Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Азық-түлік екі есе арзан, вирус жоқ": Қазақстандық жігіт отбасын алып табысы төмен Африка аралына көшіп кеткен

Фото: Сұлтанның жеке архивінен 

Қазақстандық 29 жастағы азамат отбасын алып Африканың Занзибар атты аралына көшіп кеткен. Сұлтан Төпелековтың айтуынша, бұл аралда өмір сүру жағдайы біздің елден төмен, халқының жалақысы 30 мың теңге. Дегенмен арал қарапайым адамдары мен жыл бойы жаз болатын табиғатымен баураған. Қызығы бұл аралда президент те, шенді де еш күзетсіз халық арасында жүре береді екен. Занзаби президентімен көрші тұратын қазақстандық Stan.kz тілшісіне көшуге неліктен бұл жерді таңдағанын айтып берді.  

Сұлтан Өскеменнің тумасы. Шетелге көшкенге дейін Алматыда білім алып, осы қалада 11 жылдай тұрған.

“6 жасар қызым мен 3 жасар ұлым бар. Негізі мамандығым заңгер. Бірақ ол бойынша жұмыс істемедім. Кәсіппен – орта, үлкен бизнестерге Қытайдан тауар тасумен айналыстым. 2023 жылдан бері отбасыммен шетелге көшеміз бе деген ойлар келе бастаған еді. Негізі менің көп таныстарым, жақын достарым шетелде тұрады. Олар шетелдің мүмкіндіктерін көрген. Дегенмен менің салам тауар тасумен байланысты болған соң біз кішкене инфраструктурасы төменірек елді таңдадық. Қайда көшеміз деп ойлаған кезде алдымен Оман әмірліктері, Занзибар және Малайзияны қарастырдық. Бірақ Малайзия кәсібіме қолайлы емес екенін түсінген соң Занзибарды таңдадық. Біз мұнда 2025 жылдың қарашасында көшіп келдік. Қазір бұл жақ бізге ұнап жатыр”, – деді ол.

Қазақстандық азамат Африканың бұл қаласы туралы 2020 жылы естіген. Интернеттен түрлі видеолар көріп, ақпарат алған.

“Былтыр шілде айында көшпес бұрын 10 күнге жанұямсыз өзім келіп көріп кеттім. Бәрін біліп, көріп тексердім. Кейін жанұямды алып қарашада көшіп келдім. Ата-анам, туыстар тарапынан алыс елге көшеміз дегенде таңғалыс та, қарсылық та болмады. Себебі ата-анамның өзі кезінде Германия, Үндістан секілді басқа елдерде тұрып келген. Біз бұл елге барлығын есептеп, алдын-ала дайындалып келдік. Сол себепті таңғаларлық жайттар болмады. Барлығы негізінен қаржыға байланысты ғой. Сол үшін біз жаңа елге көшер алдын екі-үш айға жететіндей ақшамызды жинап келдік”, – деп қосты ол.   

Фото: Сұлтанның жеке архивінен 

“Халқының жалақысы 30 мың теңге, алайда азық-түлік Қазақстаннан екі есеге арзан”

Сұлтан Төпелеков бұл елді кәсібін жақсартуға қолайлы жер ретінде таңдаған. Айтуынша, жұмыс істеуге өте тиімсіз болғанымен кәсіп бастауға жақсы мүмкіндіктер бар. 

“Занзибарда жалақы өте төмен. Жергілікті адамдар өте аз айлық алады. Мысалы, айына 30-50 мың теңге болуы мүмкін. Жақсы мамандар 100-200 мың теңге, тіпті ең жоғары жалақы алатын, күшті лауазымдағылардың өзі ары кетсе 500 мың теңге табады. Салыстырып қарасам, Қазақстандағы мамандардан бұл жердегі мамандардың еңбекақысы өте төмен. Дегенмен ақша болса, бұл елде кәсіп жасауға тиімді мүмкіндіктер көп. Мұнда мен танитын қытай, түрік кәсіпкерлері бар. Олармен сөйлесіп көрдім. Өте жақсы ақша табады. Өзімнің табысымды әзірге айта алмаймын. Себебі ісімді енді-енді бастап жатырмын. Жұмысым жаймен жүріп жатыр”, – деді ол.  

Азаматтың айтуынша, елде халқының табысы төмен болғандықтан азық-түлік те арзан. 

