Баланы қайтармай жатыр: Ақтаулық әйел мемлекеттік органдардың әрекетсіздігі үшін айыптады
Фото: travelata.ru
Ақтаулық тұрғын мемлекеттік органдарды әрекетсіздігі үшін айыптады. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі үш жасар ұлын басқа елге алып кетіп, алименттен бас тартуға мәжбүрлеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қала тұрғыны Мария Мәжитованың айтуынша, бұрынғы алимент төлеуден жалтарып жүрген күйеуінің баланы сенімхат арқылы шетелге алып кетіп, белгіленген мерзімде қайтармағанын айтты. Оның сөзінше, бұрынғы жұбайы ұлын қайтару үшін алименттен бас тартуды талап еткен. Анасының арыздарына құқық қорғау органдарынан тек формалды жауаптар ғана келген.
Мария Мәжитованың айтуынша, бұрынғы күйеуі бір жарым жылдан астам уақыт бойы алимент төлемей келеді. Қарыз сомасы 2 миллион теңгеден асып кеткен. Сот атқару қағазы шыққанына қарамастан, жеке сот орындаушысы алимент өндіруге ешқандай шара қолданбаған.
Әйел бұрынғы күйеуінің ата-анасымен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан, биыл жазда ол ұлын бір айға қонаққа апарып қайту үшін баласының үлкен әжесіне сенімхат жазып берген. Бірақ алимент төлемегені үшін бұрынғы күйеуіне қылмыстық іс қозғалу қаупі туындағаны белгілі болған соң жағдай ушыға түскен. Әкесі ата-анасымен бірге баланы қайтарудан бас тартып, алименттен бас тарту талабын қойған.
Мария Мәжитова қазіргі күйеуімен бірге денсаулығына байланысты кіші ұлын Ресейге апаруды жоспарлап отырғанын айтады. Бұрынғы күйеуі осыны сылтау етіп, "балаға барып тұрудың өзі қымбатқа түседі" деп алимент төлеуден бас тартқан.
"Бүгінде мен өз балам арқылы ашық шантажға ұшырап отырмын. Сегіз айлық баламды емдету үшін Ресейге баруым қажет, бірақ бұрынғы күйеуім ата-анасымен бірге үш жасар ұлымды қайтармай, алименттен бас тартуды талап етуде. Қолымда бұл талаптың дәлелі ретінде нотариалды куәландырылған хат-хабарлар бар. Бұл – заңға қайшы шантаж, балаға сауда жасау. Ал шын мәнінде отбасымызды асырап, әкелік міндетін атқарып жүрген – қазіргі жұбайым, ал бұрынғы күйеуім ажырасқалы бері баласына дұрыс көңіл бөлмеген", – дейді Мария Мәжитова.
Әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуінің талаптарын дәлелдейтін нотариалды куәландырылған хат-хабарлар бар. Ол соттың баланың анасымен бірге тұратыны туралы шешімін және өзге құжаттарды негізге алып, полицияға, прокуратураға, жеке сот орындаушыларына жүгінген.
"Реакция жоқ. Үнсіздік. Әрекетсіздік. Толық елемеу. Мен көмек сұрап айқайлап жүрмін, ал жүйе үнсіз. Мені шантаждап отыр, ал мен ең болмағанда тергеуді сұрап жалынуға мәжбүрмін. Іздестіру де жоқ, өндіріп алу да жоқ, мүлікті тәркілеу де болған жоқ. Бүгін ресми түрде мәлімдеймін: мемлекеттік жүйе бұл жағдайда не жұмыс істемейді, не заң бұзушыны қорғайды. Балаларымды тыныштықта өсірудің орнына мен күн сайын өзімнің негізгі құқықтарым үшін – алимент үшін, заңды қорғау үшін, әрі балаларыма жақын болу үшін күресуге мәжбүрмін", – дейді әйел.
Маңғыстау облысының полиция департаменті оған берген ресми жауабында құқыққа қайшы әрекеттерді анықтамағанын хабарлаған. Ал Сочи қаласында (Краснодар өлкесі) Мария Мәжитованың қазіргі күйеуі де сенімхат арқылы полицияға арыз жазған, бірақ әзірге нәтиже жоқ. Үмітін үзген ана қоғамға үндеу жасады.
"Баламды шетелге заңсыз шығарылып, қайтарылмай отырған ұлымды қайтаруды талап етемін. Жеке сот орындаушысының әрекетін (әрекетсіздігін) тексеруді, баламды шантаждап ұстап отырған адамдарды жауапқа тартуды және алиментке қатысты сот шешімін шынайы орындауды талап етемін. Осы оқиғаға қоғамның назарын аударуға көмектесіңіздер. Балаларымды қорғауға көмектесіңіздер. Заңды орындауға мәжбүр етуге көмектесіңіздер", – деді Мария Мәжитова.
Жетісу облысында сот орындаушысы балалардың алиментіне төленген ақшаны жымқырып келген
Еске салайық, бұған дейін сот Маңғыстау облысының әкімін некесіз туған баланың әкесі деп танып, алимент төлеуге міндеттегенін жаздық. Маңғыстауда бірнеше ай бойы аймақты дүр сілкіндірген даулы іске нүкте қойылды. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ресми түрде бұрынғы мәслихат депутаты Ынташ Наурызованың ұлының әкесі болып танылды. Сот барысы бүкіл елдің көз алдында өрбіді. Экс-депутат Ынташ Наурызова әлеуметтік желілерде ашық түрде оқиғаның егжей-тегжейін бөлісіп, үш жасар ұлы Әміре Наурыздың облыс басшысынан туғанын айтқан.

Жаңа оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова туралы не белгілі
