Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмек неге қайта қаралуда – Еңбек министрі жауап берді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстанда көпбалалы отбасыларға көмек көрсету ережелері не себепті қайта қаралып жатқанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер бюджет тапшылығымен байланысты емес.

"Бұл ең алдымен қазақстандықтар арасында әлеуметтік игіліктерді әділ бөлуді көздейді. Себебі конституцияға сәйкес, барлық азамат тең құқыққа ие.

Бұл жұмыс өңірлерде әлеуметтік қамтамасыз етудегі теңсіздіктер анықтала бастаған кезде қолға алынды. Баршамыз білеміз, мегаполистердегі әлеуметтік пакет шалғай ауыл-аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Сол себепті барлық азаматқа әлеуметтік қолжетімділікті теңдей қамтамасыз ету үшін әлеуметтік саясат толықтай қайта қаралып жатыр", – деді Светлана Жақыпова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бұл ретте "ешкімнің құқығы шектелмейтінін" алға тартты.



"Мысалы, “көпбалалы ана” атағы бар әйел мен жалғызбасты ананы алып қарайық. Жалғызбасты ана жұмыс істемейді. Баласына жетерлік қаражаты жоқ. Осындай жағдайда кімге басымдық берілуі керек? Қаржысы жетпейтін анаға ма, әлде табысы жеткілікті көпбалалы анаға ма? Міне, дәл осы әлеуметтік әділеттілік принципі қаралып жатыр", – деп түсіндірді министр.

Болашақта көмек көрсетуге қатысты өзгерістер меншігінде үйі мен көлігі бар, сондай-ақ жан басына шаққандағы табысы төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын отбасыларға әсер етеді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 19 Маусым, 2025 17:10