Мысалы, Қазақстанда тұрғанда азық-түлікке ай сайын 300-350 мың теңге кететін. Ет, сүт өнімдері бәрін қосқанда біраз ақша кететін. Бірақ мына жақта есептеп көрсек, ең көп жұмсадық дегеннің өзінде азық-түлігіміз 150 мың теңге шамасына шығыпты. Мысалы, мұнда бір қойдың бағасы 30-35 мың теңге. Ал Алматыда тұрғанымызда бір қой 100-110 мың теңге тұратын. Соған қарап азық-түліктің қаншалықты арзан екенін білуге болады. Дегенмен еттерінің сапасы әрине біздікіне жетпейді. Себебі климаты тропикалық болғандықтан мұнда мал өсіру кішкене қиындау. Бұл жақта малдар өте арық. Сәйкесінше, бағалар да өте арзан”, – деп қосты ол. 

“Мұсылман елі болғандықтан өте қауіпсіз”

Сұлтан Төпелековтың айтуынша, халық жалақысы аз болса да, қаланың өзінде жағдай төмен деп айтуға келмейді. Жол, коммуникация бәрі жасалған.

“Тұруға өте ыңғайлы. Сонымен қатар бұл мұсылман елі болғандықтан өте қауіпсіз. Кешке алаңсыз көшеге шығып тұрамыз. Ешкім тиісіп, жағымсыз жағдайларға тап болған емеспіз. Мұнда халықтың жартысы ағылшын тілінде сөйлейді. Бірақ өздерінің суахили тілдері де бар. Халқы көбіне сол тілде сөйлейді. Білім деңгейіне келер болсақ, бұл жақта емтиған, тесттерге өте қатты қарайды екен. Тіпті балаларға 3 жастан бастап жазуды үйретеді. Білімге қатты көңіл бөлген. Әзірге өз балаларымды мектепке дейінгі дайындық орталығына бердім. Дегенмен бұл жақта балалар 5 жастан бастап 1-сыныпқа барады. Менің қызым 6-да, 7 жасында 1-сыныпқа барады деп жоспарлаудамыз. Ал сабақтар ағылшын тілінде өтеді”, – деп баяндады азамат.   

Сұлтан ел табиғатының да адам денсаулығына жайлы екенін сөз етті. Айтуынша, тропикалық аймақ болғандықтан ауа температурасы жыл бойы 28–32°C арасында болады. Сондықтан вирус аз, денсаулыққа да өте ыңғайлы. Дегенмен медицинасын жоғарғы деңгейде емес екен. 

“Бұл жаққа келген кезде 50 доллар туристік визаға, 40 доллар сақтандыруға төледік. Бірақ ары қарай ұзартамын десеңіздер, үш ай сайын адам басына 50 доллар төлеп отыру керек. Балаға да үлкенге де осы құн. Ұзақ уақытқа тұруды қамтамасыз ететін арнайы агенттіктер бар. Ақысын төлеп құжатты жасатып, ұзақ тұра беруге де болады. Бұған дейін 1,5 ай материкте – Танзанияның өзінде тұрдық. Ол жақ кішкене қиындау болды. Занзибар арал болған соң әрі арабтарға жақын болғандықтан бұл жерде өмір сүруге де, кәсіп жасауға да ыңғайлы”, – деп қосты ол. 

“Арал президенті мен араб елшісі көршім: Олар қарапайым, күзетшісіз жүреді”

Азаматтың айтуынша, бұлардың менталитеттері қазақтарға жақын. Ал орыстар мен еропалықтарға сәл оғаштау болып, үйрену қиын болуы мүмкін.

“Қазақтарға, қырғыз, өзбектерге бұл елдің менталитеті ұқсайды. Адамдары қонақжай, бауырмал, агрессия жоқ, өте қарапайым. Солардың тілінде аз да болсын сөйлеуге тырыссаң өте қатты қуанады. Тіпті жеңілдіктер жасап береді. Бұл жақта ақ адамдар аз. Сол себепті олар өз орталарына тез сіңістіріп сені бәрі тани бастайды. Бәрі ұнап жатыр, өте ыңғайлы. Қарапайымдылық туралы айтар болсақ, мысалы менің үйімнің жанымда 100 метр жерде Біріккен араб әмірліктерінің елшісі тұрады. 500 метр жерде осы аралдың президенті тұрады. Таңғалатыны тіпті президентінің өзі қарапайым еш күзетсіз, көлігімен келіп, көлігімен кетіп жүре береді.  
Байқағаным қазір мұнда қытайлықтар көп келіп жатыр. Өздерінің зауыттарын, тұрғын үй, жолдарын салып, өнімдерін кіргізуде. Мұнда жұмыс істеуге келу тиімсіз, себебі жалақы өте төмен. Бірақ жеке кәсібіңіз болса табыс табу мүмкіндігі бар. Ал өзімде әзірге елге қайту жоспары жоқ”, – деп қорытты Сұлтан. 
STAN.KZ
Бейсенбі, 29 Қаңтар, 2026 19:12