Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты

Фото: Жасанды интеллект көмегімен

Соңғы кезде желіде қазақстандықтар отбасын жаңадан құрған ерлердің өзге қыздарға жазып, әйеліне опасыздық жасайтыны туралы тақырып қызу талқылануда. Осы тұста тіпті қыз-келіншектер ер адамдардың неліктен опасыздыққа баратыны туралы сауалнама жасаған. Көпшілік азамат қажет назар аудармады, өзіне қарамады десе, енді бірі мұны ер адамдардың табиғаты деп ақтауда. Stan.kz тілшісі психологтан ерлердің мұндай әрекетке баруының психологиялық мәні қайда жатқанын сұрады.

Бұған дейін көпшілік желіде әнші Еркеш Хасенді некеде бола тұра белгілі актрисамен көңіл қосты деп қызу талқылаған еді. Бұдан кейін де көпшілік опасыздық тақырыбын ашық көтере бастады. Себебі бұған қазақстандық қыздың оқиғасы себеп болды.

Ол желіде үйленгеніне тек бірнеше апта болған ер адамның өзіне не жазғандарын шығарды. Некедегі азамат: “Дене бітімің әдемі екен, кездесейік” деп жазған. Ал қыз оған “үйленген адамсыз ғой, неге өзге қыздарға жазасыз” деген. Ал ол:

“Ер адамның табиғаты сондай. Әйеліңмен қатынас бөлек болады, басқалармен бөлек. Бір ғана әйелмен ол қызықсыз. Басқасын да көргің келеді. Ал мұнымен өз әйеліңе деген махаббат өшіп қалмайды. Ол басқа сезім”, – деп жауап берген.

Бұл жазба үлкен резонанс тудырғаны сонша көптеген қазақстандық сол ер адамның желідегі жеке парақшасын тауып алып, түрлі пікір жазып сынаған. Кейін тіпті оның жаңадан түскен жұбайына жазып, мойымауын сұрап қолдау көрсеткен.

Желіде бұл жазба жас-жұбайлардың суретімен бірге тарап кеткендіктен кейін жойылған. Дегенмен бұдан соң көпшілік опасыздық туралы сауалдарды қоя бастады.

Фото: Желі кадрларынан скрин

“Ерлер өздеріне қолжетімсіз адамға қарай ұмтылып тұрады”

Осы тұста әйелдер ерлердің өзінен не үшін опасыздыққа баратынын сұрады 

“Ер адамдар, ашығын айтыңыздаршы, не үшін, не себепті әйелдеріңізге опасыздық жасайсыздар? Қалай бар – солай жазыңыздар. Қыздар, араласпайық. Еркектер бұл сұрақты өздеріне қойып көрді ме екен – бірге оқып көрейік”, – деп жазды желі қолданушысы.

Бұл сауалға ер адамдардың да пікірі әртүрлі байқалды:

“Себеп көп, бірақ ең жиі кездесетіндерінің бірі – кейбір ер адамдарға "лас"қатынас керек. Ал өз әйелін, балаларының анасын олар ондай рөлде елестете алмайды. Яғни, әйелін құрметтейді,. Бірақ нәпсі объектісі ретінде қабылдамайды. Мұндай еркектер сүйген жерінде қалауы болмайды, ал қалауы оянған жерде сүйе алмайды".
“Жауабым біреулерге оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ шындық мынада – еркектер қиналып қол жеткізген әйелдеріне өмір бойы опасыздық жасамайды. Ер адамдар табиғатынан аңшы. Ал әйел бәрін өзі істеп, бар өмірін соған арнаса киімін жуып, үтіктеп, тамақ жасап, балалармен жүгіріп, үстіне үстемелеп күйеуін өзі барып беттен сүйіп тұрса, бұл олар үшін қызық болмай қалады. Еркектер керісінше, өзін ғана жақсы көретін, өз өмірі бар, қолжетімсіздеу әйелдерге қызығады. Соларға "аузының суы құриды". Ақыры сондай әйелдерге кетіп жатады”. 
“Кейде әйелдер ер адамды тек ресурс ретінде көріп, оны ешкіммен бөліскісі келмейді. Тағы бір маңызды жайт- ер адам ойыншық емес. Оны кішкентай баладай шектен тыс қызғануға болмайды. Еркек- – өз құндылықтары, көзқарасы, армандары бар тұлға. Осының бәрін түсініп, соған қолдау көрсетіп, бірге жұмыс істегенде ғана әйел ер адам үшін баға жетпес, орны толмас жанға айналады”. 

Дегенмен бұл ойға келіспейтін де азаматтар табылды. 

“Мен ерлердің сүйіктісіне қалай және не үшін опасыздық жасайтынын білмеймін де, түсінбеймін де. 34 жастамын. Осы жыл ішінде қарым-қатынаста жүріп, білдірмей опасыздық жасауға мүмкіндік көп болды. Бірақ мас болған кезімнің өзінде ондай күнәға баруға өзіме жол берген емеспін. Қазір үйленгенмін, қызымды күтіп отырмыз. Вахталық жұмыста істеймін. Мұнда кеңседе көптеген қыздар жұмыс істейд. Бірақ 3 ай бойы жұмыста жүрсем де, опасыздық туралы ой мүлде келген жоқ. Мен үшін бұл – өте төмен әрі арсыз әрекет”,
“Бұл – құндылық мәселесі. Бір адам жанында мың жалаңаш әйел тұрса да, әрі бұл туралы ешкім білмесе де, опасыздық жасамайды. Ал екіншісі неге олай істегенін ақтау үшін миллион себеп табады”, – деді екінші тарап.

