Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында 14 жастағы оқушы өліміне кінәлі деп сотталғандар бостандыққа шықты

Фото: Stan.kz | Туыстары жіберген

Ақтөбеде облыстық соттың алқасы мектеп оқушысының өліміне кінәлі деп танылғандарға тағайындалған жазаны бас бостандығынан шартты жазаға ауыстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2024 жылдың қыркүйегінде Қопа ауылында 11 және 10-сыныпта оқитын оқушылар 9-сынып оқушыларын "үлкендерге құрмет көрсетпеді" деген себеппен соққыға жыққан. Салдарынан 14 жастағы мектеп оқушысы Нұржан Сыдық оқиға орнында көз жұмды.

Айыпталушылар алты 17 жастағы жасөспірім болды. 2025 жылдың қазан айында бұл резонансты іс бойынша үкім жарияланған еді. Айыпталушылардың үшеуі "алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған бұзақылық" бабы бойынша бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Тағы екі жасөспірімге екі бап бойынша – "бұзақылық" және "абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын қасақана ұйымдастыру" бойынша 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал олардың тағы бір сыбайласы "абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын қасақана келтіру" бабы бойынша дәл осындай нақты мерзімге сотталды.

Нақты мерзімге сотталған үш адам да, сондай-ақ жәбірленуші тарап та үкімге шағым түсірген.

"Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қайта қарап, осы үш сотталушыға тағайындалған нақты жазаны шартты жазаға ауыстырды. Яғни алқа қаулысымен олар бостандыққа шығарылып, жазаны еркіндікте өтейді, бірақ белгілі бір шектеулермен", – деп жазады басылым.

Облыстық соттың баспасөз қызметі сотталғандардың кінәсін мойындап, өкініш білдіргенін, сондай-ақ жәбірленуші тараппен медиациялық келісім жасағанын хабарлады.

Жарияланымда айтылғандай, қаза тапқан оқушының туыстары да жазаны жеңілдетуді сұраған. Осы жайттардың барлығы нақты жазаны шартты жазаға ауыстыруға негіз болған.

Еске салайық, бұған дейін қайғылы оқиға 2024 жылдың 2 қыркүйекте Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа селосында болды. 14 жастағы Нұржан Сыдық қайтыс болды. Істі бас прокурор бақылауына алды. Қылмыстық істің негізгі бабы үш рет өзгертілді. Жасөспірім өлімі алғашында ҚК 106-бабы 3-бөлігімен қаралды. Тергеу кезінде ҚК 99-бабы Адам өлтіру бабына ауыстырылды. Алайда тергеу бірнеше рет қайта қаралып, ҚК 106-бап 3-бөлігімен сотқа жіберілді.

STAN.KZ
Жексенбі, 11 Қаңтар, 2026 13:45