Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәсекелестер қолдап, күтпеген жерден ақша түседі": Желтоқсан айына арналған жұлдыз жорамал

Желтоқсан айына арналған жұлдыз жорамал

Фото: Ru.freepik.com

Астрологтар желтоқсанда денсаулыққа көңіл бөлуге кеңес береді. Желтоқсанның басында көп адам өзін бұрынғыдан әлдеқайда жақсы әрі еркін сезінеді. Жұлдыз белгілерінің соңғы уақытта ойлап жүрген идеялар мен бастамаларды жүзеге асыруға деген құлшынысы пайда болады. Stan.kz ақпарат агенттігі желтоқсан айына арналған жұлдыз жорамалды назарларыңызға ұсынады.

Тоқты

Желтоқсан айында тоқтылар барынша маңызды және күрделі мәселелер шешуге тырысыңыз, ұсақ-түйекке үйір болмаңыз. Желтоқсан – жағдайды жалпы тұрғыдан көруге болатын кезең. Осылайша сіз не нәрсеге басымдық беру керегін түсінесіз. Жұмыста жаңа міндеттер мен жауапкершіліктер артылуы мүмкін және олардың көп бөлігін тәлімгерсіз, көмекшісіз, өз бетіңізше шешуге тура келеді. Іскерлік қатынастарда бастамашыл болуға тырысыңыз. Бір кездері сізге пайдалы болған адамдарға өзіңізді еске салудан, жетістіктеріңізді айтып, идеяларыңызды бөлісуден тартынбаңыз. Қолдауды бірден сезінбеуіңіз мүмкін, бірақ алдағы уақытта көмегі тиіп қалуы ықтимал. Өз сезімдеріне жиі ерік беретін тоқтылардың жеке өмірінде жағдай бір қалыпты болмайды. Олардың энергияларын дұрыс арнаға бағыттауы қиын. Кейін түзелуі қиын қателіктерге ұрынады. Дегенмен қуаныш сыйлайтын сәттер де болады.

Торпақ

Торпақтар үшін қыстың алғашқы айы эмоциялық тұрғыдан қиынға соғуы мүмкін. Алайда уақыт өте жағдай жақсарады. Бұрын шешімін таппай жүрген мәселелерді сабырмен реттеуге мүмкіндік туып тұр. Әрекеттерді жүйелеп, асықпасаңыз қате жіберу ықтималдығы да төмен. Желтоқсанда болашақ туралы ойлануға, жоспарларды талқылауға уақыт пайда болады. Ең бастысы, өзіңіз бет алған бағытты анық көресіз және жақында жететін мақсатыңызды нақтылайсыз.

Егіздер

Егіздердің өмірінде қиындықтар туындауы мүмкін. Аталған қиындықтар қатты қалжыратпаса да, сезімтал және әсершіл адамдарды мең-зең күйге түсіреді. Көмек қажет кезде “жаныңнан табылуға сөз берген” жанның өтінішті елемей, аяқасты естуі көңіліңе тиеді. Бірақ егер сіз болып жатқан оқиғалардың негізгі себебін түсінуге тырыссаңыз және мәселелерді тез шешіп, жағдайды қалыпқа келтірудің жолын тапсаңыз, бәрі өз орнына келеді. Желтоқсанның ортасынан бастап өміріңіздегі жағдайлардың сәтті өрбіп келе жатқанын, адамдардың сізді жақсы түсінетінін, қаржылық мәселелердің оңай шешіліп жатқанын байқайсыз. Жеке өмірінде өзгерістерге ұмтылатындар да дәл осы кезеңде бастамашыл болғаны дұрыс. Ал іскер жандар үшін басқалардың әрекеттерін мұқият бақылап, тәжірибе жинау тиімді болмақ.

