"Адамдар 102-ге хабарласса да, ешкім келмеген”: Адвокат Шымкенттегі төбелестегі адам өлімі полицейлердің салғырттығынан болғанын айтты

Шымкентте жаппай төбелестен қаза тапқан Василий Колесниковтың өліміне қатысты күдіктілерге іздеу әлі де жалғасуда. Марқұмның адвокаты жол-көлік оқиғасының әдейі жасалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Василий Колесников адвокаты Талғат Есімовтың сөзінше, полицейлер салғырттық танытпағанда бұрынғы спортшыны аман алып қалуға мүмкіндік болған.
“Ең бірінші мәселе қаланың қауіпсіздігі. Миллиардаған ақша камераларға бөлінгенін білеміз. Оның барлығы Орталық бақылау жүйесіне қосылған. Ол Шымкент қаласының полиция департаментінде орналасқан. Оқиға сол жерде жақсы көрініп тұр. Василий Колесниковты автокөлікке отырғызып, Темірлан тас жолына кетіп, әрі қарай Ордабасы ауданына қашқан. Менің пікірімше, орталық басқару жүйесінің қызметкерлері, әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері салғырттық жасаған. Өйткені жол ортасында 10 минут шабуыл жасалады. Әшейінде кішкентай жол көлік апаты бола қалса, бірден келеді. Қанша адам 102-ге хабарласып, оқиғаның камераға түскеніне қарамастан ешқандай полиция қызметкерлері келмеген”, – дейді Талғат Есімов.
Адвокаттың айтуынша, сол кезде полицейлер жолды да жаппаған.
“Бұл жерде төтенше жағдай болып тұр ғой. Қаланың қақ ортасында адамды ұрып-соғып, пышақтап, күштеп көлікке отырғызып кетіп бара жатыр. Адам ұрлау болып тұр. Осыған қарамастан қалада ешқандай да тосқауыл қойылған жоқ. Қиылыстардың барлығын жауып тастағанда үш автокөлік ешқайда кете алмас еді. Сол кезде мүмкін марқұм Василий Колесников тірі қалар еді” дейді Талғат Есімов.
Бүгінгі таңда күдіктілердің жетеуі құрықталды. Оқиға болған күннің ертеңіне төрт адам ұсталса, бірер күн бұрын тағы үш адам Түлкібас ауданынан табылған. Дегенмен күдіктілердің нақты саны белгісіз. Ал іздеуде әлі де бірнеше адам бар.
“Василий Колесниковтың қорғау жағы ашық сот өту керек деп есептейді. Адам ұрлау факті бойынша, өлтіру жөнінде, ұрып-соғып, қол-аяқтарын сындырған жөнінде ол адамдарға 25 жылдан өмір бойына дейінгі жаза берілу керек деп есептеймін. Мәңгілік бас бостандығынан айыру керек. 99 баптың екінші бөлігі, адам ұрлау фактісі бойынша, бұзақылық сияқты аса ауыр баптармен қылмыстық іс қозғалып, тергелік жатыр”, – дейді адвокат.
Марқұм белгілі бапкер, грек-рим күресінен әлем чемпионатының жүлдегері Александр Колесниковтың ұлы. Өзі де спортпен кәсіби тұрғыда шұғылданған Василийдің артында келіншегі мен 1,5 жасар қызы қалды. Жанында болып, жарақат алған екінші адам жансақтау бөлімінен палатаға ауысытырылды.
Еске салсақ, Шымкентте жол апатынан кейінгі дау төбелеске ұласып, бір адам қаза тапқаны айтылды. Кейін полиция төрт адамды ұстап, "Кісі өлтіру", "Бұзақылық" және "Адам ұрлау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.