"Қуаныштан көз жасын тыя алмады": Димаш Испаниядағы концертінде жанкүйерінің арманын орындады
Фото: Dimashnews.com
8 қарашада Барселонаның әйгілі Олимпиялық аренасы – Olimpic Arena Badalona-да өткен Димаш Құдайбергеннің жеке концертінде өнер иесі қазақтың ұлттық нақыштағы көйлегін киіп келген қыздың арманын орындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергенның Испаниядағы тұңғыш концертін тамашалауға келгендердің қатарында жас қазақ әншісі Жанель Әли де болды. Ол Испаниядағы фан-клубтың мүшесі, осыған байланысты концерт алдындағы pre-party-де “Ұмытылмас күн” және “Махаббат бер маған” әндерін орындаған.
Olimpic Arena Badalona сахнасында өткен шоуға ұлттық нақыштағы әсем киім киіп келген Жанель Димаштың назарын аударған. Өнер иесі онымен тілдесіп, Жанельдің вокалист екенін біліп, сахнаға шығуға шақырған.
Фото: Dimashnews.com
Көпшілік алдында жас әншіні жылы сөзбен қолдап, дем берген Димаш Жанельдің орындауында өзінің авторлық әні – “Ұмытылмас күннің” үзіндісін тыңдап, оған өнер жолында сәттілік тіледі.
Жанель туралы не белгісі?
Жанель DimashNews-қа берген сұхбатында өз өмірін туралы айтып берді.
15 жастағы Жанель Әли Астана қаласының тумасы. 2022 жылы отбасының жұмысына байланысты Испанияға қоныс аударған, бүгінде Аликанте қаласында тұрады.
"Мен бала күнімнен ән айтуға әуеспін, сол себепті Қазақ ұлттық өнер академиясының эстрадалық вокал бөлімінде оқуға түстім. 2022 жылы мен Испаниядағы “Голос. Дети” жобасына қатысу үшін өтініш беріп, Кристина Агилераның “Hurt” әнін орындап, 12 жасымда финалист атандым. Қазір Испания консерваториясында опералық вокал мамандығы бойынша білім алып жүрмін”, – деді ол.
Фото: Dimashnews.com
Жанель Димаштың концерті мен Барселонадағы pre-party үшін арнайы қазақы киім тіккізген.
“Мен ең алдымен қазақпын және өз ұлтыммен мақтанамын. Біздің ұлттық киіміміз испандықтар мен шетелдіктерге ерекше әсер қалдырады, олар әрдайым мәдениетімізге қызыға қарайды”, – дейді ол.
Фото: Dimashnews.com
Жас әнші бала кезінен Димашпен бір сахнада ән айтуды армандағанын, бүгін сол арманы орындалғанын жасырмады.
“Димаш мені сахнаға шақырғанда, қатты толқып, қуаныштан көз жасымды тыя алмадым. Айтар сөзімді ұмытып та қалдым. Ал шын мәнінде, бүкіл әлемге халқымызбен мақтанатынымды және Димаштың арқасында әлем қазақ мәдениетін танып жатқанын айтқым келген еді. Бір сахнада өнер көрсету сезімін сөзбен жеткізу қиын, бұл миллиондаған жанкүйердің арманы. Димаш ағама қолдау мен жылы тілектері үшін алғыс айтамын. Әлі күнге дейін өзімнің Димашпен бірге ән айтқаныма сене алмай жүрмін. Испанияға арнайы келген Димаш пен оның командасына көп рақмет!" – деді Жанель.
Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің Қазақстанда түсірілген жобасы Қытайда таныстырылған еді.