Түркістан облысында 16 жастағы қыздың өліміне күдікті ретінде ауылдағы наубайханашы ұсталды
Фото: Сюжет кадрларынан скрин
Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында 6 маусымға қараған түні 16 жастағы қыздың өліміне байланысты жаңа деректер пайда болды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, сол күні ол отбасылық дүкенінен үйіне қарай шығып кеткен. Алайда сол кеткеннен із-түссіз жоғалып, түні бойы іздегеннен нәтиже болмаған. Тек таңертең полиция қызметкері қыздың денесін жол жиегінде орналасқан балабақша қоршауының жанынан тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Оtyrar.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
16 жастағы ару 7 маусым күні жерленді. Ол – отбасыда төрт баланың кенжесі. Шымкент қаласындағы медициналық колледждің бірінші курсында оқып жүрген. Каникул кезінде ауылға ата-анасына көмектесу үшін келген.
Қазір қыздың отбасы ауыр қайғы үстінде. Анасының жағдайы нашарлап, бірнеше рет жедел жәрдем шақырған.
Ауылда тұрғындар пікір білдіруден бас тартып, үрейленіп, алаңдап жүргендерін жеткізді. Куәгерлердің айтуынша, мәйіт табылған күні полиция марқұмның отбасының дүкенінің жанындағы наубайханада жұмыс істейтін ер адамды ұстаған. Осыдан кейін ауылда байланыс үзілген, қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
"Әрине, өте өкінішті, өз қызымыздай болды. Жүрек ауырады, бірақ енді ештеңе өзгерте алмаймыз. Тек Алладан сабыр сұрап, дұға етеміз. Басқа не деуге болады? Қазір кешке көшеге шығуға тыйым салынды. Ол жақсы, жайлы отбасыдан шыққан қыз болатын", – дейді ауыл тұрғыны.
"Мен естігенде шошып кеттім. Қан қысымым көтеріліп кетті. Қызымыз көз алдымызда өсті ғой", – дейді тағы бір тұрғын.
Ауыл әкімдігі бұл қылмысты растады. Айтуынша, болған оқиғадан кейін қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
“Ауылымызда қайғылы оқиға болды. Жасөспірім қыздың мәйіті табылды. Қазір құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Ол Шымкенттегі медколледждің 1-курс студенті болған. Қазір ауылда, әсіресе кешкі уақытта, патрульдік қызмет күшейтілді", – деді Төрткүл ауылының әкімі Нұрлан Сапаров.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қыздың мәйіті 6 маусым күні таңғы сағат жеті шамасында табылған. Күдікті жедел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, Түркістан облысында 16 жастағы қызды зорлап, аяусыз өлтірді деген ақпарат тарағаны туралы хабарлаған едік.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
