"Күйеуінің мүгедектігі бар, балалары эпилепсиямен ауырады": Қара бетперде киген жігіт тағы бір отбасыны қуантты
Фото: Видеодан скриншот
Қара бетперде киген жұмбақ жігіт өз диагнозына қарамастан, жұрттың үйінде ыдыс жуып отбасын асырап жүрген әйелдің жанұясына пәтер сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нағима – 49 жаста, қант диабетімен ауырады, екі баласыда құрысу ұстамаларымен өтетін эпилепсиямен ауырады. Күйеуі туғанынан саңырау әрі мылқау, үшінші топ мүгедектігі бар. Нағима отбасын асырау үшін той-садақаларда ыдыс жуады, салат жауып мешіттегі жәрмеңкеге апарып сатады.
Өз баспаналары жоқ, қазір жалдамалы үйде тұрады.
Нағима өмірінде ең қатты қиналған сәті туралы айтып берді.
“Жолдасыма жоспарлы ота жасайтын болды, тура сол уақытта екі балам да ұстамамен ауруханаға түсті. Маған төрт көзіміз түгел болып дастарқан басында отырып, шай-тамақ ішу арман болып қалды”, – деді ол.
Ол қызының да бала кезінен көп қиыншылық көргенін, күні кеше жылап отырып Алладан көмек сұрағанын айтты.
Қара бетперде киген отбасыға ем қабылдауға және кәсіп ашуға қаржы, сондай-ақ жаңа пәтердің кілтін табыстады.
“Шынайы, көз жасымен жасалған дұға ешқашан зая кетпейді. Бұйыртса, осы қаражатпен емге барасыздар, қалаған кәсібіңізді ашасыз”, – деді қара бетперде киген жігіт.
Желі қолданушылары қара бетперде киген жігітке алғыс білдіріп, жылы пікірлерді жарыса жазып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін қара бетперде киген жігіт ерекше отбасыға үй мен көлік сыйлағаны хабарланған еді.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді