Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістандық кәсіпкер жоғары лауазымды полиция қызметкерлерін өз компаниясына тиесілі жүк көлігін ұрлады деп айыптады

Фото: Instagram скрин

Түркістандық кәсіпкер айыппұл тұрағынан компаниясына тиесілі екі жүк көлігі ұрланғанын айтып, іске полицейлерді кінәлап отыр. Себебі, олар екі жүк көлігін айыппұлсыз өткізу үшін инвестордан 200 мың доллар пара сұраған. Қомақты қаржыны беруге келіспеген соң, 2 миллион доллар тұратын майнинг жабдығы із-түзсіз жоғалып кеткен. Әділдік іздеп жүрген кәсіпкер істің мән-жайын Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Бәрі неден басталды?

Желіде ASAU SECURITY агенттігінің иесі Назарбай Әбдібеков 2024 жылы 11 қарашада Түркістан облысы, Түлкібас кентіндегі айыппұл тұрағынан компаниясына тиесілі жүк көлігі ұрланғанын хабарлады.

“Ақтауда ірі майнинг фермасына иелік ететін қытайлық инвестор электр энергиясы арзанырақ болған соң, жабдықтарын Талдықорғанға көшіруді шешті. Ал Талдықорғанда маған тиесілі майнинг алаңы бар еді. Келісім бойынша жүк көліктері Талдықорғанға жеткен соң ғана жабдықты қабылдап, күзетке алуым тиіс болған. Алайда құны шамамен 2 миллион доллар болатын жабдық межелі жерге жетпей қалды”, – дейді күзет агенттігінің иесі. 

Себебі жолда жүк көлігін полиция қызметкерлері тоқтатып, бірнеше сағат бойы заңсыз ұстап отырыпты. 

“Алматыдан шыға берісте полиция алғашқы жүк көлігін тоқтатқан. Хаттама толтырып, көлікті бірден жібере салудың орнына, Royal Petrol жанармай құю бекетіне апарған. Жүк көлігін сол жерде 4 сағат бойы заңсыз ұстаған. Осы кезде жанармай бекетіне қытайлық инвестордың танысы Валиев Эльбаги келген. Ол мәселені полициямен "шешіп беру" үшін 100 мың доллар (49 166 000 теңге) сұраған. Себебі полиция электронды нұсқалары болса да, жүкке кедендік декларация жоқ деген сылтау айтқан. Жүгінің заңды екеніне сенімді инвестор бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартқан. Сосын барлық құжат дұрыс екенін айтып, полицияға жүкті айыптұраққа қоюды ұсынып, кейін заңды жолмен алып кететінін жеткізген”, – дейді кәсіпкер. 

Әбібековтің сөзінше, полиция алдау жоспары іске аспаған соң “В жоспарына” көшкен. Олар жүк көлігін жанармай бекетінен Қонаев қалалық полиция басқармасының айыптұрағына алып барыпты. Сосын жүктің ұсталуын заңдастыру үшін инвесторларға қатысты “заңсыз кәсіпкерлік” бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

“Осы уақытта екінші көлік Түркістан облысындағы Машат асуында тіркемедегі қосымша жарық үшін тоқтатылған. Олардан да 120 мың доллар (58 999 200 теңге) көлемінде пара талап еткен. Көлікті полиция қызметкері Мурад Бакуридзе және сол кездегі Түлкібас аудандық полиция бөлімінің есірткімен күрес басқармасы бойынша орынбасары, подполковник Абзал Аитов тоқтатқан. Осылайша олар көлікті жергілікті айыптұраққа жеткізген”, – дейді күзет агенттігінің иесі. 

Назарбай Әбдібековтің айтуынша, жүк көлігінің ішіндегі жабдықтар жоғалған. Кейін ол заттарды Шымкенттен жеке үйден тауып алған.

“Жүк көлігі Машат асуында ұсталғаннан екі күн өткен соң айыптұраққа Алмасбек Мавланов барды. Ол 15 000 теңге айыппұлды төлеп, көлікті айыптұрақтан заңды жолмен алып кетті. 20 қараша күні жабдықтың жоғалғанын білдім. Жеке жүргізілген тексеру барысында 418 аппарат Шымкенттегі жеке үйден табылды. Оларды Ресейге жөнелтуге дайындап жатқан екен. Алайда 751 аппарат із-түзсіз жоғалып кетті”, – дейді күзет агенттігінің иесі. 

Әбдібековтың айтуынша, бұл іске полиция қызметкерлерінің қатысы бар. Себебі, екі жол полиция қызметкері жүкті айыппұл тұрағына өздері қойған екен. 

“Іске қатысы бар тұлғалар: Шымкент полиция департаментінің есірткіге қарсы күрес басқармасының басшысы және бұрынғы полиция подполковнигі Аитов Абзал. Сондай-ақ өзін полицей ретінде таныстырған Бакуридзе Мұрат. Бұл іске қатысты күдіктілерді өзім анықтап, бүкіл дәлелді өз бетімше таптым. Түлкібас ауданында Берік есімді жедел уәкілмен бірлесіп жұмыс істедім. Дегенмен, осы уақыт ішінде істі бұрмалау үшін түрлі әрекет жасалды”, – дейді кәсіпкер. 

Кейін күзет агенттігінің иесі полицияға ұрлық істелгені туралы арыз түсірген. Десе де арыз түсіргеннен екі апта өткен соң басты күдікті Абзал Аитов кенеттен Шымкент қаласына ауыстырылған.

