Ресейдегі салық өсімі Қазақстан нарығына қалай әсер етеді? Сарапшылар түсіндірді

Ақпан айында Қазақстанға Ресейден импортталатын бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы өсуі мүмкін. Сарапшылар мұны көрші елдегі салық жүйесіндегі өзгерістермен байланыстырады. 1 қаңтардан бастап Ресейде қосылған құн салығы (ҚҚС) 20%-дан 22%-ға көтерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Экономистердің болжамынша, келесі айда Ресейден жеткізілетін қияр мен қызанақ, алкоголь және темекі өнімдері, бакалея, сондай-ақ сиыр және шошқа еті қымбаттауы ықтимал. Мамандардың айтуынша, кейбір тауар санаттарында баға өсімі 30 пайызға дейін жетуі мүмкін.
Қаржы сарапшысы Меруерт Махмутованың пікірінше, отандық агроөнеркәсіп кешені жеткілікті деңгейде дамымайынша, елдің азық-түлік тәуелсіздігі туралы айту қиын.
"Бізде ауыл шаруашылығы өнімдері негізінен үй шаруашылықтары деңгейінде өндіріледі. Жеке бір отбасы, жеке бір өндіруші. Мал шаруашылығында шамамен 50 пайыз, өсімдік шаруашылығында 25 пайыз ұсақ өндіріс үлесінде. Ұсақ өндіруші ішкі нарықты қамтамасыз ететін көлемді бере алмайды", – деді қаржы сарапшысы.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың 11 айында Қазақстанға Ресейден әкелінген жануар және өсімдік тектес өнімдер мен дайын азық-түлік көлемі 3 млн 127 мың АҚШ долларын құраған. Бұл Ресейден импортталатын барлық тауардың шамамен 18 пайызы.
Қазақстанда әсіресе қант, балық және кондитерлік өнімдер бойынша импортқа тәуелділік әлі де сақталып отыр. Дегенмен шекараға жақын аймақтардың өзінде тұтынушылар жиі жағдайда отандық өнімді таңдауға тырысады.
Ұлттық статистика бюросының сарапшылары Қазақстанның Ресейден келетін импортқа тәуелділігі біртіндеп азайып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар елде ішкі нарықты қамтамасыз ететін бірқатар өнімдер жеткілікті. Атап айтқанда, Қазақстан сүт өнімдерімен дерлік 100 пайыз өзін өзі қамтамасыз етеді. Сондай-ақ елде ет, астық пен ұн, күріш, жұмыртқа, көкөніс, тұз және күнбағыс майы жеткілікті деңгейде бар.
- Азық-түліктің қымбаттауына байланысты қазақстандықтардың үкіметке сенімі азайды
-
ҚҚС-ның өсуіне байланысты “Қазақтелекомның” байланыс қызметтері қымбаттады
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда кейбір шетелдік тауарлар дүкен сөрелерінен алып тасталатынын жаздық. Одан бөлек Қазақстанда бағаны негізсіз көтергендерге 55 миллион теңгеден астам айыппұл салынғанын жазған едік. Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерге 55,7 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
"Қолымнан айырылып қалу алдында тұрмын": МӘМС арқылы уақытылы көмек ала алмаған қазақстандық ота кезегінің ұзаққа созылғанына наразы