Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"15 сағат бұрын ғана сүндет той өткізген": Түркістан облысында өрттен қаза тапқан 12 адамның жаназасы шығарылды

12 адамның жаназасы шығарылды

Фото: Stan.kz

Түркістан облысының Алғабас ауылында өрттен қаза тапқандардың жаназасы болды. Оларды соңғы сапарға шығарып салу үшін ауыл тұрғындары жиналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салуға көптеген адамдардың жиналғанын көруге болады. Және бірнеше жүк көлігінің (газел) кезекпен шығып бара жатқаны да кадрларға түсіп қалған. 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Алғабас ауылындағы жеке үйде 12 адамның өмірін жалмаған өрттің себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуы болуы мүмкін. 

"Газдан болған жоқ, жарылыс та естілмеді. Маған электр сымдары тұйықталып, тоқтан шыққан деп айтты. Адамдар аман ба деп сұрадым. Маған 12 адамның қаза тапқанын, үшеуі ауруханада жатқанын айтты", – деді қаза тапқан отбасының көршісі Қайырберген Болжымбетов.

12 адамның жаназасы шығарылды

Фото: Stan.kz

Қайырберген Болжымбетов куәгер ретінде сұралғанын да айтты. Ол үйдің ішіне кірген.

"Үйдің іші түгелдей жанып кеткен. Барлық мүлік күлге айналған. Қарауға келетіндей ештеңе қалмаған, бәрі толық күйіп кеткен. Бұл отбасы осы үйге үш жыл бұрын көшіп келген. Әкесі қайтыс болған. Ұлы Даурен (1994 жылы туған) отбасымен бірге осы жерде тұрған. Төрт баласы бар еді, осы үйде үнемі ойнап жүретін. Үш туған бауыр бар, бірі осы көшеде, екіншісі көрші ауылда тұрады. Шараны ұйымдастырған отбасы тойдан кейін үйлеріне кеткен. Ал екінші бауырдың отбасы осы үйде түнеген", – деді Қайырберген Болжымбетов.

Ерекше назар аударатын жайт – екі қабатты үйдің барлық терезелері темір тормен жабылған. Өрт кезінде адамдардың эвакуациялануына бұл кедергі болды ма, оны тергеу анықтайтын болады. Мамандар үйдің құрылымын тексеріп, зақымдарды тіркеп, өрттің нақты себебін анықтау үшін мәліметтер жинап жатыр.

“Таңғы 5-те көмек сұрап, айқайлаған дыбыс естідім. Ұлымды оятып бардым, қып-қызыл жалын. Әйел шамасы жеткенше айқайлаған секілді. Алайда уланып қалған ғой, соңында"

Фото: Stan.kz

“Бір адам өрттен өз күшімен шығып үлгерген: Жағдайы ауыр”

Ал вице-премьер Қанат Бозымбаев Түркістан облысының Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өрттің себептерін тергеп-тексеру бойынша құрылған Үкіметтік комиссия мүшелеріне бірқатар тапсырма берді.

Айтуынша, қаза тапқан азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілуде. Ауруханаға түскен үш адамның жағдайы ауыр, олар жансақтау бөлімінде жатыр. Құтқарушылар келген сәтте зардап шеккендердің бірі, 1986 жылы туған азамат үйден өз күшімен шығып үлгерген. Оның жағдайы ауыр деп бағалануда, денесінің 12%-ын күйік шалған. Тағы екі зардап шегуші – 1991 және 2018 жылы туған азаматтар да, денесінің 30% және 11% күйігімен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Қазір олар ӨЖЖ аппаратына қосылған. Жедел медициналық көмек көрсету үшін Шымкенттен санитарлық авиация бригадасы ұшып шыққан.

12 адамның жаназасы шығарылды

Фото: Stan.kz

Вице-премьер әкімдікке және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қаза тапқандардың отбасыларына қажетті материалдық көмекті толық көлемде көрсетуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендердің жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, қажет болған жағдайда санитарлық авиацияны пайдалана отырып, оларды Астана қаласына жеткізуді ұйымдастыру жүктелді. Ішкі істер министрлігіне адамдардың қаза болуына қатысты сотқа дейінгі тергеудің барысын ерекше бақылауға алу тапсырылды.

Төтенше жағдайлар министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үйлер, әсіресе ХӘОТ жататын отбасылардың үйлеріне, жатақханалар мен хостелдерге рейд жүргізу туралы тапсырма берілді. Рейд барысында пеш жүйелерінің жағдайы тексеріліп, ақаулар анықталса, оларды жедел түрде жою қажет.

STAN.KZ
Сейсенбі, 18 Қараша, 2025 19:34
Талқылау