Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы банктер базалық мөлшерлеме көтерілгеннен кейін ипотека беруді тоқтатты

Қазақстандағы кейбір банктер базалық мөлшерлеме көтерілгеннен кейін ипотека беруді тоқтатты

Фото: depositphotos.com

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруіне байланысты еліміздегі бірнеше ірі банк ипотекалық несиеге өтінім қабылдауды және беруді уақытша тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Нарық қатысушыларының мәліметінше, кейбір қаржы ұйымдары пайыздық мөлшерлемелер мен несие беру шарттарын қайта қарау қажеттілігін алға тартып, барлық ипотекалық бағдарламаларын уақытша жапқан. 

Жаңа ипотекалық несиелер беруді уақытша тоқтатқан банктердің бірі – Halyk Bank.

“Halyk стандартты ипотека бойынша өтінім қабылдауды уақытша тоқтатады. Қазіргі уақытта банк тұрғын үй несиелеудің балама бағдарламаларын іске қосуға дайындалып жатыр. Өтінім қабылдау басталғаны туралы қосымша хабарланатын болады”, – деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.


Қазақстанда банктер көбейеді

Енді банктер несие алушыға барлық сыйақысы мен комиссиясын ашып көрсетуге міндеттеледі


Банк ЦентрКредит те екінші нарық бойынша өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты, бірақ “7-20-25” бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау жалғасуда. Банк бұл – шарттарды жаңарту үшін енгізілген техникалық үзіліс екенін мәлімдеді.

Altyn Bank те екінші нарықтағы ипотекалық өтінімдерді қабылдамайды.

Көптеген банктердің ресми сайттарында әзірге бұл туралы мәлімдеме жоқ. Ақпарат негізінен клиенттердің call-орталықтарына хабарласуы және сарапшылардың түсіндірмелері арқылы белгілі болуда.

Мамандардың айтуынша, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруі нарықтағы ақшаның құнын арттырады. Банктер үшін ресурстарды тарту қымбаттайды, сондықтан олар маржаны мен тәуекелдерді қайта есептемейінше ипотека беруге асықпай отыр.

Бұдан бөлек, қазіргі пайыздық мөлшерлемелер деңгейі ипотеканы халық үшін, әсіресе мемлекеттік субсидиясы жоқ екінші нарықтағы тұрғын үйлер сегментінде, қолжетімсіз етіп отыр.

Еске салайық, 10 қазан күні Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-дан 18%-ға дейін көтерген болатын.

STAN.KZ
Сейсенбі, 14 Қазан, 2025 19:27
Талқылау