Шаян

Желтоқсанның алғашқы жартысы іскерлік салада табысқа жетуді немесе кірісін арттыруды жоспарлап отырған шаяндар үшін оңайға соқпауы мүмкін. Жұмыста міндеттеріңіз көбейеді. Өсек-аяң, бәсекелестеріңізбен арадағы кикілжіңдер сіздің беделіңізге нұқсан келтіруі ықтимал. Қауіп-қатерді азайту үшін аса ірі жобалардан аулақ болып, ұсақ-түйек істермен айналысыңыз. Кейде кәсіби мақсаттарға жету үшін жанама жолдарды қолдануға тура келеді, бірақ бұл ойлаған нәтижеге жетуге кедергі болмайды. Желтоқсанның екінші жартысында жұмысыңызда тасыңыз өрге домалайды. Соңғы уақытта уайымнан арылмаған шаяндар сәл демалып, тынығуға мүмкіндігі бар. Жаңа саланы байқап көргісі келетіндерге жаңа перспективалар ашылады. Бастапқыда оңай болмауы мүмкін, бірақ тез арада маңызды қадамның бекер болмағанын түсінесіз. Желтоқсан айында ерекше кездесу мен таныстықтар көп болмақ. Жеке өмірде айтарлықтай өзгерістер болады. Шаяндардың интуициясы өте күшті болады, бұл оларға жақындарын жақсы түсінуге және жаңа таныстармен ортақ тіл табысуға мүмкіндік береді.

Арыстан

Бұл айдың басында көп арыстандардың өз істері мен уайымдарына беріліп кеткені соншалық, маңызды оқиғаларды байқамай, оларға мән бермейді. Басқалардың өзіне деген сезімін дұрыс түсінбей қалуы ықтимал. Бұл қарым-қатынастағы қиындықтар мен келіспеушіліктерге, дауларға әкеп соғуы мүмкін. Бұрынғы іскерлік келісімдер бұзылып немесе жеке қарым-қатынастарда кедергілер туындауы бек мүмкін. Бәрін қалпына келтіргіңіз келсе, мәселелерді шешу жолдарын іздеңіз. Барлық әрекеттер сәтті аяқталмауы мүмкін, бірақ берілмей, табандылық танытсаңыз, жақын арада бәрі оңалып жатқанын байқайсыз. Желтоқсанның ортасы кәсіби салада жаңа мүмкіндіктерге, қаржылық табысқа ғана емес, өз-өзіңізді көрсетуге, маңызды өзгерістерге ұмтылатын арыстандар үшін қолайлы болады. Басқаларға пайда әкелетін әрекеттеріңіз неғұрлым көп болса, өзіңізді соғұрлым сенімді сезінесіз, бұл айналадағы адамдармен қарым-қатынасты оңалтуға оң әсер етеді. Айдың соңында жеке өміріңізге көңіл бөліп, соңғы уақытта мазалаған мәселелерді шешуге болады. Көптеген арыстандар бұрын жіберген қателерін түзетуге мүмкіндік алады немесе ұзақ уақыт ұнатқан адамға алғашқы қадам жасауға шешім қабылдайды.

Бикеш

Желтоқсан бикештер үшін сәтті болмақ. Бұл ай бұрын ойға келмеген мүмкіндіктерді ашады. Жұмыс немесе кәсіби салада не істесеңіз де бәрі сәтті болғалы тұр. Кейбір бикештер өздерін бұрыннан ерекше қызығатын салада жаңа қырынан көрсете алады. Жаңа нәрселерді тез уақытта үйрену қажет болады. Ал кейде барлық міндеттерді уақытында орындау үшін қосымша жұмыс істеуге тура келеді. Кәсіби салада да, жеке өмірде де сіз айналадағы адамдарға сене аласыз. Сізге әртүрлі адамдар қолдау көрсетеді. Сондай-ақ бикештер жаңа достар табады. Желтоқсан қаржылық салада оң өзгерістер әкеледі. Бұрын жасалған мәмілелердің арқасында кірістеріңіз артуы ықтимал.

