Қытайда 2027 жылдан бастап жылжымалы есік тұтқалары бар электрмобильдерге тыйым салынады

Қытайда жылжымалы есік тұтқалары бар жаңа электрмобильдерді сатуға тыйым салынады. Бұған себеп жол көлік оқиғасы кезінде есіктің істен шығып ашылмай қалуы болып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 3dnews.ru порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл элемент сыртқы көріністі ықшам етіп, аэродинамикалық кедергіні азайтады және көптеген электрмобиль өндірушілері ұмтылатын футуристік дизайнға сай келеді. Алайда мұндай тұтқалар қауіпсіздікті төмендетеді.
Қытайда жылжымалы есік тұтқалары бар жаңа электрмобильдерді сатуға тыйым 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілуі жоспарланып отыр. Реттеуші органдар мұны есікті тек электр қуатымен ашатын механизмдер жол-көлік оқиғасы кезінде немесе электр қуаты өшкен жағдайда жолаушыларды көліктің ішінде қамап қоюы мүмкін екенімен түсіндіреді. Мұндай жағдайда есікті ашу сияқты қарапайым әрекет өмір мен өлім мәселесіне айналуы ықтимал.
Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі жақында салмағы 3,5 тоннадан аспайтын барлық көліктерде ішкі және сыртқы жағынан механикалық апаттық ашу тұтқалары болуы тиіс деген талапты көздейтін заң жобасын жариялады. Заң жобасының мәні түсінікті. Апат салдарынан электрмобильдің аккумуляторы немесе сымдары істен шықса да, есіктер қолмен ашылуы керек. Autoblog жазғандай, көптеген электрмобильдер салонда механикалық тұтқалармен жабдықталған. Алайда иелері оларды күйзеліс жағдайында табу немесе пайдалану қиын екенін жиі айтады. Кейде мұндай тұтқалар мүлде жұмыс істемей қалады. Суық ауа райындағы ақаулар, іске қосылудың кешігуі және саусақтың қысылып қалуы да наразылық тудырып отыр.
Бұл мәселе тек Қытайға ғана тән емес. Осы айдың басында Rivian электрмобилінің бір иесі электр қуаты өшкен кезде апаттық есік тұтқасын таба алмаған. Жаңа ережелер BYD мен Mercedes-Benz сияқты бірнеше брендке әсер етсе де, басты назар Tesla электрмобильдеріне ауды. Tesla-ның барлық модельдерінде кузовпен біртұтас болып көрінетін, электронды басқарылатын ойық тұтқалар қолданылады. Электр қуаты өшкен жағдайда не болатынына қатысты бұл көліктердің иелері тарапынан шағымдар көбейіп келеді. Бұған дейін Tesla қатысқан жол апаттарында электрлі есік тұтқалары істен шығып, кемінде 15 адам қаза тапқаны хабарланған. Сондай-ақ Tesla Model Y жолаушылары тұтқалар жұмыс істемей қалған соң, көліктен шығу үшін терезені сындыруға мәжбүр болған жағдайлар тіркелген.
Алдағы уақытта Tesla айтарлықтай өзгерістерге тап болуы мүмкін. Өйткені АҚШ пен басқа да елдердің реттеуші органдары бұл электрмобильдердің қазіргі конструкциялары жаңа қауіпсіздік стандарттарына сай келе ме, соны зерттеп жатыр. Қытай әлемдегі ең ірі электрмобиль нарығы болғандықтан, есікті осындай тәсілмен ашатын конструкцияларды қолданатын брендтер нарықтағы үлесін сақтап қалу үшін өз шешімдерін қайта қарауға мәжбүр болады.
Бір кездері жылжымалы есік тұтқалары электрмобильдердің "керемет фишкасы" саналды. Бұрынғы жылжымалы фаралар сияқты. Алайда фаралардағыдай, бұл дизайн элементі де қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Қытайда жұмыс істейтін автокөлік өндірушілеріне модельдерін қайта жобалауға немесе күйзеліс жағдайында оңай табылатын, сенімді механикалық есік ашу тетіктерін енгізуге тура келеді. Мұндай қауіпсіздік талаптары әлемдегі ең ірі автонарықтардың бірінде енгізіліп жатқандықтан, басқа елдер де Қытайдың үлгісін ұстануы әбден мүмкін.
Алматы облысында кәсіпкер қараусыз қалған ғимаратты қалпына келтірген, алайда әкімдік оны тартып алған