12 науқасты улап өлтірген француз дәрігері өмір бойына сотталды

Францияда бұрынғы анестезиолог Фредерик Пешье өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол 30 адамды улаған, соның салдарынан 12 науқас көз жұмды. Пешьенің әрекетінен зардап шеккен ең жас науқас – төрт жасар бала. Бүлдіршіннің көмекей бездерін алу кезінде екі рет жүрегі тоқтап қалған. Ал ең қарт құрбан 89 жаста болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Францияның шығысындағы Безансон қаласының соты Фредерикті науқастардың дәрі тамызғыштарына жүректің тоқтауына және қан кетуге әкеп соқтыратын заттарды әдейі қосқаны үшін кінәлі деп таныды.
“Сіз – Өлім дәрігерісіз, кісі өлтіруші әрі улаушысыз. Сіз барлық дәрігердің абыройын төктіңіз. Ал клиниканы зиратқа айналдырдыңыз”, – деді прокурорлар.
Оқиғаның мән-жайы
Фредерик Пешье тергеушілердің назарына алғаш рет сегіз жыл бұрын іліккен. Ол 2008-2017 жылдар аралығында Безансондағы екі клиникада науқастарды улады деген күдікке ілінген.
Прокурор Кристин де Кюррез Пешьені “сериялық өлтіруші” және “болмысы бұзылған адам” деп атап, ол науқастардың жүрегі тоқтауы үшін дәрі тамызғыштарға ауырсынуды басатын дәрілермен немесе наркозбен бірге басқа заттарды қосып отырғанын мәлімдеді.
Прокурордың айтуынша, оның мұндай әрекеттерінің себебі әртүрлі болған. Кейбір жағдайларда Пешье өзі улаған науқастарды қайта тірілтіп, кейін өзін қаһарман етіп көрсеткісі келген.
Оның алғашқы құрбаны – 36 жастағы Сандра Симард. Оның жүрегі омыртқаға жоспарлы ота кезінде кенеттен тоқтаған. Пешье оны аман алып қалғанымен, әйел комаға түскен. Сотта сөйлеген сөзінде Симард отаның салдары өмір бойына қалатынын айтты.
“Бүкіл денем ауырады, өзімді қарт адамның тәнінде өмір сүріп жүргендей сезінемін”, – деді Симард сотта таяққа сүйеніп тұрып. Оның сөзінше, жағдайы көбіне кешке қарай нашарлайды, ал қыста ауырсыну тіпті күшейе түседі.
“Бірақ мен шағымданғым келмейді, тірі қалғаныма шүкір”, – деді ол.
Талдау нәтижелері оның дәрі тамызғыштарында калий мөлшері қалыпты деңгейден 100 есе жоғары болғанын көрсетті. Бұл туралы жергілікті прокурорларға хабарланған.
Бірнеше жәбірленушінің адвокаты Морган Ричард сотта Пешьенің науқастарды әріптестерін қаралау үшін “оққа жем, қару ретінде” пайдаланғанын алға тартты. Ал дәрігерлер науқастарындағы түсініксіз жанама әсерлер пайда болғанына қатты күйзелген.
Прокурорлардың мәліметінше, осылайша айыпталушы қарым-қатынасы нашар дәрігерлерге психологиялық қысым жасап, “билікке деген құмарлығын қанағаттандырған”.
Тергеу барысында Пешье улану жағдайларының басым бөлігін әріптестерінің “медициналық қателіктерінің” салдары деп түсіндірген. Ал сотта ол өзі жұмыс істеген екі клиниканың бірінде науқастарды улаған басқа бір адам болғанын, бірақ оның өзі емес екенін айтты.
“Мен мұны бұрын да айттым, қазір де қайталаймын: мен улаушы емеспін… Мен әрдайым Гиппократ антына адал болдым”, – деді бұрынғы анестезиолог.
Пешье 2008-2017 жылдар аралығында екі жекеменшік клиникада жұмыс істеген. Сол кезеңде қауіп қатері төмен оталар кезінде жүрек тоқтауы жағдайлары жиілеген. Дәрігерлер он екі науқасты құтқара алмай, олар көз жұмған.
Тергеу барысында құқық қорғау органдары “ауыр жағымсыз оқиғалар” туралы 70-тен астам есепті зерттеген. Бұл медицинада күтпеген асқынулар немесе науқастардың өліміне қатысты қолданылатын термин.
Пешьенің ең жас құрбаны – төрт жасар Теди. Оның 2016 жылы көмекей бездерін алу бойынша жоспарлы ота кезінде екі рет жүрегі тоқтаған.
“Біздің басымыздан өткен жағдай – нағыз қорқынышты түс. Біз дәрігерлерге сендік, бірақ олар бізді сатып кеткендей күйдеміз”, – деді Тедидің әкесі Эрве Хертер Тарби сотта.
Оның айтуынша, бала екі күн бойы комада жатқан, ал анасы сол уақыттың бәрінде төсегінің жанында тізерлеп тұрып дұға еткен.
Қазір 14 жастағы Теди сотта куәлік беруден немесе Пешьемен бір бөлмеде отырудан бас тартқан. Алайда оның әкесі баланың хатын оқып берді.
“Мен небәрі төрт жаста болғанымда, біреу мені және менің өмірімді басқа адамдарға қиындық тудыру үшін пайдаланғанын түсінемін. Қазір бір нәрсе жазу үшін сыныптастарымнан 10 минутқа артық уақыт қажет. Уланудың салдары өмір бойы менімен бірге қала ма деп қорқамын”, – деп жазған Теди.
Сот процесі бойы бостандықта жүрген Пешье енді кемінде 22 жылын түрмеде өткізеді.
Оның апелляция беруге 10 күні бар. Егер шағым түссе, бір жыл ішінде іс қайта қаралады.
Айта кетейік, бұған дейін қытайлық миллиардер суррогат аналар арқылы 100 баланың әкесі атанғаны хабарланған еді.
"Адамдар келсе айт, жылауға дайындалайық": Қазақстандықтар жаназа кезінде бастан кешірген жағымсыз жайттары туралы баяндады