Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айына 200 мың теңгеден аса төлейміз": Қазақстандық ата-аналар жекеменшік мектептерде бағаның өсіп жатқанына шағымданды

Фото: freepik.com

Желіде қазақстандықтар жеке мектептерде оқу бағасының күрт өскенін айтып шағымдануда. Көптеген ата-аналар балаларын сол мекемелерде оқытатын қаржысы жетпейтінін жеткізді. Ал егер барлығы мемлекеттік мектепке көшсе, орын тапшылығы туындайды деп алаңдауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Бүгін өз-өзіме келе алмай отырмын. 1-сыныпқа баратын балама таңдаған мектеп ақысын тағы 100 мыңға өсірген екен. Сонда қыркүйекте біз балаларымызды қайда апарамыз? Мемлекеттік мектептер мұндай ағымға дайын емес”, 
“Министрдің осы мәселені елемейтіні түсініксіз. Ата-аналар жеке мектепті ақшалары көп болғаннан таңдамайды. Ал мемлекеттік мектептер елдің барлық балаларын қабылдауға дайын ба? Мысалы, барлық жеке мектептерді жауып, барлық балаларды мемлекеттік мектептерге ауыстырсақ не болады?”,
“Айына 200 мың теңге төлейміз. Мемлекеттік мектепке ауысқымыз келеді”,  – деп жазды ата-ана. 

Фото: Желіден скрин

“Жекеменшік мектептер тексеру күшейіп, бақылау артады”

Қоғам белсендісі Айбек Досымбеков желіге қазіргі мектептердегі жағдайды жазды

“Жекеменшік мектептер енді мемлекеттің шынайы бет-бейнесін көре бастады. Таңғалатын жайт емес. Мемлекет әрдайым осындай болды. Бұл жақсы да, жаман да емес – бұл шындық. Жекеменшік мектептер осы шындықпен енді ғана бетпе-бет келіп отыр. Ретімен бастайық. Біріншіден, жекеменшік мектептер мемлекеттік қаржыландырудың кешігуіне шағымдана бастады. Бірақ шағымның пайдасы жоқ, бұған үйрену керек. Мемлекет мұны жекеменшік мектептерге әдейі жасап отырған жоқ. Себептері қарапайым: ақша жетіспеуі, жоспарлаудың әлсіздігі немесе бірнеше себептің қосындысы”, – деді ол. 

Досымбековтың айтуынша соңғы жылдары ашылған "Жайлы мектептер де" көп өңірде уақытында бюджетке енгізілмегендіктен қаржыландырусыз қалып отыр.

“Бірақ олар – мемлекеттік мектептер. Сондықтан оларға ақшаны ақыр соңында беріп, бюджет қайта бөлінеді. Бір жерден үнемделіп, мәселе шешіледі. Ал жекеменшік мектептерге “ақша жоқ” деп тікелей айтылады. Оның үстіне жекеменшік мектептерді тексеру күшейіп, бақылау артады. Барлық шешімді келісуге мәжбүрлейді. Мұнда да шағымдана алмайсың. Мемлекет мұны біреуді жақсы көрмегендіктен емес, жүйе осылай жұмыс істейтіндіктен істейді. Жекеменшік мектептер осы жүйенің бір бөлігіне айналды”, – деп қосты ол.

“Жеке меншік мектептер табысы төмен жобаға айналады”

Қоғам белсендісінің айтуынша, кез келген мемлекеттік мектеп үнемі тексеріс, бұйрықтар мен қайшы талаптар жағдайында жұмыс істейді. Сонда да оларға өздері әсер ете алмайтын нәрселер үшін ескерту жасалып тұрады.

“Жекеменшік мектептер қаржыландыруда тұрақтылықты, ал бақылауда еркіндікті күтеді. Бірақ бұл жағдайда көбіне жекеменшік мектептердің өзі ұтылады. Бұрын оларға көп еркіндік берілді. Қазір бұл кезең аяқталып, қатаң әрі әділ емес ережелер басталды. Жекеменшік мектептер енді мемлекеттік субсидияға сүйенбей жұмыс істеуге, қызметін еңбек және білім заңнамасына толық сәйкестендіруге мәжбүр. Сонымен қатар мектеп – жоғары табысты бизнес емес, ұзақ мерзімді әрі табысы төмен жоба екенін қабылдау қажет. Бұл өзгерістер ірі мектептерге жеңілірек тисе, шағын жекеменшік мектептерге ауыр соққы болады”, – деді Досымбеков. 

