Атыраулық блогер сақалды ер адамдар туралы айтқан сөзі үшін айыппұл арқалады
Фото: Видео кадрынан скрин
Атырауда күндізгі уақытта кафе алдында отырған сақалды ер адамдарға қатысты жағымсыз пікір айтқан блогерге 55 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
TikTok желісінде тараған видеода блогер:
“Мына жерде сақал қойып алған еркектер отыр, әйелдер сияқты. Фу, жиіркенішті. Әйелдерімен қалай жүреді бұлар? Әйелдеріне обал. Түскі уақытта шай ішіп отыр, жұмыстары қайда өзі?” – деп айтқан.
Бұл әрекеті үшін полиция блогерге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырған.
Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Facebook парақшасында оқиға туралы баяндады.
“24 шілде күні шамамен сағат 12:50-де блогер қаладағы кофехана маңында қоғамдық орында бейәдеп сөздер айтып, қоршаған ортаға құрметсіздік көрсеткен. Бұл әрекеті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық деп танылды. Сотта әйел өз кінәсін мойындап, өкінетінін білдірген. Осы жағдай жеңілдететін мән-жай ретінде есептеліп, бастапқы 20 АЕК (шамамен 78 640 теңге) көлеміндегі айыппұл 30%-ға қысқартылып, 55 мың теңгеге дейін төмендетілген. Қазіргі уақытта сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ”, – делінген хабарламада.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
