

Отбасыға біршама уақыт бұрын жергілікті меценат шақырған ұстаздарға арнап салынған 10 үйдің бірі берілген.

“Жарты жыл ішінде орнығып алдық, қаладағы бүкіл дүниемізбен, жиған жиһаз-техникамызбен осындамыз. Өзімізге ауыл өмірі ұнап жатыр. Біз негізі бұл жаққа бір бағдарлама аясында я жайдан-жай келе салмадық. Ортақ мақсаты бар, мүдделес жандардан шақырту алып, олардың қолдауымен ауылды дамытып жатырмыз”, – деді ол.

Кейіпкеріміз қазір декрет демалысында, ал жары дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта тренерлік қызмет атқарады. Оқушылар, мұғалімдер, ата-аналарға арналған көшбасшылық, өзіне деген сенімді арттыру, командалық жұмысты меңгеру сияқты тақырыпта практикалық білім береді.

Жас ана Жыландыға отбасымен ғана емес, мақсаттас екі маманмен бірге көшіп барған.

“Командамыздағы екі жалындап тұрған, көзінде оты бар, балалар және жасөспірімдермен жұмыс істеу мамандары келді. Олар куратор болып істейді. Мұнымен қоса командамыз жастар арасындағы цифрлық тәуелділіктен арылу, уақытты тиімді өткізу сияқты үлкен мәселелермен айналысып жатыр”, – дейді Гауһар.

Ауыл жайлы

Гауһар Жыланды ауылын таудың бөктерінде орналасқан жайлы, өмір сүруге, дамуға қолайлы, әрі қолдау табатын мекен ретінде сипаттады. Оның сөзінше, қылмыс деңгейі нөлге тең, дүкендерінде 10 жылдан астам уақыт алкоголь сатылмайды екен, ал ақсақалдар алқасының беделі жоғары.

“Мұндағы халық дамуды, өсуді, білім алуды тұрғылықты қолдайды. Ебін тапқан адамға керемет ауыл”, – дейді ол.

Әубәкірова жергілікті білім беру деңгейі жайлы да сөз қозғады. Оның айтуынша, ауылдағы мектепке еліміздегі ірі білім ордалары қолдау көрсетеді. Бұған қоса, ауыл мектебі робототехникамен кәсіби түрде айналысады екен.

“Республикалық физико-математикалық мектептің командасын әлемдік чемпионатқа дейін жеткізіп, жүлделі орынға дейін баптаған менторы қазір Жыланды ауылының “Water 7” командасын жинақтап, болашақ инженерлермен жұмыс істеп жатыр. Бұл дарынды балалар Азия чемпионатына қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен. Енді Астанада өтетін 7 мемлекеттен келген 5000-нан астам қатысушының басын біріктіретін ALEM TECH FEST-те бақ сынасады”, – дейді ол.

Сонымен қатар халықаралық робототехника жарысына ауыл атынан 4 жастан 18 жасқа дейінгі 40 оқушы, сондай-ақ балабақша тәрбиеленушілері қатыспақ екен.

Гауһар Әубәкірова отбасыменФото: Жеке архив

Елді мекенде мәдениет үйі мен спорт кешені жөндеуден өткен, қазір жұмыс істеп тұр. Спортпен шұғылданатын арнайы уақыт та белгіленіпті.

“Бірнеше аймаққа бөлінген керемет саябақ бар, балаларға арналған ойын алаңы, от жағатын орны, ересектерге арналған алаңы бар. Жақын жерде табиғат аясында да арнайы орындар қарастырылған. Ол жаққа ауыл жанашырлары, мектеп түлектері қосылып, демалысқа арналған самалжай, тамақ әзірлейтін орындар ұйымдастырған”, – дейді ол.

Кейіпкеріміз сондай-ақ ауыл тұрғындарының қонақжайлығы мен бір-біріне деген бауырмалдығына ерекше тоқталды. Оның сөзінше, ауылға жүкті кезінде көшкендіктен, көршілері келіншектің жеріктігін байқап, жиі-жиі қонаққа шақырып, үнемі көңілін көтеруге тырысқан. Тіпті перзентханадан шығар сәтте де жанынан табылыпты.

“Ал босану уақытым жақындағанда Үшарал қаласындағы перзентхананы таңдадық. Еш қателеспеппіз, аналарға деген қарым-қатынасы, күтімі, тамағы, барлығы жоғары деңгейде екен. Жол алыстығына байланысты жақындарымыз, туыстарымыз келе алмады. Бірақ жалғызсыратпай перзентханадан “ауыл жанашырлары” болып күтіп алды. Мен үшін өте қымбат, әрі есте қаларлық сәттер – осы”, – деді ол.

Гауһар Әубәкірова отбасыменФото: Жеке архив

Болашаққа жоспар

Гауһар қалаға қайту туралы сұрақ қойылғанда Жыланды ауылында тұрақтау туралы ниетін жеткізді. Өйткені, сөзінше, ауылдағы өмір отбасы мүшелеріне ұнап та, жағып та жатқан көрінеді.

“Қалада туған-туысымыз, жанымызға жақын жандар бар. Ол жақпен байланыс үзілмейді ғой. Бір-екі ай сайын сағынышымызды басуға барып тұрамыз. Жұмыс бабымен де барып жүргеніміз әзірше жеткілікті”, – деді ол.

Әңгіме соңында кейіпкеріміз бүгінде күйеуі екеуі айналысып жүрген ісі жөнінде де айтып берді. Олар білім саласының майталмандары, ауылға әртүрлі кезеңде жан-жақты көмек көрсетіп жүрген қайраткерлермен сұхбаттасып, “Неге Жыланды” атты подкаст түсіріп жүр екен. 

“Мақсатымыз – өз тәжірибемізді басқа ауылдарға бөлісу, оларға да септігімізді тигізу”, – деп тәмамдады ол.

Айта кетейік, бұған дейін ауылда мал бағып жүріп, ағылшын үйренген 16 жастағы қазақстандық тіл арқылы 6 миллион теңгеге дейін табыс табуға болатынын айтқаны хабарланған еді.

STAN.KZ
Жұма, 06 Ақпан, 2026 19:07