Таразы

Желтоқсан айында кішігірім қиындықтар болуы мүмкін. Бір айда бірнеше маңызды мәселелерді шешіп, ұзақ уақыттан бері келген күрделі істі аяқтайсыз. Әсіресе, өз бетінше шешім қабылдап, басқаларды басқаруға, ұйымдастыруға немесе басқа адамдардың жұмысын тексеруге тырысатын таразылардың айы оңынан туып тұр. Іскерлік салада бірнеше маңызды оқиғалар болуы мүмкін, сондықтан көп таразылар жұмысты басты орынға қояды. Табысқа жету немесе өз позицияңызды нығайту мүмкіндігін жібермеңіз. Жеке өмірде бәрі қалыпты. Шағын келіспеушіліктер туындауы мүмкін, бірақ сіз болып жатқан жағдайға байыппен қарауға тырыссаңыз, оларды тез шешуге болады. 

Сарышаян

Желтоқсан сарышаяндар үшін оқуға, еңбек етуге және бәрін ой елегінен өткізуге өте қолайлы уақыт. Бұл жұлдыз белгілері біраз күрделі мәселелерді реттеп, бұрын түсінбеген дүниелердің байыбына барады. Сұрақтарыңызға жауап алу үшін көп мәлімет жинап, жан-жақты талдайсыз. Алған біліміңіз сізге жақын арада керек болады. Тіпті сол білімнің арқасында кәсіби мәртебеңізді нығайтып, мансап жолында жоғарылауыңыз да мүмкін. Желтоқсан тосын жайттарға толы болмақ. Бірақ ай басында жалпы жоспар құрып қойған дұрыс. Демалысты да ұмытпаған жөн. Жұмысбасты болып жүріп жеке өміріңізде қиындықтар туындауы мүмкін. Салдарынан туған-туыстармен қарым-қатынас шиеленісіп, ай соңына қарай денсаулық та сыр бере бастауы ғажап емес.

Мерген

Мергендер үшін желтоқсанның басы ерекше қызық болмақ. Бұл кезеңде жаңа таныстықтар мен тосын кездесулер көп болады, ортаңыз толады. Түрлі адамдармен тез тіл табысып, өзіңізге мүлдем ұқсамайтын адамдардан көп нәрсе үйренесіз. Іскерлікте де, жеке өміде де өзгерістер болуы мүмкін. Бұрын қалыпты әрі дұрыс деп санаған дүниелерге басқаша қарай бастайсыз, өміріңізге жаңалық енгізгіңіз келеді. Айдың екінші жартысында атқаратын жұмыстар көбейеді. Бұл кезде сізге жүктелген міндеттер артып, оны көбіне өзіңіз орындауға тура келеді. Басқалардың қателерін түзеуге немесе басқалардың қателігінен болған мәселелерді шешу үшін қосымша тер төгуге тура келеді. Бұл кезең тәжірибе жинау үшін өте қолайлы, бірақ желтоқсанның соңын бұдан да көңілді өткізуге тырысыңыз. Бір қуантатыны – қаржылық мәселелер оң шешімін табады. Ақша күтпеген жерден де түсуі мүмкін. Қалай болғанда да, қарыздар мен несиелер болса, оларды реттеуге тырысыңыз. Сондай-ақ алдағы уақытта ақшаңызды қайда жинайтыныңызды ойлана жүріңіз.

