"Наурыз жұмыскер" бағдарламасы қарапайым еңбек адамдарының үйлі болуына қалай көмектесті

Қоғамның тірегі – еңбек адамы. Дегенмен дәл сол қарапайым жұмысшылар үшін баспаналы болу қол жетпес армандай көрінетін. "Наурыз жұмыскер" бағдарламасы сол арманға нақты жол ашып, еңбек өкілдерінің өміріне жаңа серпін сыйлады. Бағдарламаға дәнекерлеуші де, электромонтер де, құрылысшы мамандар да қатысып, өз шаңырағының иесі атана алады. Бұл бастама арқылы пәтер алудың артықшылығы қандай және қарапайым жұмысшы мамандық өкілдерінің өмірі қалай өзгерді?
"Наурыз жұмыскер" тұрғын үй бағдарламасы Отбасы банкінің "Наурыз" бағдарламасының арнайы бағыты ретінде іске қосылған. Бағдарламаның негізгі мақсаты "Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында өндіріс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларында еңбек ететін мамандарға ерекше қолдау көрсету.
Бағдарлама баспаналы болуды армандаған қарапайым жұмысшыларға тиімді шарттарын ұсынады. Атап айтқанда, аймақтар үшін несие сомасы 30 миллион теңгеге дейін. Ал Астана мен Алматы қалаларында 36 миллион теңгеге дейін беріледі. Бұл сома көпшіліктің өз аймағында заманауи әрі сапалы тұрғын үйге қол жеткізуіне жол ашады. Үлкен қалалар мен облыс орталықтарында бағдарлама тек жаңа салынған үйлерге қолданылады. Қатысушылар өздеріне ұнаған тұрғын үй кешенін және пәтерді "Баспана маркет" (otbasybank.kz) порталы арқылы оңай таңдай алады. Платформада пәтерлердің барлық сипаттамалары мен бағасы ашық көрсетілген.

Бағдарлама аясында азаматтарға ерекше жеңілдіктер қарастырылған:
– Әлеуметтік осал топтағы тұрғындар, яғни тұрғын үй кезегінде тұрғандар, несиені бар болғаны жылдық 7% мөлшерлемемен (ЖТСМ 7,1%–9,6%) рәсімдей алады.
– Басқа санаттағы қатысушылар үшін пайыздық мөлшерлеме жылына 9% (ЖТСМ 9,4%–13%) деңгейінде белгіленген. Мұндай төмен пайыздық мөлшерлеме ай сайынғы төлем көлемін айтарлықтай азайтып, көптеген қазақстандықтар үшін ипотека алуды бұрынғыдан да қолжетімді етеді.
– Алғашқы жарна көлемі де барынша төмен: жаңа, дайын пәтер сатып алушылар үшін небәрі 10%. Ал жаңа, әрлеусіз пәтер немесе екінші нарықтағы тұрғын үй (моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде) алушылар үшін – 20%.
“Құрылыс саласында жүрсем де, баспаналы болуды армандадым”

Фото: Жасұланның жеке мұрағатынан
Осындай тиімді шарттардың арқасында үйлі болуды аңсаған талай жұмыскер баспанасының кілтін алды. Солардың бірі – Қостанай облысы, Әулиекөл ауданының тумасы Жасұлан Мәтенов. Құрылыс компаниясында жұмыс істейтін азаматтың елордада тұрып жатқанына 20 жалдан аса уақыт өткен. Осы уақыт ішінде ол баспаналы болуды армандағанын жасырмады.
“Отбасым екі-бала шағам бар. Құрылыс саласында басты ұйымдастырушы болып жұмыс істеймін. “Наурыз жұмыскер” бағдарламасы туралы жұмысымдағы әріптестерім айтты. Бұрын мұндай бағдарламаның бар екенін мүлде білмеппін. Оның үстіне құрылыс саласында жүрген соң, бастықтарымыз да осы бағдарламамен баспаналы болуға мүмкіндік барын жеткізді. Барынша қатысуға қолдау білдірді. Жалпы қазір үй алу өте қиын ғой. Бірақ бұл бағдарламаны естігеннен кейін түсінгенім, баспаналы болудың жеңіл де тиімді жолдары да бар екен”, – деді азамат.
29 жастағы Жасұлан бағдарламаның 9% жылдық пайыздық мөлшерлемесін ерекше атап өтті. Айтуынша, бұл – қарапайым жұмысшыларға үлкен көмек.
“Мұндай пайыздық мөлшерлеме ешқайда жоқ. Мәселен, өзге банктерде жылдық пайыздық мөлшерлеме 18-21% болып тұр. Бұл өте көп және қарапайым адамның қалтасы көтермейді. Ал “Наурыз жұмыскер” бағдарламасындағы пайыздық мөлшерлеме еңбек адамдары үшін үлкен көмек. Отбасы банкінің “Наурыз жұмыскер” бағдарламасымен ай сайын ипотекаға 284 мың теңге төлеймін. 12 жылға алдым. Бірінші 8 жыл 9%-бен, қалған 4 жыл 8%-бен. Ал басқа банкпен алсам, бұл сома екі есе көп болатын еді”, – деп қосты ол.
Азамат ипотекалық бағдарламаға құжат жинау да өте ыңғайлы болғанын тілге тиек етті. Сөзінше, барлық құжатты рәсімдеуге шамамен 2 аптадай уақыт кеткен.
“Кеңсемізде Отбасы банктің қызметкерлері отыратын. Олар бізге толық мәлімет берді. Қанша жылға, қанша төлем болатынын, рәсімдеу қалай өтіп, құжат қалай толтырылатынын айтып түсіндірді. Солай бәрін біліп алдық. Үйді рәсімдеу бірінші банктен мақұлдау алудан басталды. Яғни қанша қаражат мақұлданатыны шешіледі. Әріптестерімнің арасында жинақтары мен табыс мөлшерлеріне қарай аз қаражат шыққандар болды. Мен “баспана алуға жететіндей қаражат шығар ма екен” деп қатты қобалжығаным рас. Содан маған 30 миллион теңге қаражат мақұлданды. Жұбайым екеуіміздің қуанышымызда шек болмады. Сонымен келесі қадамды жасап, құжаттарды жинай бастадық. Бәрін рәсімдеуге де ұзақ уақыт кетпеді. Қандай да бір кедергі, қиындықсыз бәрі жеңіл өтті”, – деп баяндады Жасұлан.

Фото: Жасұланның жеке архиві
Осылайша астаналық 68 шаршы метрді болатын екі бөлмелі пәтердің иесі атанды.
“Баспанам маған 28 миллион 500 мың теңгеге түсті. Бүкіл 12 жылдық аралықта пайыздық үстемесі ары кетсе 9 миллион теңге болады. Одан көп емес. Үйді өзім жұмыс істеп жүрген құрылыс компаниясының Бірлік тұрғын үй кешенінен алдым. Сапасы өте жақсы. Қазіргі уақытта ол әлі салынып жатыр. Құдай қаласа келер жылы кілтімізді аламыз. Қазірден бастап жұбайым екеуіміз пәтердің ішкі көрінісін жоспарлап жүрміз. Кіреберіс, ас бөлмесі, қонақ бөлмесі мен жатын бөлменің дизайнын қазірден бастап талқылап жүрміз”, – деп қосты ол.
Жасұлан осы тұста үй алуды армандап жүргендерге қазірден бастап әрекет етіп, Отбасы банкте қаражат жинуға кеңес берді.
“Қазір кім-кімге болсын үй алу оңай емес. 29 жаста кез келген адам баспаналы бола бермейді. Әрине, жұбайым екеуіміздің туысқандарымыз екі жақтан да бірдей қуанып, құттықтауларын жолдап жатыр. Бұған дейін жер үйде тұратынбыз. Бірақ әркез біреуден қалған емес, жаңа баспанаға көшіп, оның ішін толтыруды, өз қалауымызша жасауды армандайтынбыз. Баспаналы болғалы жауапкершілік арта түсті, өмірім өзгерді деп айта аламын. Ипотекам бар, отбасым бар, басқа не қажет? Шүкіршілік айтамын. Ал өзгелерге берер кеңесім қорықпаңыздар, тәуекелге бел буыңыздар. Бойдақ болсаңыз да, Отбасы банктен шот ашып, қаражат жинаған дұрыс. Бұл тегін. Достарыма, таныстарыма барлығына ылғи осыны айтып жүремін”, – деп қорытты ол.
“Өз үйімді алып, ата-анамыздан бөлек шықтық”

Ал 28 жастағы Түркістан облысының тумасы Дидар Сали бағдарлама арқылы өзіне тиімді бағада баспананы Кентау қаласынан таңдаған.
“Электромонтер болып жұмыс істеймін. Отбасым, екі қызым бар. “Наурыз жұмыскер” бағдарламасы туралы алғаш рет желіден білдім. Содан ақпарат алып, зерттеп көрдім. Бағдарламада өзің тұратын жерге жақын аймақтан да үй ала берсең болады екен. “Наурыз жұмыскердің” шарттары жеңіл. Қажет құжаттарды тапсырсаң жеткілікті. Бұған дейін ата-анаммен тұратынмын. Дегенмен өз пәтерің болғанына бәрібір жетпейді. Қазір баспаналы болу да оңай емес. Ал ипотекалық бағдарлама пәтер жалдап жүргеннен көрі әлдеқайда тиімді”, – деді ол.
Дидар көпшіліктің үй алуда “құжат жинау өте қиын” деп ойлайтынын алға тартты. Алайда ол бұл ойдың қате екенін жеткізді.
“Құжат жинауда ешқандай қиындық болмады. Бәрі тез әрі жинақы орындалды. Толық рәсімдеуге шамамен бір аптадай уақыт қажет. Өз басым Түркістан қаласынан жаңа үйлер қымбатқа шыққандықтан, Кентау қаласынан екінші нарықтағы 62 шаршы метрлік 3 бөлмелі үйді таңдадым. Бағдарламаның маған беген керемет мүмкіндігі де осы деп ойлаймын. Алғаш кілтті алғанда қатты қуандық. Туыстарымыз да осылай тез үйлі болғанымызға таңғалды. Кейін қуанып, құттықтауларын жаудырды. Бөлек шыққалы бері жауапкершілікті түсініп, бірге есейіп жатырмыз”, – деп қосты ол.
Азамат бұл бағдарламаның қарапайым жұмысшылар үшін нақты мүмкіндік екенін ерекше атап өтті.
“Меніңше, жастар да мұндай бағдарламалар туралы көбірек білгені жөн, үнемі ізденіп, зерттеп жүру керек. Менің берер кеңесім: үй аламын деген ниет болса, Отбасы банкке айына ең болмағанда 1000–2000 теңге болсын салып қойған дұрыс. Сонда өзіне жеңіл болады. Осындай бағдарламалар арқылы талай отбасы өз баспанасына қол жеткізе алады. Ең бастысы – мақсат қойып, соған ұмтылу. Мемлекет осындай мүмкіндік беріп отырғанда, оны пайдалану керек. Болашақта бұл бағдарлама көп жастарға үміт сыйлап, өз үйін алуға жол ашады деп сенемін”, – деді Дидар.

Екі оқиға да "Наурыз жұмыскер" бағдарламасының әртүрлі табысы мен қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей тиімді жұмыс істейтінін көрсетеді. Бағдарламаға қатысу қарапайым және түсінікті, барлық рәсімдер ашық.

Бағдарлама еңбек ететін қазақстандықтарға тек тұрғын үй жағдайын жақсартуға ғана емес, болашаққа деген сенімдерін арттыруға да көмектеседі.
“Сыйлықтар сыйлап, кемінде бір пәтер алғызатын адам”: Неліктен қазақстандық бойжеткендер тоқал болуға келіседі