Қоғам белсендісі жекеменшік мектептерге бақылауды шектен тыс күшейтпеу керек екенін алға тартты. Айтуынша олар онсыз да нарық тәуекелін өздері көтереді және қосымша шығындары бар.

“Мемлекет бюрократиямен емес, қолдау арқылы көмектуі тиіс. Білім саясатын ұпай жинауды көздейтін популистер емес, саланы шын түсінетін мамандар қалыптастыруы қажет. Мемлекеттік саясат ашық әрі болжамды болуы керек. Субсидия тоқтатылса, бұл туралы 1–2 жыл бұрын ескерту маңызды. Қаржылай қолдау болмаса, жекеменшік мектептерге автономия мен қосымша мүмкіндіктер беру қажет. Өйткені олар орта білімге жаңа бағдарламалар мен басқару мәдениетін әкеліп отыр. Өзім де жекеменшік және халықаралық мектептерде жұмыс істедім. Екі баланың ата-анасы ретінде Қазақстанда әртүрлі білім түрлері дамып, отбасылардың нақты таңдау мүмкіндігі болғанын қалаймын. Жекеменшік мектептер мен Оқу-ағарту министрлігі ортақ шешімге келіп, орта білімге жаңа серпін беруі қажет”, – деп қосты ол.



“Мемлекет жеке меншік мектептерге қандай жағдайда қаражат бөледі?”

Stan.kz редакциясы Оқу-ағарту министрлігінен жеке меншік мектептерге қаражаттың қандай жағдайда бөлінетінін сұрады.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда 4,1 миллион бала мектепте оқиды.  

“Жалпы елімізде 8 027 мектеп болса, олардың 889-ы (11%) жекеменшік мектеп. Онда шамамен 330 мың бала білім алады. 785 жекеменшік мектеп мемлекет тарапынан білім беру тапсырысын алады. Жекеменшік мектептерді дамыту 2015 жылы заңмен бекітілген. 2018 жылдан бастап мемлекет осы мектептерге мемлекеттік тапсырыс береді. Ал 2020 жылдан бастап қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асты”, – деді ведомство. 

Дегенмен министрлік 2025–2026 оқу жылына арналған жаңа механизмді енгізген. Бұл механизм қаржыны ашық және мақсатты жұмсауға бағытталған.

Ал жекеменшік мектептерге қаржыландыруды қайта қарау бойынша негізгі ережелер:

  • жаңа ашылатын мектептерге уақытша мемлекеттік тапсырыс берілмейді (мораторий);
  • қаржы нақты қажеттілікке: мемлекеттік мектеп жетіспесе, үш ауысымды оқыту болса немесе апатты мектептерді ауыстыру қажет болса бөлінеді.

Бұған дейін үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов білім саласын мемлекеттік қаржыландыруды реформалау шаралары қолға алынатынын хабарлаған еді. Сонымен қатар, министрлік бір ай ішінде жекеменшік мектептердің жаңа стандарттарға сәйкестігін бақылап, нәтижесін тіркеуге міндеттелді.

Осыған байланысты, биылдан бастап Бас прокуратура мен уәкілетті органдар жеке мектептерге постлицензиялық бақылауды бастайды.

Негізгі назар үш маңызды критерийге аударылады: білім сапасы, білікті кадрлардың болуы және балалар қауіпсіздігі. Осы талаптарға сай келмейтін мектептер лицензиясынан айрылуы мүмкін.

Сонымен қатар, мектеп ғимараттарының стандарттарға сәйкес келуі де тексеріледі.

“Сіздер білесіздер, кейбіреулері мектептерін моншада немесе қоймада ашқан.10 жылдан астам жұмыс істеген және соңғы 5 жылда мемлекеттік тапсырыс алған. Мұндай заң бұзушылықтарды жоямыз”, – дейді оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 29 Қаңтар, 2026 16:35