Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Facebook қолданушысы жарнама үшін Meta-ны сотқа беріп, 3 миллион теңгеден аса қаржы өндіріп алды

Meta компаниясын сотта жеңдіФото: BILD_Russian

Германияның Лейпциг қаласының тұрғыны Андре Фрике Meta корпорациясына қарсы сотқа арызданып, жеңіске жетті. Meta Facebook пен Instagram-ға иелік етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bild Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Енді бұл оқиға Еуропада жеке мәліметтерді қорғауға байланысты шағымдардың көбеюіне түрткі болуы мүмкін. Лейпцигтің жоғарғы сотының мәліметінше, Meta компаниясы өздерінің Business Tools деп аталатын құралдары арқылы Еуроодақтың деректерді қорғау заңдарын бұзып келген. Бұл интернет қолданушыларының көбіне таныс жағдай, яғни бір тауарға қызығушылық танытсаңыз, сол тақырыптағы жарнама барлық жерде қаптап кетеді. Зерттеулерге сәйкес, Meta-ның бұл тәсілі Еуроодақтың Жалпы деректерді қорғау регламентін (GDPR) бұзады.

"Meta өз қолданушыларын жылдар бойы аңдып келді. Өз платформаларында ғана емес, бүкіл интернетте бақылады. Мәселен, Meta Business Tools әрбір шерту, іздеу сұранысы мен сатып алуды бақылайды", – дейді заңгер Макс Баумайстер.



Meta Business Tools технологияларын дүниежүзінде көптеген сайт пен қосымша иелері пайдаланады. Бұл құралдар қолданушының әрекетін қадағалап, Meta-ға мәліметтер жібереді. Осы ақпараттар негізінде адам туралы жеке мәліметтер қоры жасалады.

"Meta осы мәліметтер арқылы миллиардтаған пайда тауып отыр", – дейді Баумайстер.

Баумайстердің компаниясы бұған дейін де бірнеше іс бойынша жеңіске жетіп, Гамбургте 3 000 еуро, Майнцте 10 000 еуро көлемінде өтемақы өндіріп алған.

"Мен бұл істе жеке тұлға ретінде алпауыт компанияға қарсы тұрып жеңіске жетемін деп ойламадым", – дейді Андре Фрике.

Лейпциг сотының мәліметінше, Meta компаниясы 2021 жылы жарнамадан 115 миллиард доллар табыс тапқан. Бұл компанияның жалпы табысының 97 пайызы.

Айта кетейік, бұған дейін Еуроодақ Apple мен Meta-ға жалпы сомасы 700 млн еуро айыппұл салғаны туралы жазған едік.

STAN.KZ
Жұма, 18 Шілде, 2025 12:11
Талқылау