"170 мың теңгеден аса айыппұл мен қамау жазасы": Қазақстанда самокат мінушілер үшін жауапкершілік қалай күшейтіледі
Фото: pixabay.com
Мәжіліс депутаттары әкімшілік кодекске өзгерістерді екінші оқылымда қабылдады. Енді жол ережесін бұзған немесе жол-көлік оқиғасына қатысқан самокатшыларға айыппұл немесе әкімшілік қамау қарастырылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа құжатта Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабында көрсетілетін "жол қозғалысының өзге қатысушылары" қатарына электр самокат мінушілерді де қосу ұсынылған.
Бұған дейін бұл санатқа тек велосипедшілер, мал, арба айдайтындар және автокөлік жолаушылары кіретін. Электросамокат жүргізушілері бұл тізімде болмағандықтан, оларды жол ережесін бұзғаны үшін немесе жол-көлік оқиғасына қатысы үшін жауапқа тарту қиын болған.
Егер түзетулер толық мақұлданып, күшіне енсе, электросамокат мінушілерге келесі жазалар қарастырылады:
- Жол ережелерін сақтамағаны үшін – 2 АЕК айыппұл;
- Жәбірленушілері бар, бірақ қылмыстық құрам жоқ жол апаты немесе материалдық шығын келтіру – 10 АЕК айыппұл;
- Жыл ішінде жол ережесін қайталап бұзу – 10 АЕК;
- Қайталап жол апатына себеп болу – 20 АЕК айыппұл немесе 12 сағат қоғамдық жұмыс, немесе 3 тәулікке әкімшілік қамау.
2026 жылы 1 АЕК – 4325 теңге.
-
"79 миллиард теңге": Қазақстандағы ақылы жолдан түсетін қаражат қайда кетеді
-
Қазақстанда ақылы жолдарда жылдамдықты асырған көліктердің деректері тіркеледі
Бұдан бөлек, жүргізуге құқығы жоқ немесе құқығынан айырылған адамды электросамокатпен шығарғаны үшін кикшеринг компаниялары да жауапқа тартылады. Оларға:
- 25 АЕК айыппұл,
- ал құқығы жоқ самокат мінушісі жарақат немесе шығын әкелген апат жасаса – 40 АЕК айыппұл салынады.
Қазір бұл түзетулер сенатқа жіберілді. Одан кейін президенттің қол қоюына жіберіледі. Кодекске өзгерістер ресми жарияланғаннан кейін 6 ай өткен соң күшіне енеді.
"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады