Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жат ағым шырмауындағы әйелдер: Деструктивті діни ағымға тап болған аналар мен балаларды оңалту қалай жүргізіледі

жат діни ағымдағы әйелдер

Фото: pixabay.com

Елімізде жат ағымның құрсауынан шыға алмай өмір сүріп жатқан әйелдер бар. Мамандардың айтуынша, мұндай әйелдер көбіне айналасындағы адамдардың пікірі мен жамағаттың қысымынан қорқып, өз көзқарасын өзгертуге қадам жасай алмайдыБірақ бұл тек олардың жеке мәселесі емес – мұның салдары балалардың тағдырына да әсер етуі мүмкін. Осы қиындыққа тап болған әйелдер мен балалар қайда жүгіне алады? Оларға мемлекет пен қоғам қандай қолдау көрсетеді? Stan.kz тілшісі маманнан сұрап білді.

Алматы қаласы дін істері жанынан құрылған кеңес беру оңалту орталығының теологы Баян Аяпованың айтуынша, әйел адамның өзге ағымға өз еркімен не алданып өтуі тек өзінің тағдырына емес, болашақ балаларына және қоғамның тұрақтылығына әсер етеді.

“Әйел адам табиғатынан нәзік, ақкөңіл, сенгіш келеді. Олардың жат ағым ықпалына түсуіне ортасының, күйеуінің, отбасының әсері зор. Сонымен қатар жарымен қарым-қатынасы, ажырасу, жақынынан айырылу сияқты өмірлік сынақтар оның психологиялық жағдайын әлсіретеді. Осындай сәттерде ол ішкі тыныштықты діннен іздейді. Бірақ діни білімі аз болса, дұрыс пен бұрысты ажырата алмай жат ағымның жетегіне еріп кетуі мүмкін.

Жат ағым өкілдері әйелдерді психологиялық тұрғыдан өздеріне тәуелді етіп қояды. Мұндай әйелдер қоғамнан оқшауланып, тұйықталады. Көпшілік олардың киім киісінен өзгешелікті байқаса, отбасы мүшелері мінез-құлқының өзгергенін сезеді. Кейін ол өз жақындарына тіл тигізіп, тіпті отбасымен байланысын үзіп кететін кездер болады. Ал әйелдің адасуы оның баласына да тікелей әсер етеді”, – деді маман. 

“Әйелдер жамағаттың сынынан қорқып, дұрыс жолға түсуге батпайды”

Осы тұста Баян Аяпова Қазақстанда мұндай әйелдермен жұмыс істейтін теолог мамандардың бар екенін алға тартты.

“Жат ағымдағы әйелдермен жұмыс істеу оңай емес. Себебі көпшілігі өз сенімін дұрыс деп санап, қарсылық танытады. Олар қоғамнан оқшауланғандықтан байланыс орнату қиын. Көпшілігі жұмыс істемейді немесе тек әйелдер арасында жұмыс істейді. Кейбірі өздерінің теріс жолда екенін түсінсе де, жамағатының сынынан қорқып, дұрыс жолға түсуге батпайды.

Оңалту жұмыстары да ұзақ уақыт алады. Әйелдер маманға бірден ашыла қоймайды. Кейде байланысып жүріп, бірнеше ай хабарсыз кететін кездер де болады. Күйеуі қарсы болып, нөмірін ауыстырып тастайтын жағдайлар да кездеседі. Сондықтан әйелді оңалтуда оның жолдасымен бірге жұмыс істеу тиімді. Себебі әйел қанша оңалса да, күйеуінен қайта діни манипуляция көріп, әлсіз күйде қалады”, – деп қосты ол. 

Маман мұндай әйелдерді оңалтуда қоғаммен ашық араластырып, байланыс орнату маңызды екенін алға тартты.

“Біз тәжірибемізде алдымен жат ағымдағы әйелдермен жылы сөйлесеміз, араласуға тырысамыз. Басында олар жабық, сенімсіз болады. Тіпті көзге тіке қарамайды. Жұмыс барысында біз өзімізді дін маманымыз деп бірден айтпаймыз. Алдымен жылы амандасып, "мешіттен азық-түлік тарататын едік" деп әңгіме бастаймыз. Кейбір әйелдер мұндайда агрессивті мінез көрсетеді. Бірақ бұл қалыпты жағдай. Себебі оңалту үлкен сабырлық пен тәжірибені талап етеді. Кейін сөйлесе келе, олардың ішінде үлкен ауыртпалық жатқанын байқаймыз. Көп жағдайда олардың басты уайымы – баласының денсаулығы. Сондықтан біз бірден дін жайлы әңгіме қозғамаймыз. Алдымен баласына көмектесу жолдарын ұсынамыз. Сол кезде олардың көзінде үміт пайда болады. Ауырған баласымен күйеуі тастап кеткен аналарды да кездестіреміз”, – деді ол.

Баян сонымен қатар мұндай отбасыларды оңалтуда әкімдік тарапынан да қолдау көрсетілетінін жеткізді. Қаржылай, азық-түлікпен көмек, пәтерақысын төлеу сияқты шаралар жүргізіледі екен. Айтуынша, соның нәтижесінде көптеген әйелдер қоғамға бейімделіп, ашылып, іс-шараларға қатысып, сырт келбетін өзгертіп, өз-өзіне сенім арта бастаған.

“Ең қиыны – ата-анасы жат ағымда жүрген балалармен жұмыс істеу”

Баян Аяпова бүгінде балаларды жат діни ағымдардан қорғау бағытында да мектеппен бірлескен шаралар ұйымдастырылатынын алға тартты.

“Қазір мектептердегі тәрбие ісі жөніндегі мамандар бізден оқушыларға жат діни ағымның қаупі туралы түсіндіру жұмыстарын сұрайды. Себебі балалардың онлайн достары көбейіп, кейбірі ата-анасына айта алмайтын сырларын солармен бөліседі. Баланың мінезі мен дүниетанымына үйдегі атмосфера тікелей әсер етеді. Ата-ана баламен ашық сөйлесіп, ең жақын досының – ата-анасы мен бауырлары екенін түсіндіруі қажет. Егер бала дінге қызығушылық танытса, діни ақпаратты тек ҚМДБ ұстаздарының ресми дереккөздерінен көрсету керек.

Бірақ ең қиыны – ата-анасы жат ағымда жүрген балалармен жұмыс істеу. Көп ата-аналар мектеп психологтарының көмегінен бас тартады. Ал баланың діни бағыты тікелей ата-анасына байланысты. Егер ата-анасы жат ағымда болса, баласы да сол бағытты ұстанады.

Алматы сияқты үлкен қалада адамның психологиялық жағдайы өте маңызды. Әр адам өмірдің сынақтарына төтеп беруді үйренуі керек. Іштей тірек іздеген адам дінді дұрыс ұстанып, фанатизмге жол бермей, шариғат шеңберінде қалса ең дұрыс жол болар еді.”, – деп қосты ол. 

Деструктивті діни ағымдардың ықпалынан зардап шеккен адамдарға теологиялық және психологиялық көмек көрсетіледі. Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының "Кеңес беру және оңалту орталығына" жүгінсе болады.

Байланыс номері 8-778-428-0468, 8-778-514-4749 

STAN.KZ
Жұма, 24 Қазан, 2025 09:45
Талқылау