"Ағаштарды бояумен бояп қойған”: Президентті күткен Ақтөбенің әкімі желіде күлкіге қалды
Коллаж: Stan.kz
Ақтөбеде президент келмес бұрын абаттандырылып, таңғы сағат 5-тен бастап қала көшелері жуылып, жол белгілері боялған. Қала тұрғындары мұндай өзгеріске таңданыстарын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өңірге жұмыс сапарымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барды. Жергілікті билік таңғы сағат 5-тен бастап қала көшелерін жуып, жол белгілерін бояған.
Ақтөбеліктер желіде жол бойындағы ағаштардың жасыл бояумен боялғанын айтып шағымданды. Қала тұрғыны ағаш жапырағын ұстап, қолға жасыл бояу жұғатынын көрсеткен. Әлия Молдағұлова даңғылы бойында қураған ағаш бұталары жап-жасыл болып шыға келген.
Тағы бір оғаш кадр – президент кортежі өткен жол бойында құдық қақпағы жабылмаған, ашық жатыр. Қаланың басты көшелерінің бірі саналатын бұл маңда адам көп жүреді. Ашық құдық балалар үшін қауіпті.
Ал Ақтөбе қаласы әкімдігі “ағаштарды бояп жатыр” деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
“Inva Profi" ЖШҚ мамандары бекітілген кестеге сәйкес Ақтөбенің жасыл желектеріне жоспарлы күтім жасайды. Жұмыстарға аурушаңдықтан және температураның өзгеруінен өсімдіктерді қорғау үшін құрғақ бұтақтарды кесу, санитарлық кесу, иммуностимуляторлармен өңдеу (Nature, Эпин, Циркон) кіреді. Бактериялық аурулардың алдын алу үшін топырақ Фундазол, Фитоспорин және Превикурмен өңделеді (әсіресе гүлдердің астында). Көгеруден зардап шеккен өсімдіктер құрамында мыс бар препараттармен өңделеді. Маусым бойы тыңайтқыштармен (әмбебап Кристалл, фосфор мен калий мөлшері жоғары Кристалл) қоректендіру жүргізіледі. Күн сайын жасыл желектердің жай-күйіне мониторинг жүргізіледі. Ағаштардың айналасындағы топырақты қопсыту, арамшөптерден тазарту және қажет болған жағдайда гербицидтермен қоректендіру үнемі жүргізіледі”, – деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімдігі.
Айта кетейік, президенттің осыған дейінгі Ақтөбеге сапарынан кейін жергілікті шенеунік 8 жылға сотталған еді. Президент жүрген жолға белгі салған Ақтөбе қаласы әкімдігінің қызметкері Абзал Тілмағамбетов 272 млн теңгені жымқырды деп айыпталды.

"Артында төрт баласы қалды": Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтың отбасы 5 жылдан бері пәтер ала алмай жүр
