Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Beeline интернет сапасы нашар болғаны үшін қазақстандықтардың ақшасын қайтарды

Байланыс операторы интернет сапасы нашар болғаны үшін қазақстандықтардың ақшасын қайтардыФото: pixabay.com

Жетісу облысы бойынша cауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ұялы байланыс қызметтерінің сапасыз көрсетілуіне байланысты сот тәртібімен елдегі ірі байланыс операторларының бірінен тұтынушыларға ақшалай қаражатты қайтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Талдықорған қалалық сотының 2026 жылғы 13 қаңтардағы ұйғарымымен өңірдің бір ауданында тұратын азаматтардың ұжымдық өтініші негізінде қозғалған резонансты сот ісі аяқталды.

“Іс материалдарына сәйкес, тұтынушылар ұзақ уақыт бойы операторымен жасалған шарттар аясында "отбасылық тариф" бойынша ұялы байланыс пен мобильді интернет қызметтері үшін ай сайын 11 670 теңгеден жоғары көлемде тұрақты түрде ақы төлеп отырған. Сонымен қатар, олар шарт талаптарына сәйкес смартфондар сатып алған. Алайда 2025 жылғы 10 қазан мен 19 қараша аралығында, яғни 41 күн бойы ұялы байланыс пен мобильді интернет қызметтері тиісті деңгейде көрсетілмеген. Байланыс тұрақсыз болып, интернетке қолжетімділік іс жүзінде болмаған. Соған қарамастан, байланыс операторы абоненттік төлемді толық көлемде өндіріп алған, бұл шарттық міндеттемелердің орындалмағанын көрсетеді”, – делінген ақпаратта.

Аталған жағдай әлеуметтік маңызы бар салаларға тікелей әсер етті. Ересек тұрғындар мемлекеттік органдарға және шұғыл қызметтерге жүгінуде қиындықтарға тап болса, оқушылар 41 күн бойы үй тапсырмаларын толық орындау және қашықтан оқытуға қатысу мүмкіндігінен айырылды.


Қазақстандық мобильді операторлар тариф құнын келісіп 20% көтерді деп айыпталды

Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингте қай орында екені белгілі болды


Департаментте Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңының 7-бабына сәйкес азаматтардың сапалы қызмет алуға құқығы бар екенін еске салды.

Қызмет көрсетілмеген немесе тиісті деңгейде көрсетілмеген жағдайда, тұтынушы төленген қаражатты қайта есептеуді және қайтаруды талап етуге құқылы.

Өтінішті қарау барысында Департамент мамандары тұтынушыларға құқықтық көмек көрсетті, соның ішінде байланыс операторына сотқа дейінгі тәртіппен сауатты талап арыз (претензия) дайындауға жәрдемдесті.

“Оператордың ресми жауабында қызмет сапасының төмендеуі аталған аумақта қажетті телекоммуникациялық инфрақұрылымның болмауына байланысты екені көрсетілген, алайда тұтынушылардың бұл туралы алдын ала хабардар етілмегені анықталды”, – делінген хабарламада.

Анықталған заң бұзушылықтар негізінде Департамент сотқа жалпы сомасы 315 538 теңгені құрайтын талап арызбен жүгінді.

Талап арызда көрсетілгендей, 41 күн бойы іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер үшін ақы алу Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес негізсіз баю болып табылады және ол қайтарылуға жатады.

“Сот процесі барысында байланыс операторы қойылған талаптардың негізділігін мойындады. Іс нәтижесінде тараптар сотпен бекітілген медиативтік келісімге келді. Нәтижесінде өңір тұрғындары қызметтердің сапасыз көрсетілген кезеңі үшін өтемақы алды. Қайтарылған қаражаттың жалпы сомасы 234 657 теңгені құрады”, – деп мәлімдеді тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті. 

Департамент өкілдері бұл жағдай барлық кәсіпкерлер үшін маңызды ескерту екенін атап өтті: қызметтер үшін ақы алынған жағдайда олардың сапалы көрсетілуі міндетті. Тұтынушылардың құқықтары мемлекет қорғауында, ал олар бұзылған жағдайда тиісті құқықтық шаралар қабылданады.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда мобильді интернет тарифтерін төмендетуді талап ететін петиция жарияланды.

STAN.KZ
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 18:45