Тауешкі

Желтоқсанда тауешкілерге өте мұқият болған жөн. Өз мүддеңізді қорғау үшін кейде қатаңдық танытуға тура келеді. Жұмыста келіспеушіліктер пайда болуы мүмкін, сондықтан кейбір тауешкілер өзіне бәсекелестер жинамас үшін сақтықпен әрекет еткені дұрыс. Егер өзіңізді кәсіпте сынап жүрсеңіз, бәсекеге түспес бұрын бәрін жақсылап ой елегінен өткізіңіз. Себебі қарсыластарыңыз кез келген әрекетке баруы мүмкін, ал ондайда олардан басым түсу қиынға соққалы тұр. Күнделікті үйреншікті жұмыста айтарлықтай қиындықтар туындамайды, бірақ өзіңізге артылатын жаңа міндеттерге дайын болыңыз. Тауешкілердің барлығы бірдей өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалай бермейді, сол себепті кейбірі көтере алмайтын шоқпарды беліне байлауы мүмкін. Серіктестер табу да оңайға соқпайды, өйткені желтоқсанда көпшілік өз жұмысына барынша беріліп, өзге біреудің мәселесіне көңіл бөле бермейді. Ал жеке өміріңізде бәрі қалыпты, тыныш әрі тұрақты болады. Дегенмен жақсы өзгерістердің болуы өз қолыңызда: егер өзіңіз қадам жасап, жақындарыңызға қамқорлық танытсаңыз, отбасыңызбен қатынасыңыз нығая түседі.

Суқұйғыш

Желтоқсан – суқұйғыштар үшін іштей жаңарып, бір маңызды рухани өзгерістен өтетін кезең. Бұл процесс оңай болмауы мүмкін, бірақ дәл осы өзгеріс сізге өсу мен дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Айдың басын айналадағы жағдайды талдаудан бастаған дұрыс. Мүмкін, осы уақытқа дейін сағымға бой алдырып, көз алдыңыздағы маңызды нәрселерді байқамай жүргеніңізді немесе тезірек түзетуді қажет ететін қателер жібергеніңізді түсінерсіз. Өз эмоциялық жағдайыңызға да назар аударған жөн. Өзіңізді не мазалайтынын, өмірден ләззат алуға немесе жақындармен жақсы қарым-қатынаста болуға не кедергі екенін түсінуге мүмкіндік туады. Өз-өзіңізге шамадан тыс қатал болмай, өзіңізді де еркелете біліңіз. Бұл ай өте жемісті болады. Жұмысқа көбірек көңіл бөлген суқұйғыштар өз позициясын нығайтып, мансапта жоғарылайды. Бұл жерде олардың адамдармен тіл табыса білу, келісімге келу, ортақ шешім табу қабілеттері пайдаға асады. Осыған дейін бәсекелес болып келген жандардың өзі сізге қолдау көрсетуге дайын болады. Іскерлік қатынастарда да өзгерістер болуы мүмкін. Бұрын жақын тартпаған адамдардың өзі келіп, өздері сөйлесуге ниет білдіреді, тіпті қызық ұсыныстар айтуы ықтимал.

Балықтар

Желтоқсанда балықтарға бірнеше маңызды шешім қабылдауға тура келеді. Жоспарыңыздың бір бөлігін жүзеге асыра бастайсыз, ал кейбірін келесі жылға шегеруге мәжбүр боласыз. Бірақ жоспар құруды дәл қазірден бастаңыз. Интуицияңызға құлақ салыңыз. Оның көмегімен жағдайды дұрыс бағалап, қалай әрекет еткен жөн екенін және кімнен көмек сұрауға болатынын түсінесіз. Жұмысты ауыстыру немесе көшу туралы ойлар да пайда болуы мүмкін. Бұл бос қиял емес – сіз шынымен жүзеге асыруға болатын мүмкіндіктер. Егер күмән туса, ескі достарыңыздан немесе сізді жақсы танитын адамдардан кеңес сұрағаныңыз дұрыс. Бұл ай аяқсыз қалған жобаларды аяқтауға өте қолайлы. Көптеген балықтар бұл кезеңде жеке өмірін бірінші орынға қояды. Жақындарымен көбірек уақыт өткізгісі келеді. Айдың екінші жартысында жақындарыңыздың жанында болуға мүмкіндік туады. Осы кезеңге отбасылық шаралар мен сапарларды жоспарлауға болады.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 01 Желтоқсан, 2025 14:38