"Көрісу" "Жілік шағу", "Тыштыма", "Ішек тарту": Қазақта неге кей дәстүрлер тек белгілі бір аймақта ғана сақталған?
Фото: Жасанды интеллект жасаған
Кейбір қазақ дәстүрлері уақыт өте келе ұмытылып бара жатса, енді бірі нақты аймақтарда ғана сақталып қалған. Көрісу, жарапазан, жілік шағу, тыштыма, ішек тарту сияқты дәстүрлерді бүгінде Қазақстанның кез келген тұрғыны біле бермеуі мүмкін. Бір кездері бүкіл халыққа ортақ болған кейбір дәстүр бүгінде неге тек бір ғана өңірде тойланып жүр? Этнограф Байахмет Жұмабай Stan.kz тілшісіне бұл салт-дәстүрлер мен ғұрыптардың қалай сақталып қалғанын айтып берді.
Көрісу
Қазақстанның батысында наурыздың 14 күні ерекше аталып өтетін үлкен мереке. Бұл мереке туралы барша қазақ білгенімен, оны тек Батыс аймағында ғана ауқымды тойлайды. Мұнда бұл күні әр үй таңмен ерте тұрып, мол дастархан жайып, есіктерін қонақтарға айқара ашады. Алдымен көршілерге барып көрісіп, астан дәм татады. Кейін ағайын-туыс, дос-жаранның үйін аралап, көріседі. Көбіне батыстықтар өзге аймаққа барғанда көрусі күнінің бұлай тойланбайтынына таңданып жатады.
“Көрісу қазақта бұрыннан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүр. Мұны барша қазақ тойлаған. Тек уақыт өте саяси факторларға байланысты кей аймақта ғана сақталды. Дегенмен бүгінде наурыз айында басқа өңірлерге де танытылып келеді”, – деді этнограф Байахмет Жұмабай.
Жілік шағу
Бұл – қазақтың ұмыт болып жатқан ұлттық ойындарының бірі. Жілік шағу, әсіресе, жігіттер арасында оның мықтылығы мен күш қайратын бағалайтын көне дәстүр болған. Сол үшін оған арнайы дайындалған тайдың тоқпан жілігі пайдаланылған. Себебі бұл сүйек басқа малдың сүйегіне қарағанда қаттырақ келеді. Дегенмен бүгінде еліміздің кей өңірлерінде бұл ойын салтқа айналып, жаңа өзгерістермен сақталып жүр.
Мәселен алматылық ару Наргиза Аршидиннің айтуынша, Солтүстік Қазақстан, Павлодар өңіріне тойға барғанда жілік шағу рәсімін көріп таңғалаған екен.
“Құдалық болып жатқан. Бұл жақта іште қызға сырға салынып жатқанда, сыртта ер адамдар жиналып,күйеу жігіттің мықтылығын сынап жілік шақтырады екен. Бұл салтты көргенде таңғалғаным рас”, – деді ол.
Бұл рәсім Солтүстіктің кей өңірінде әлі күнге дейін сақталған. Той-томалақтан соң жігіттер жілік сындып күш сынасып жатады. Сындырған адамға той иесі өз сый-сияпатын береді.
Жарапазан
Бұл рамазан айының келуін хабарлайтын салттық өлең‑жыр. Қазақстанның көптеген ауылдарында үйден-үйге тараған. Бірақ Кеңес заманы басталғанда кей өңірлерде ол ұмытылып кеткен. Сол себепті бүгінде бұл дәстүр көбіне Қарағанды, Ақмола облысы, Алматы, Өскемен, Қостанай аймақтарында сақталған.
Бұл аймақтарда жарапазанды көбіне балалар айтады. Олар көршілері мен туысқандарының үйіне барып, өлең жолдарымен жақсы тілектерін жеткізеді. Кейін үй иесі жарапазан айтқан балаларға сый беруі керек.
Сабан той
"Сабан той" – қазақта егіс алқаптарын жинап болған соң тойлатын салт болған. Бұл мереке арқылы еңбекке құрмет көрсету, жан-жақты қабілетті ұрпақ тәрбиелеу, мәдени өзіндік болмысты сақтап қалу мақсат етіледі. Бұл ғұрып арқылы халық бір-біріне ризашылығын білдіріп, ауыл шаруашылығының жемісін тойлаған. Жиналған алқап дәнді-дақылдарынан түрлі тағамдар дайындап ауыл болып тойлаған. Бүгінде бұл мереке Қостанай, Ақмола (Көкшетау), Алматы, Шымкент, Тараз сияқты өңірлерде өткізіліп тұрады. .
Қымызмұрындық
Қымызмұрындық – көктемде алғаш сауылған биенің қымызын көпшілікке ұсынып, бөлісетін дәстүрлі қазақ жиыны. Бұл – ауылдастар мен туыстарды шақырып, алғашқы қымыздың дәмін бірге татып, жаңа маусымның басталуын қуанышпен қарсы алу рәсімі. Қымызды алғаш рет пісіп, ашытып болған соң, үй иесі арнайы дастарқан жайып, қонақ шақырады.
