Интернет пен телефон байланысы бұғатталып, 50 адам көз жұмған: Иранда аятолла режиміне қарсы жаппай наразылықтар басылмай тұр
Фото: Reuters.com
Иран билігі үкіметке қарсы наразылықтардың күшеюіне байланысты елдегі интернет пен телефон байланысын бұғаттап, елдің сыртқы әлеммен байланысын толықтай кесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Баслымының мәліметінше, бірнеше ірі қаланы қамтыған толқуларды тежеу мақсатында интернет байланысы толықтай шектелген. Бұған дейін желіде тараған видеодан наразы халықтың мемлекеттік ғимараттар мен автокөліктерді өртеп жатқанын көруге болады.
Иранның Жоғарғы көшбасшысы – аятолла Әли Хаменеи мемлекеттік телеарна арқылы халыққа үндеу жасады. Ол биліктің шегінбейтінін мәлімдеп, наразылық білдірушілерді эмигранттық оппозициялық топтар мен АҚШ-тың мүддесіне сай әрекет етуде деп айыптады.
“Наразылыққа шыққандар өз көшелерін бүлдіріп жатыр. АҚШ президентіне жағыну үшін”, – деді Хаменеи.
Әли Хаменеи өз сөзінде АҚШ президенті Трампқа қатысты қатаң мәлімдемелер жасады. Хаменеи Трамп өткен заман билеушілерінің тағдырын естен шығармауы тиіс екенін айтып, олардың ең күш-қуаты тасып тұрған шағында құлатылғанын еске салды.
“Әлемнің бәріне төрелік айтып, тәкаппарлық пен менмендікке толы күйде отырған әлгі адам да мынаны білсін: әдетте фараон, Нимрод, Реза-хан, Мұхаммед Реза сияқты тирандар мен өркөкірек билеушілер дәл өз менмендігінің шегіне жеткен кезде тақтан құлатылған. Оны да осындай тағдыр күтіп тұр”, – деді Әли Хаменеи.
Ол сондай-ақ АҚШ президентін мыңнан астам ирандықтың қаза табуына қатысы бар деп айыптады.
Бастапқыда наразылықтар әлеуметтік-экономикалық сипатта болған. Өткен жылы иран риалы доллармен салыстырғанда шамамен жарты құнын жоғалтып, ал желтоқсан айында инфляция деңгейі 40%-дан асты. Алайда уақыт өте келе наразылыққа қатысушылардың ұрандарында ел басшылығына тікелей айыптаулар жиі айтыла бастады. Ұрандардың қатарында “Диктаторға өлім!” және “Ислам Республикасына өлім!” деген сөздер айтылды. Басқалары елді бұрын басқарған шахтың әулетін мадақтап, “Бұл – соңғы шайқас! Пехлеви қайта оралады!” деп ұрандатты.
Интернеттің өшірілуі Ираннан тарайтын ақпарат ағынын күрт азайтты. Ел ішіндегі абоненттермен телефон байланысы іс жүзінде қолжетімсіз. Cloudflare интернет-компаниясы мен NetBlocks құқық қорғау ұйымы байланыс қызметінің өшірілгенін растады.
Иран билігі елдегі наразылық акциялары үшін Израиль мен АҚШ-ты жауапты деп санайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Ислам республикасының Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі хабарлады. Хабарламада толқулар “нарықтағы тұрақсыздықтан” басталғанымен, оларды АҚШ пен Израиль үйлестіргені атап өтілген.
Наразылық шаралары өткен айдың соңында бағаның өсуі мен ұлттық валютаның құнсыздануына наразы болған базардағы саудагерлер мен дүкен иелерінің шерулерінен басталды. Кейінірек олар университеттер мен аймақтық қалаларға таралып, жастар қауіпсіздік күштерімен қақтығысқа түсті.
АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency агенттігінің мәліметінше, наразылық шерулері барысында кемінде 50 адам қаза тауып, 2270-тен астам адам ұсталған.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп қауіпсіздік күштері наразылық білдірушілерге оқ атқан жағдайда, оларға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін Иранда ұлттық валюта құлдырап, жаппай наразылықтар басталғаны, сондай-ақ наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздік пен тонауға ұласқаны туралы жазған едік.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді