"Қазақ қыздары жеңіл жүрісті дегенге намыстандым": 6 жыл Кореяда жұмыс істеген отандасымыз автоүй мен кемелер жасаған

Кореяда 7 жылға жуық уақыт тұрып, түрлі салада жұмыс істеген Гүлмира Нұрлаева шетелге жұмысқа баруға мәжбүр болдым дейді. Қызмет көрсету, егіндік, техника жасау саласында жұмыс істеген кейіпкеріміз зауыттан дайын маман болып шыққан. Қазір отандасымыз Қазақстанда. Гүлмира Stan.kz редакциясына берген сұхбатында Кореяға не үшін кеткенін, ол жақта қанша табыс тапқанын және онда жұмыс істеп жүрген басқа да отандастарымыз туралы баяндап берді.
Гүлмира Нұрлаева Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылының тумасы. Анасының сырқаты мен айлықтың аздығынан отанын тастап, шетелге жұмысқа кетуге мәжбүр болған.
“Кореяға кетуіме анамның сырқаты себеп болды. Анам қатерлі ісікке шалдығып, Қазақстанда ем алдық. Бірақ одан кейін жағдайы күрт нашарлап кетті. Сол себепті кейін Қазақстанда емдеткім келмеді. Сөйтіп анамның еміне ақша табу үшін жалғыз Оңтүстік Кореяға жұмысқа кеттім. Қазақстанда ломбардта, жол полициясында, тіпті күзетші болып жұмыс істедім. Бірақ бір айлықтан бір айлыққа жетем дегенше қарызға кіріп кеттім, ақша жинап, саяхаттай алмадым. Ең алғаш барғанда бір аптадай егіндікке шығып жүрдім. Он қытайлық азаматтың жанында бір өзім жүрдім. Ол кезде тіл білмедім. Бірақ ым-ишарамен, қара жұмыс болғандықтан бір-бірімізді түсінісіп, жұмыс істеп кеттік. Бір апта пияз тердік. Таңғы сағат 4-5 шамасында тұрасың, 6:00 кезінде көлік келіп алып кетеді. Жұмыс кешкі сағат 17:00-ге дейін, кейде одан да көп”, – дейді кейіпкеріміз.
Ол алғашында жұмыстың ауыр болғанын мойындайды. Тіл білмеуің де өз алдына стресс дейді. Гүлмира Кореяға барғанда елде жүріп жинаған ақшаға пәтер жалдаған.
“Ішінде мүлдем жиһаз да, көрпе-төсек те болмады. Киімдерімді төсеп, 2-3 күндеп тамақ ішпей жүрген кездерім де болды. Өйткені Қазақстаннан апарған ақшам жетпей қалды. Сөйтіп жүргенде дүкендердің бірінен қазақ жігітті кездестіріп қалдым. Ол мені басқа отандастарымызбен таныстырып, дастархандас болдық. Сондан үлкен зауыттың асханасына жұмысқа кіріп, 15 күн жұмыс істедім. Бір келгенде 150-200 адамдай келеді. Ыдыс жуып, үстел тазалап, еден жудым. Айлығы аз болды. Жұмыс таңғы 7-ден велосипедпен 30-40 минутта барамын. Одан таныстарымның ішінде кеме жасап шығаратын зауытта жұмыс істейтіндер болды. Олар басқа бригадаға мені жұмысқа шақырды. Бір зауытта, бірақ бөлек бригадада жұмыс істедік. Бригадада мен және бес кореялық азамат болды. Сол адамдармен жағаласып, сөз таластырып жүріп кәріс тілін үйрендім. Біз үлкен кеме, шағын немесе орташа қайықтар, балық аулайтын, адам тасымалдайтын кемелер жасаймыз. Қазір өзімді толықтай кеме жасаудың маманымен деп айтуыма болады. 3 жыл осы жұмыста жүріп, 3 жыл автоүйлер шығардық. Бұл да кеме жасайтын жұмысқа ұқсас, тек техникалары басқаша.
Фото: Видеодан скрин
Кейіпкеріміз желіде қазақ қыздарының түрлі ауыр жұмыстар істеп жүріп, адал еңбекпен ақша табатынын көрсетіп, видео жариялады. Айтуынша, шетелде жүріп, адал еңбек етіп жүрген қазақтың қаракөз қыздарын Қазақстанда жеңіл жүрісті деп сөз еткен. Ол отандастарымыздың қандай жұмыс істеп, немен айналысатынын да баяндады.
“Сондай видео жариялауға түрткі болған – “мұндағы қазақ қыздар бұзылып кеткен” деген сөз еді. Қазақстанда адамдар мұндағы жұмысты көріп-білмей жатып, бір адамға бола бүкіл адал еңбекпен нан тауып жүрген қаракөздерге топырақ шашқан. “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” дейді. Бір қыздар, бұзылып, бүлініп ақша тауып жатса, басқаларына жала жауып, намысына тиюге болмайды. Сондай қауесетті естіп намыстанып кеттім. Сөйтіп өзімнің әлеуметтік желідегі парақшама таныс отандас қыздардың жұмыс істеп жатқан сәтінен видео жасап, желіге салған едім. Отандастырымыздың көбі зауытта жұмыс істейді. Атап айтқанда, Кореяда косметика, автокөліктердің, кір машинасының бөлшегін шығаратын, түрлі пластик шығаратын зауыттар көп. Ер адамдардың көбі құрылыста, егіндікте көлемге жұмыс істейді. Яғни, қаншалықты көп жұмыс істесе, соншалықты көп ақша алады”, – дейді Гүлмира Нұрлаева.
Айтуынша, отандастырымыз қосымша жұмыстарды да істейді. Бір күні егіндікке шығады, екінші күні зауытқа барады. Күн сайын әртүрлі жұмыс істейді. Оның бір жақсысы, жалақыңды күнде алып отырады. Содан соң ауруханаларда жасы үлкен кісілерге күтім жасауға жалданатындар бар. Гүлмира секілді кеме, автоүйлер жасап шығаратын зауыттарда, қонақүйлерде, кір жуатын жерлерде жұмыс істейтіндер де жетерлік. Кейіпкеріміз Кореяда 6 жарым жыл тұрып, соңғы жылдары бала көтеріп, бала күтімімен отырып қалдым дейді. Сол уақытты санамағанда 25 миллион теңгедей табыс тапқан.
Оның сөзінше, әйелдердің алатын айлықтары ең кемі 750-800 мың теңгеден басталады. Жоғарысы, яғни қара жұмыс істесе айына 1 200 000-1 500 000 теңгедей айлық алады. Ер адамдардың табысы 900 мың-1 000 000 теңгеден басталады, көп дегенде 2-3 миллион теңгедей ақша табады. Бұл жұмыстың ауырлығына байланысты дейді ол.
Гүлмира шетелде жүріп адал дос, жақсы жолдас тапқан. Ол отандастарының өзі қиналған кезде көмектесіп, демеу болғанын айтты. Бұл ол үшін ең жылы, естен кетпес естелік.
“Мен Кореяда жүргенімде анам қайтыс болды. Сонда мені жалғыз қалдырмай, жанымдағы қазақ қыздары мен жігіттері бірігіп, қалталарынан ақша шығарып, үлкен дәмхана жалдап, менің анама Құран оқытты. Осы естелік менің мәңгі жүрегімде. Қазақтың ауызбіршілігі, бауырмалдығы мен жанашырлығын сол жерде сездім. Қол ұшын созып, анамның жеті күндігі, қырық күндігінде үйіме келіп, көңіл айтып, қолдау көрсетіп, жанымда болғанын ешқашан ұмытпаймын. Ойнап-күлген қуанышқа толы сәттер де жетерлік”, – дейді кейіпкеріміз.
Фото: Гүлмираның жеке мұрағатынан/Ата-анасы және ағасы
Гүлмираға дамыған, қарапайым халық үшін барлық жағдай жасалған елде тұрған әбден ұнаған. “Билік халық үшін жұмыс істегенін көргенде жаным тыныш тапқандай болды” дейді ол. Сондай-ақ шетел азаматы болса да өзін еркін, қауіпсіз сезінген. Адамдардың бір-біріне түсіністікпен қарауы, мәдениетінің жоғары болуы ерекше ұнаған.
“Үйренісе алмаған дүниелер болды. Атап айтқанда, жергілікті тағамдар. Кейін етім үйрене бастағанда біздің тамақтануымыз қаншалықты дұрыс емес екенін түсіндім. Корея халқы денсаулыққа пайдалыны тұтынады. Бөтен елге тіл білмей келгендіктен біраз қиналдым. Бұл елдегі мені таңғалдырған дүние көп. Мысалы, үлкен зауыттың бастығы қызметкермен иіліп амандасып, жаныңда қоқыс жинап жүре береді. Мұны Қазақстанмен салыстырғанда үлкен артықшылық деп атар едім. Екіншісі, олардың бір-біріне деген сыйластығы. Қазақстанда жол қозғалысы кезінде жүргізушілер бір-біріне дөрекі сөйлеп, құрметсіздік танытса, мұнда керісінше, бір-біріне аса құрметпен қарайды, бір-бірін күтеді, сабыр сақтайды, мәдениет танытады. Тағы бір байқағаным, жергілікті халықтың ауызбіршілігі мол әрі еңбекқор. Таңнан тұрып, ерте жатады. Аулаларынан бос жер көрмейсің. Шағын жер болса, тазалап, тырмалап, оны да пайдаланады. Мысалы, гүл, көкөніс егіп қояды”, – дейді ол ерекше тебіреніспен.
