"Ұстаздар тон киіп алған, ал балалар ақ жейдемен тұр“: Алматыда мектеп оқушыларын флешмоб үшін суықта бір сағат тұрғызып қойған
Фото: Желі кадрларынан скрин
Желіде ата-аналар Алматыдағы мектептердің бірінде күзгі салқында оқушылардың флешмоб үшін далада ақ жейдемен ұзақ уақытқа тұрғанына шағымданды. Айтуларынша ұстаздардың өзі сырт киімде жүріп, ал жеңіл киімдегі оқушыларды блогер мен оператор келгенше күттіріп қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желі қолданушысының айтуынша оқиға 117-мектепте болған.
“Оқушыларды видеоға сағат 13:00-де түсіріп бастауы керек болған. Бірақ балалар 13:50-ге дейін, яғни 50 минут бойы мобилограф пен блогердің келуін күткен. Осы уақыт ішінде балалар сыртта, ауа температурасы +14°C болып тұрғанда, күртесіз, тек жейде киіп тұрған. Ал мектеп әкімшілігі сол уақытта өздері күрте, тіпті кейбірі тон киіп алған. Балаларды суықта бір сағатқа жуық уақыт бейнежазба үшін тұрғызып қою дұрыс па? Ұйымдастырушылар қайда қарап отыр? Бұл енді баланы қорлау сияқты”, – деп жазды ол.
Өзге ата-аналар да мектептің бұл әрекетін сынға алды.
"Қазір мектептер әлеуметтік желіде парақша жүргізуді сәнге айналдырды. Балаларды түсіріп, фото-видеоларын жүктейді. Меніңше, мектептерге ондайды жасауға тыйым салу керек", "Менің терезем тура мектеп ауласына қарап тұр. Балалардың жеңіл киіммен жел өтінде тұрғанын көріп, өзім де жағамды ұстадым” , “Тағы сәл ғана шыдаңдар“ деген сөзді кемі 10 рет естідім. 2025 жылы бұл флешмоб кімге керек?!", "Директорды жазалау керек. Балалар мал емес қой!", – дейді желі қолданушысы.
-
Қазақстанда есірткі сатқаны үшін 13 жастан қылмыстық жауапкершілік енгізіле ме?
-
"Бағанашыл" балалар үйіндегі тәрбиеленушілер уақытша Алматыға көшірілмек
Осы жайтқа байланысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласы №117 жалпы білім беретін мектеп әкімшілігінен пікір сұрап көрді.
“Мектеп өміріне бейжай қарамай, назар аударғандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Аталған іс-шара мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай өткізілгенін хабарлаймыз.
Флешмобты түсіру уақыты 15 минуттан аспады. Іс-шара өткізілген сәтте ауа температурасы +16 °C шамасында болды. Бұл ашық ауада қысқа мерзімді іс-шара өткізуге арналған санитарлық талаптарға сай келеді. Мектеп әкімшілігі қолдау мен сенім білдіргендерге алғыс айта отырып, алдағы уақытта мұндай іс-шараларды ұйымдастыруда барлық ескертулер мен ұсыныстарды ескеретінін хабарлайды”, – деді мектеп әкімшілігі.

Қазақстан қалаларында қоғамдық көлікпен жүру құны қанша
