Туыстардың арасындағы ақша аударымдарына салық салына ма: Вице-министр жауап берді
Фото: Stan.kz
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов туыстар арасындағы ақша аударымдарының салық салу тәртібіне қатысты салық кодексіне енгізілген өзгерістер туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Біржановтың айтуынша, қазіргі уақытта мобильді аударымдарға мониторинг жүргізілуде және аударым сомасына қатысты қосымша критерий енгізуді көздейтін жаңа бұйрық әзірленіп жатыр.
"Бұл бұйрық бүгін қабылданған заң жобасынан кейін қабылдануы тиіс болатын. Заң қазірдің өзінде қабылданды, ол 60 күн ішінде күшіне енеді, содан кейін біз нормативтік-құқықтық актіні қабылдап, жаңа ережелер бойынша жұмыс істей бастаймыз. Қыркүйек айында іске қосуды жоспарлап отырмыз", – деді Біржанов.
Вице-министрдің айтуынша, жақын туыстар арасындағы ақша аударымдарына салық салынбайды.
"Анасы қызына, әкесіне, бауырына ақша жіберсе, ешқандай мәселе болмайды. Тіпті аударым сомасы 1 немесе 2 миллион теңге болса да", – деп түсіндірді вице-министр.
Елімізде ақша аударымдары туралы ақпарат Қаржы мониторингі агенттігіне жолданады
Сонымен қатар, жаңа ережелерді қолдану үшін келесі үш шарттың бір мезгілде орындалуы қажет екенін нақтылады:
- Ақша аударымдары 100 түрлі адамнан келуі тиіс;
- Бұл аударымдар үш ай қатарынан ішінде бір адамға жіберілуі керек;
- Жалпы аударым сомасы 1 миллион теңгеден асуы қажет.
"Егер сізге екі немесе тіпті он адам ақша жіберсе, бұл талаптарға сай келмейді", – деді Біржанов.
Айта кетейік, жаңа Салық кодексі жобасына сәйкес, қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін өседі. Бұған дейін бұл көрсеткішті бірден 20%-ға көтеру ұсынылған болатын. Қазақстанда қыркүйектен бастап мобильді аударымдарды тексерудің жаңа шарттары күшіне енеді.

"Артында төрт баласы қалды": Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтың отбасы 5 жылдан бері пәтер ала алмай жүр
