Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экс-депутат Төлеутай Рақымбековтің өгей қызы әкесі үйін тартып алғанын айтып, көмек сұрады

Фото: видеодан скрин, eldala.kz

Желіде "Ауыл" партиясы төрағасының бірінші орынбасары, экс-депутат Төлеутай Рақымбековтың өгей қызы Айбота Рақымбекованың үндеуі тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айбота Рақымбекованың сөзінше, өгей әкесі баспанасын тартып алған. Айбота қазір нәрестесімен бірге дағдарыс орталығында тұрып жатқан көрінеді. 

"Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы. Мен Рахымбекова Айбота, өгей әкем Төлеутау Рақымбековтың әрекеттері салдарынан қиын жағдайға тап болдым. Нәрестеммен бірге баспанасыз, қаражатсыз қалдым. Төлеутай Рахымбеков ммені неге бағып алды? Менің балалық шағымның барлығы үреймен өтті. Өгей әкемнен қатты қорқатынмын. Тұйық қыз болып өстім. Ал 2022 жылы анам қайтыс болғаннан кейін өгей әкем мені алдап, маған тиесілі мұраны иемденіп, мені үйден қуып шықты. екі жылдан бері құқық қорғау орындарына жүгініп әділдікке қол жеткізе алмай келемін", – дейді Айбота видеоүндеуінде.

Сондай-ақ ол өгей әкесінің өз лауазымын пайдаланып, соттан жалтаруға тырысып жатқанын айтады. Әйелдің сөзінше, Төлеутай Рақымбеков қысым көрсетіп, билікте байланыстары бар екенін айтып қорқытқан және қажетті сараптамалардың жүргізілуіне кедергі келтірген.

Айбота бірнеше рет бұл мәселеге құқық қорғау органдары мен партия басшылығының назарын аудартуға тырысқан, бірақ нәтиже болмапты.

“Рақымбеков Төлеутай маған тиесілі заңды мүлкімді маған бермей отыр. Не себепті оның асырап алған қызы далада қалды? Егер ол өзі бауырына басқан қызына осындай қорлық көрсетіп отырса, қарапайым халыққа ол не бере алады? Мен “Ауыл” партиясының басшылығына да өтінішпен жүгіндім. Алайда олар бұл өтінішімді қабылдаған жоқ. Мен Рақымбеков Төлеутайдың Ұлттық кеңестен алынып тасталуын сұраймын. Мен оның шынайы келбетін білемін. Мұндай адамдар жоғарғы лауазымда қызмет атқармауы керек”, – дейді әйел.

Айта кету керек, Айбота 2022 жылдан бері әділдік іздеп келеді. 

Еске салсақ, өткен жылы ІІМ өкілдері шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Алайда содан бері істің барысы туралы ешқандай ақпарат жарияланбаған. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 21:21
Талқылау