Бұл жиын жай ғана қонақ шақыру емес, ән айтылып, күй тартылып, ойын-сауық ұйымдастырылады. Алматы, Жетісу, Түркістан, Шығыс Қазақстан өңірлерінде жиі аталып өтеді. Жиында қонақтар көбіне жаңа сауылған саумал дәмін алғаш болып татуға тырысады.
“Тыштыма”, “Ішек тарту”, “7 кіндік шеше”: Жаңаша сипаттағы ырымдар қандай?
Этнограф Байахмет Жұмабайдың айтуынша, бұдан өзге де Қазақстанның әр аймағында, тіпті әр отбасыда әр түрлі тойланатын өзіндік ғұрыптар жеткілікті.
“Қазақта әр өңірде әр түрлі салт-дәстүрлер көп. Мәселен, шығыс жақта бала сүндеттеліп, атқа мінер жасқа жеткенде “шыт тарту” (бала басына шыт орамал тағады) деген бар. Одан бөлек, баланы бесікке салғанда “тыштыма” деген де той бар. Бұл үлкен тойды тек шығыс пен батыста жасайды екен. Басқа жерлерде мұны көп тойға айналдырмаған. Тілі шықпай қалған балаға жасалатын “ішек тарту” ырымы да тек кей өңірлерде сақталып қалған. Бұл мал сойылған кезде ішегін алып, тілі кеш шыққан балаға тамағына салып, тұншыққандай етіп, әріптерді айтқызып сөйлететін ырым”, – деді маман.
Этнограф қазір уақыт өте өзгеріп, жаңаша сипатқа ие болған да ғұрыптардың да көбейгенін алға тартты.
“Мәселен, кей жерлерде бала туғанда 7 адамды кіндік шеше етіп тағайындайды екен. Ал негізінде кіндік шеше біреу болуы керек. Кіндік шешенің міндеті бала қырқынан шыққанға дейін ауыр болады. Ол баланың ит жейдесін, шылау көрпесін алып беруі шарт. Дегенмен қазір олай емес. Барлығы той-думан секілді өзгеше сипатқа айналған. Сонымен қатар сәлем салу да біраз өзгеріске ұшыраған. Мысалы, оңтүстікте бір қолын аяғына қарай жеткізіп сәлем салса, шығыс пен батыста бір тізесіне екі алақанын тигізіп, иіліп сәлем береді. Екеуінің басқаша болу себебі өзге аймақтан немесе өзге жерден келген келіндермен ілесіп келген дәстүрден пайда болуы мүмкін”, – деп қосты ол.
“Салт-дәстүрдің сақталуына саяси ауқым әсер етті”
Байахмет Жұмабайдың айтуынша, қазаққа немесе түркі халықтарына ортақ салт-дәстүрлерден бөлек, әр ру мен тайпаның да өзіне ғана тән тойлайтын әдет-ғұрыптары болған. Бірақ уақыт өте келе, түрлі себептермен бұл дәстүрлердің көбі ұмыт болып, кейбірі мүлде жоғалып кеткен.
“Біз жаугершілік заманында қиындықты көп көрген халықпыз. Сондай заманда өзге елге қашқандар, жер аударылғанда да аз болмады. Осы сияқты белгілі тарихи жағдайлар бұл нәрсеге өзгеріс енгізіген болуы мүмкін. Аймаққа байланысты өзге ұлттармен араласқаннан кейін басқа қазақтың ырымында жоқ нәрселердің де пайда болғанын байқаймыз.
Қазақ ғұрыптарының құндылығы өте тереңде. Мұндай дәстүрлер бір ғана аймақта сақталса да жойылмайды. Себебі халқымыз салт-дәстүрге өте берік халық. Ғылым техникадан озық болып кетпесек де, ата-бабасынан қалған ырымға тастай жабысып алатын халықпыз. Саяси ауқым әсер етпесе салт-дәстүр мен ырым-тыйымдарымыз өздігінен жойыла қоймайды”, – деп қосты ол.
Маманның айтуынша, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлердің ішінде қазіргі ғылым мен технология дамыған заманда еліміздің өркендеуіне пайдасы тиетіндері де бар екен.
“Барлығын бірдей қайта әкелу мүмкін болмас. Дегенмен кейде бүгінде елімізге пайдасы мол болар еді дейтін бұрынғы тәсілдер бар. Мәселен, бұрын ашу деген топырақтан қазақтар оқ-дәрі жасаған. Күкірт сияқты топырақты қазып әкеліп, суға қайнатып, мылтық оғын жасады. Мұны істеу барысында ауыл болып тойлаған. Сосын мықты азаматтар ауылды асырау үшін аңға шығатын. Алайда халық мұны ұмытып кетті. Бұл тәсілді ұмытпай дамытқанда, қазір үлкен қару жасай алатындай деңгейде болуымыз әбден мүмкін еді. Қару жасауды қазақ баяғыда-ақ бастап кеткен. Бірақ оны дамытпадық. Неге? Себебі мұны бізге шектеп тастағандар болды. Әр түрлі саяси ауқымдар кедергі жасады. Әйтпесе, дамытатын нағыз халқымыздың пайдасына жарайтын ырым тойлар бізде жеткілікті”, – деп қорытты этнограф.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
