Апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының екінші ұшқышын тергеген тергеушілердің үстінен іс қозғалмақ
Фото: ТЖМ
2019 жылы Алматыда апатқа ұшыраған Bek Air әуе компаниясының ұшағының екінші ұшқышын тергеген тергеушілердің үстінен іс қозғалмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұшқыштың туыстарының мәліметінше, тергеушілер апаттан аман қалып, ауруханада жатқан ұшқыштан күштеп жауап алған көрінеді.
“Әкем әуе апатынан аман қалып, ауыр халде жансақтау бөліміне түсті, бірнеше ота жасатып, өмірін қамтамасыз ететін аппараттарға қосылды. Сол уақытта әкемнің жағдайы мен құқықтарына тиісті құрмет көрсетпестен, оны үш рет тергеген. Қазір анам мен адвокаттар бұл әрекеттерді заң бұзушылық деп тануды және жеке тергеу жүргізуді талап етіп отыр”, – деп жазды ұшқыш Мейіржан Молдақұловтың қызы Алина Молдақұл.
Оның айтуынша, Bek Air ұшағының апаты бойынша сот отырысында ұшқыш Мейіржан Молдақұловты тергеу сәтінің видеолары көрсетілген. Ұшқын ол апаттан аман қалғанымен, бір айдан кейін өкпе эмболиясынан көз жұмған.
Тергеу видеолары адвокаттардың наразылығын туғызды. Оталар мен әртүрлі дәрілерден шаршаған, аурухана төсегіне байланған ұшқыш тергеушілердің сұрақтарына жауап беруге мәжбұр болған. Адвокаттар көрсетілімді тоқтатуды талап етіп, видеоны “қатыгездік әрі адамгершіліктен тыс” деп бағалады.
Сотта ұсынылған медициналық құжаттарға сәйкес, ол кезеңде Молдақұлов қатты ауырып, күйзеліс жағдайында болған. Дәрігерлер тергеуді тоқтатуды талап етсе де, тергеушілер мұны ескермеген
Видео көрсетілгеннен кейін Мейіржан Молдақұловтың жесірі Президент әкімшілігіне және Бас прокуратураға жүгінді. Зәуреш Молдақұлова көлік полициясының тергеушісі Сейтжапаровтың үстінен қылмыстық іс қозғауды, барлық медициналық құжаттарды, сараптамалық қорытындылар мен тергеу видеоларын іс материалдарына қосып, комиссиялық сот-медициналық сараптама жүргізуді талап етуде. Бұл сараптама тергеушілердің әрекеті мен Мейіржан Молдақұловтың өлімі арасындағы байланысты анықтау үшін қажет.
Бас прокуратура арызды Алматыдағы Бас көлік прокуратурасына және өңірлік авиациялық көлік прокуратурасына жолдады.
Еске салсақ, 2019 жылдың желтоқсанында Алматыдан Астанаға ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған еді. Ұшақ ұшқаннан кейін кейін бірден биіктігін жоғалтып, әуежай маңындағы жеке үйге соғылған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 67 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды. 2025 жылдың тамызында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатына қатысты іс сотқа жолданған еді.

"Аурухана мен мәдениет үйі жоқ": Сингапурға айналуы тиіс жаңа қала Алатаудың бүгінгі жай-күйі қалай (Фоторепортаж)
