Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысының 60 жастағы әкімі турникке бірнеше рет тартылып, спорттық даярлығымен таңғалдырды (видео)

Марат АхметжановФото: gov.kz

Ақмола облысының 60 жастағы әкімі Марат Ахметжанов спорт кешенінің ашылуында спорттық даярлығын паш етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Іскерлік костюм киіп, галстук тағып алған өңір басшысы Зерендідегі жаңа спорт кешенінің ашылуында турникке сегіз рет тартылып, бас прокурор Берік Асыловқа, әкімдік өкілдері мен БАҚ өкілдері спорттық даярлығын көрсетті. Әлеуметтік желіде тараған видеодан шараға жиналғандар әкімге қол соғып, қолдау білдіріп жатқанын байқауға болады. 

Әлеуметтік желі қолданушылары видеоның астына Ақмола облысының әкіміне, оның жұмысына, спорттық даярлығына қолдау білдіріп, пікір қалдырған. Кейбір желі қолданушылары облыс басшысынан осы қызметте барынша ұзағырақ қалуын сұрап, өзге облыс әкімдері мен депутаттарға Ахметжановты үлгі еткен.

"Барлық ведомство басшылары, мұны челлендж деп қабылдаңыздар. Құқық қорғау органдарынан бастаңыздар", "Таза емес, бірақ генералға жарайды. Менің жасым 66-да, өзіме қатаң талап қоямын", – деп жазған желі қолданушылары.

Марат Ахметжанов Ақмола облысының әкімі болып 2023 жылы тағайындалды. Оған дейін ол бір жарым жыл Ішкі істер министрлігін басқарған; ол бұл қызметке қаңтар оқиғасынан кейін тағайындалды. Әр жылдары Бас прокуратурада, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінде түрлі қызметтер атқарды. Полиция генерал-полковнигі деген атағы бар.

STAN.KZ
Жұма, 27 Маусым, 2025 16:49
Талқылау