Кейіпкеріміздің пікірінше, Оңтүстік Коряның дамыған елдердің қатарында болуы Қазақстанмен салыстырғанда жемқорлықтың аздығынан. Халыққа беталды салық салу, несие алса үстінен пайызын көтеру деген жоқ дейді ол. Кореялықтар несие алса 2-3% ғана төлейді екен. Мұнда шағын, орта кәсіптерге жақсы қолдау көрсетіп, мемлекет тарапынан қайтарымсыз 100 миллион вон көлемде қаражат беріледі. Ол адам банкротқа отырған жағдайда, қайта жағдайын түзеу үшін мемлекет тағы көмектесетін көрінеді.
“Қазақстанда қайтарымсыз деп берілетін небәрі 2-3 миллион теңгенің өзін танысың болса ғана аласың. Осындай жемқорлық мемлекеттің дамуын тежейді. Кореяда біздегідей жол қозғалысын “Сергек” сияқты бақылап, айыппұл салатын жүйе жоқ. Камералар бар, бірақ өте аз. Үлкен тас жолдарда көліктердің жылдамлығын бақылайтын камералар қойылмайды. Өйткені ол жолда жоғары жылдамдықпен жүруге рұқсат. Осыған қарап отырып, бізде тек халықтан ақша алудың амалын жасайды деп түсінесің. Тіпті, қоғамдық әжетханаларға дейін таза әрі тегін. Бұл әрине, халықтың мәдениетіне байланысты. Біздің елдегі өзекті мәселе – жалақы. Бізде жалақы өте төмен. Құрылысшылар ауыр жұмыс істейді, бірақ алатын айлықтары мүлдем сай емес. Кореяда құрылыста істесең, бір жалақыңа ең соңғы үлгідегі гаджет аласың, тағы бір-екі ай жинасаң қалаған автокөлігіңді ала аласың. Ал бізде көлік алу үшін 10 жылдап ақша жинайсың”, – дейді Гүлмира.

Фото: Гүлмираның жеке мұрағатынан/Гүлмира күйеуімен және ұлымен
Кейіпкеріміз Кореяда медицина саласы, сауда-саттық орталықтары мен шағын дүңгіршектердің өзінде адамдарға қызмет көрсету дәрежесінің өте жоғары екенін айтады. Алты жыл ішінде жергілікті халықтың мәдениеті пен менталитет деңгейінің жоғары екеніне көз жеткіздім дейді ол. Десе де, Қазақстан мен Корея халқының ұқсастықтары да барын жасырмады. Қореялықтар та қазақтар секілді қонақжай, үлкенді қатты сыйлайды.
“Сондай-ақ олардың басым бөлігі Құдайға сенбейді. Христиан дінін ұстанатындар бар. Алайда дінін сұрасаң “сенбеймін” деп жауап беретіндер көп. Бірақ өте мейірімді әрі әділетті. Ондағы халық уәде бергенін көп жағдайда ұмытып кетеді және бұл олар үшін қалыпты дүние. Күйеуім қазір сол автоүй жасап шығарады. Екеуіміз Instagram арқылы танысқан едік. Кореяда бір топ бар еді сонда суретімді жарияладым. Сөйтіп желіде көп хаттар келетін болды. Арасында күйеуім болған екен. Осылай танысып, сөйлесіп кеттік. Мен жұмыстан ақшамды ала алмай қалғанда жұмысқа тұруға көмектесіп, жанымда қамқор болған. Сөйтіп тіл табысып, шаңырақ құрдық. Қазір Қазақстанда ата-енеммен, баламмен тұрып жатырмын. Күйеуім Кореяда. Бір жағдайларға байланысты елге келе алмай жатыр”, – деді кейіпкер.

Фото: Гүлмираның жеке мұрағатынан
Елге оралуына өзегіндегі өкініш себеп болған. Десе де кейіпкеріміз қазақстандықтарға мүмкіндік болса шетелде жұмыс істеуге, көкжиегін кеңейтіп, ақша тауып жүріп, ел-жер көруге кеңес береді.
“Анамның басына баруым керек болды. Сондай-ақ Кореяда баламен жұмыс істеу қиын болып кетті. Сөйтіп Қазақстанға оралатын болып шештім. Мүмкіндік болса, әрине болашақта Кореяға барамын. Ол жақта біраз жоспарды орындап барып елге келген дұрыс деп санаймын. Қазір баламен үйде отырмын. Корей тілін оқи бастаған едім, соны жалғастырып жатырмын. Қазақстандықтарға шетелде жұмыс істеуге кеңес беремін. Бұл тек ақшаға қатысты айтқаным емес. Адам өзі комфорт зонадан шығып, үйреншікті ортасынан кетіп, қиындықты жеңіп үйренуі керек. Осылайша көп нәрсенің қадіріне жетеді, көзі ашылады. Тұлға ретінде ол адам өседі, дамиды”, – деп санайды Гүлмира.
Бұрынғы Гүлмира мен жеті жылдан кейінгі Гүлмираның арасы жер мен көктей дейді отандасымыз. Сондықтан адам өсіп, даму үшін ел көріп, жер көру керек деп санайды.
"Кәнсіл": Қазақстандықтар 2025-тің жыл сөзін таңдады