Осы тұста психолог Ержан Мырзабаев ерлердің опасыздыққа баруына түрлі факторлар әсер ететінін жеткізді.

“Әр опасыздықты психологиялық ауру деп айта алмаймыз. Бірақ сексуалды қызығушылық деген түсінік бар. Егер қатынаста тек бір адамға қанағаттанбай үнемі басқа адамдармен қарым-қатынас жасауға тырысса, мұндай жағдайда иә бұл ауытқу болып есептеледі. Бірақ опасыздық ол ауру емес. Ол адамның саналы түрді баратын әрекеті”, – деді ол.

“Ер адам танымайтын әйелмен де опасыздық жасай алады. Әйелдер ондайдан қорқады”

Маманның айтуынша, опасыздыққа барған ер адамдардың басым бөлігі кінәлі екенін іштей түсінеді. Бірақ дұрыс пен бұрысты білу – бір бөлек, ал соны істемеу – мүлде басқа мәселе.

"Адамдар тәттінің зиян екенін біледі, бірақ жейді. Темекінің қауіпті екенін біле тұра шегеді. Опасыздық та – соның бір көрінісі. Бұл жерде адам өз қалауына ие бола алмай отыр. Біле тұра нәпсісін тежей алмау", – дейді психолог.

Ержан Мырзабаев ер адамдар үшін опасыздыққа бару әлдеқайда жеңіл екенін айтады. Себебі олар көбіне мәселені таза сексуалдық тұрғыдан қабылдайды.

“Ер адам танымайтын, бір-ақ рет көрген әйелмен де опасыздық жасай алады. Ал әйелдер үшін бұл мүлде басқа процесс. Әйелге эмоционалдық жақындық маңызды. Реніш, ашу, эмоционалдық алшақтық жиналған кезде ғана ол сондай қадамға баруы мүмкін. Оның үстіне әйелдер көбіне өзіне таныс, сенім артқан адаммен ғана опасыздық жасайды. Олар бір көрген еркектен қауіптенеді. Ол алдымен тануы, білуі, өзін қауіпсіз сезінуі керек. Сенім мен эмоция пайда болғаннан кейін ғана ондай әрекетке барады", – деді маман.

“Опасыздыққа қоғам мен орта да әсер етеді”

Психологтың айтуынша, ер адам үшін әйелінің опасыздығы физикалық тұрғыдан ауыр қабылданады.

“Күйеуі әйелінің біреумен жазысқан хатын көрсе бірінші “қатынас болды ма” деп сұрауы мүмкін. Ал әйелдер үшін күйеуінің эмоционалдық опасыздығы әлдеқайда ауыр. Яғни күйеуінің басқа әйелге сезімі бар ма, ғашық па?” сол сұрақтар оны мазалайтын болады. Сол себептен ерлер үшін физикалық жақындық маңызға ие болса, әйелдер көбіне эмоционалдық жақындыққа назар аударады”, – деп қосты ол. 

Маманның айтуынша, опасыздыққа тек адамның өзі ғана емес, қоғам мен орта да әсер етеді. 

“Қазіргі заманда: жыныстық контенттің ашықтығы, азғыратын ақпараттың көптігі, жеңіл жүрісті әйелдердің онлайн және офлайн қолжетімділігі адамның қалауына әсер етпей қоймайды. Көріп, қызығып, соны іске асыру қаншалықты қолжетімді – мәселе сонда. Сондай-ақ, егер ер адам "неше әйелмен болдың?" дегенді норма ретінде қабылдайтын ортада жүрсе, оны да қалыпты құбылыс деп санауы мүмкін", – деді Ержан Мырзабаев.

Психолог өз тәжірибесінде тіпті жаңадан үйленген ер адамдардың өзге қыздарға жазып, байланыс орнатқан жағдайларын да көрген.

"Бұл жерде мәселе әйелінде де, отбасында да емес – адамның өзінде. Ер адамдардың көбі үйленгенге дейін көптеген қарым-қатынаста болып, ал үйленген соң бір әйелмен шектелу идеясын қабылдай алмайды. Сондықтан олар некеде болса да бұрынғы әдетін жалғастыра береді. Ал қолжетімді, жанында жүрген адамның қадірі білінбей қалады. Керісінше, тыйым салынған, қолы жетпейтін адам эмоция сыйлайды", – дейді ол.

“Еркектердің бәрі жүр ғой” деген ой болмауы керек”

Ержан Мырзабаевтың айтуынша, опасыздық бақыланбайтын жағдай емес. Егер ол бірнеше рет қайталанса, ер адам өз нәпсісіне ие бола алмаса және маманмен жұмыс істеуден бас тартса, мұндай қарым-қатынасты жалғастыру қауіпті.

"Еркектердің бәрі жүр ғой” деген ой болмауы керек. Бұл – сенімге, қауіпсіздікке, денсаулыққа зиян келтіретін әрекет. Некенің мәні – көптеген адамдардың ішінен бір адамды таңдап, соған адал болуға жауапкершілік алу. Ал егер адам бұл жауапкершілікті көтере алмаса, онда үйленбей-ақ еркін өмір сүре беруі керек. Адалдық – таңдау. Ал таңдау үшін жауапкершілік қажет", – деп қорытты маман. 

STAN.KZ
Жұма, 16 Қаңтар, 2026 19:04