“2025 жылдың наурызында Түлкібас ауданындағы полиция қызметкерлері дәлелдер бола тұра, істі “жабу” туралы жоғарыдан тікелей нұсқау берілгенін айтты. Кейін желіде резонанс тудырып, жағдайды айта бастадым. Оқиға орнынан барып жинаған дәлелдерді желіге өзім жүктеп, істі жүргізуге тырыстым. Осыдан кейін подполковник қамауға алынды. Одан кейін күдікті алқабилер сотын талап етті. Бастапқыда бұл істі подполковникке ғана қатысты деп ойладым. Алайда бірқатар түсініксіз жайттар болды. Подполковник кейін үйқамаққа шығарылды. Сосын басқа қызметке ауысты”, – дейді Назарбай Әбдібеков. 

Сондай-ақ ол бұл іске Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаевтың (қазіргі Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары) қатысы бар дейді. 

“Подполковник Аитовтың қорғаушысының аты-жөні Асылхан Бейсенбаев. Ал ол Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бейсенбаев Арманның туысы. Дәл осы Бейсенбаев Арманның қол астындағылар, тікелей басшысының бұйрығымен шамамен екі апта бұрын маған хабарласып, жазбаны өшіруді бұйырды. Осыдан кейін белгісіз адамдар видеоларды өшіруді талап етіп, психологиялық қысым көрсете бастады”, – дейді Әбдібеков. 

Кәсіпкердің айтуынша, резонанс туғаннан кейін ғана іс алдымен Түркістан облыстық полиция департаментіне, кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына берілген.

Фото: Instagram скрин 

Жәбірленуші Назарбай Әбдібеков орындаушыларды ғана емес, істі жабуға тырысқан лауазымды тұлғаларды да жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Құзырлы органдар не дейді?

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Ішкі істер министрлігі мен Шымкент қалалық полиция департаментінен мән-жайды сұрады. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тергеу нәтижесінде полицейлердің әрекетінен заң бұзушылықтар анықталған жоқ. 

“Қозғалған қылмыстық істер бір өндіріске біріктіріліп, 2025 жылы 15 сәуірде Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексеру департаментіне жіберілді. 2025 жылы қыркүйек айында жоғарыда аталған департамент қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Кейін оны Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотына жолдады. Ал түркістандық полиция қызметкерлеріне қатысты жүргізілген қызметтік тергеу нәтижесінде олардың әрекеттерінен заң бұзушылықтар анықталған жоқ”, – делінген жауапта. 

Сондай-ақ министрлік жәбірленушіге қысым көрсету, жазбасын өшіруге мәжбүрлеу сияқты фактілер де расталмағанын мәлімдеді. 

Ал Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Аитов Абзалға қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, нәтижесінде жұмыстан босатылған. 

“Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметтік тексеру бөлімі Абзал Аитовқа қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізді. 2025 жылы 27 наурызда департаменттің тәртіптік комиссиясы Аитовты теріс қылығы үшін қызметінен босатты. Сондай-ақ
Түркістан облысы полиция бастығының орынбасары, полковник Арман Бейсенбаевқа да қатысты тексеру жүргізілді. 2026 жылы 20 қаңтардағы қорытындыға сәйкес, оған қатысты қылмыстық іске әсер ету, жәбірленушіге қысым көрсету немесе өз өкілеттігін заңсыз пайдалану деректері расталмады”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ департамент жүкті ұрлау фактісі бойынша Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізгенін мәлімдеді. Бұл жеке факті ретінде тексеріліпті. Мұның құзырлы орган қызметкерлерімен қатысы жоқ, дейді департамент өкілдері. 

Арман Бейсенбаев кім?

Арман Бейсенбаев 1979 жылы 15 қыркүйекте туған. Ол Қостанайдағы Ақмола жоғары Ішкі істер министрлігі мектебінің филиалында және Астанадағы Ішкі істер министрлігі заң колледжінде “заңгер” мамандығы бойынша білім алған.

Фото: gov.kz

Еңбек жолын Шымкент қаласы ішкі істер басқармасы 2-бөлімінің тергеушісі ретінде бастаған. Кейін мүліктік қылмыстар мен есірткі заңсыз айналымын тергейтін топта тергеуші, жедел уәкіл және полиция бөлімдері бастығының орынбасары болып жұмыс істеген. 

2025 жылы маусымнан 2026 жылдың ақпанына дейін Түркістан облысы полиция департаментінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Ал 2026 жылы 5 Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. 

Айта кетейік, биыл жыл басында Шымкент қалалық полиция департаментінің басшылығында кадрлық өзгерістер болды. Полиция басшылығы қызметінен кетіп, департаменттің уақытша басшысы болып Түркістан облысы полиция департаментінің бұрынғы бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев тағайындалған еді. 

Жыл басындағы аыс-түйіске не себеп?

Бұл ауыс-түйіске 21 жастағы қыздың пышақ жарақатынан қаза табуы себеп болды. 

Нұрай Серікбай 11 пышақ жарақатын алған. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан есімді ер адам қамауға алынды.

Нұрайдың туыстары марқұмның бұған дейін күдіктінің үстінен полицияға шағымданғанын, алайда қызметкерлердің қыздың арызын қабылдамай қойғанын айтып, полицияны немқұрайлық танытты деп айыптады.

Іске қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев да пікір білдіріп, бұл оқиғаның қоғамда кең резонанс тудырғанын айтқан еді. Президент ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды.

Осы оқиғадан соң араға апта салып белгілі бапкердің ұлы көше ортасында Василий Колесниковті ұрлап, мәйітін далаға тастап кеткен еді. Ал бүгін Шымкентте тағы бір әйелді танысы пышақтап кетті, полиция күдіктіні ұстау үшін қару қолданған. 

Бұл жағдайларды естіген қала тұрғындары қазір одан әрі үрейлене түскен.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте жоғары лауазымды полиция қызметкері пара алғаны үшін сотталғаны туралы жазған едік. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 16 Ақпан, 2026 14:20