Әлеуметтік желі қазақстандық бойжеткеннің өмірін тозаққа айналдырған: Ол сталкинг құрбаны болды
Әлеуметтік желідегі парақша адамның өміріне қауіп төндіруге себеп болады дегенге сенесіз бе? Өзіңіз жайлы бар ақпаратты жариялап, басыңызды қатерге тіктім деп ойламауыңыз мүмкін. Бірақ астаналық Алима есімді ару Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында желідегі парақшасын белсенді жүргіземін деп сталкингтің құрбаны болғанын айтты. Сталкер оны үш жыл сырттай бақылап, ол туралы ақпарат жинаған.
“Менімен танысу үшін құрбымды пайдаланды”
Алима желідегі парақшасын 2022 жылдан бастап жүргізеді. 2024 жылдан бастап белсенді жүргізе бастаған. Басқа адамдардың оның өміріне қызығушылық таныта бастағанын байқағанымен, олардың көбі жасы кіші қыздар болғандықтан қатты мән бермеген. Әлеуметтік желіде бөтен адамдар оның жеке шекарасына өтіп, өмірінің өзгеруіне себеп болады деп ойламаған.
“Танымайтын адам менің соңыма түсіп, әр видеомды қарап, менің алдымда өзін “мінсіз” етіп көрсетеді деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Ешқандай белгі болмады. Не пікір қалдырмайтын, не лүпіл баспайтын. Тек үндемей өзінің жоспарын іске асыратын сәтті күткен. 2021 жылы мен Аиша деген құрбымды кездестірдім. Бақтиярмен таныстырған сол құрбым. 2022 жылы ол жігіт Аишамен танысып, достарының арасынан мені көріп қалған. Мен оны “қызықтырған” екем. Бірақ сол сәттен бастап ол мені сырттай бақылап жүрген. 2023 жылдың соңында белсенді әрекетке көшті. Ол досы Мүслімге Аишамен танысуға өтініш тастаған. Мүслім мен Аиша қыз бен жігіт болып кездесе бастады. Сөйтіп менімен “кездейсоқ” кездесіп, танысудың амалын ойластырған. Наурызға дейін Аишадан мен туралы жиі сұрайтын болған. Тіпті менің Алматыға қашан келетінімді біліп алған. 2024 жылы 23 наурыз күні біз Аишамен кинотеатрда отырдық. Кенеттен Мүслім Аишаны шақырып, "дос қызыңды ертіп алшы" деді. Бірінші президент саябағында серуендеп, таныспақ болды. Барғым келмеді, бірақ Аиша өтінген соң, еріп бардым. Кейін білдім, мұның бәрін менің соңыма түскен Бақтияр әдейі ұйымдастырған екен”, – дейді Алима.
Сол күннен кейін ол іскерлік сапармен Стамбулға ұшқан. Болған жағдай туралы да ұмытып кеткен. Стамбулдан оралған соң Алиманың өмірінде ауыр кезең басталған. Сол туралы әлеуметтік желілерде бөліскен.
“Бақтияр сол сәтте өзін "қаһарман кейіпкердей" көрсетіп, менімен таныспақ болды. Аиша маған ол туралы жазып, өзімен бірге "қос кездесуге" баруымды өтінді. Ол "Сенің өміріңде бәрі қиындап кетті, сәл сергіп қайт" деді. Әлбетте, бұл да Бахтиярдың айтқанымен болған дүние болып шықты. Ол мені Ritz Carlton-дағы мейрамханаға шақырды. Сол кездесуден кейін маған жиі жаза бастады, сөйтіп, арамызда байланыс орнады. Біз танысқан соң көп ұзамай Мүслім мен Аишаның қарым-қатынасы бұзылды. Себебі олардың қарым-қатынасы шын махаббаттан құралмаған еді. Бұл маған қол жеткізу жолында құрылған жоспардың бір бөлігі еді. Өкінішке қарай, бар шындық 2025 жылы ашылды. Құрбым оған арыз жазбауымды өтінді. Ол алғашында Бақтияр расымен мені ұнатып, танысқысы келіп жүр деп ойлаған. Бірақ кейін ол Аишаның отбасылық құпиясын біліп алып, жақындарына зиян келтіремін деп қоқан-лоқы көрсеткен. Сөйтіп Аиша да олардың лас ойындарына қатысуға мәжбүр болған. Аиша, досы Мүслім және немере бауыры Бекарыс Бақтиярдың бар тапсырмасын орындап, айтқанын істеп жүрген”, – дейді кейіпкеріміз.
“Тосынсыйлары, әдемі сөздері, қолдауының бәрі көзбояушылық болып шықты”
Алима жасы кіші, аңқау болғанын алға тартып, адамдарды тани алмағанын айтады. Өмірінде қиын кезең болғандықтан қыз оны "құтқарушы қаһарман" деп көрген.
“Барлық қыз сияқты мен де қиялға берілдім. Ол мені үш жыл бойы аңдып, мен туралы ақпарат жинап, қызығушылықтарымды зерттеген. Сөйтіп ол өміріме мен армандаған жігіт бейнесінде кіріп келді. Көңіл бөлуі, жасаған тосынсыйлары, әдемі сөздері, қолдауының бәрі көзбояушылық болып шықты. Тіпті, көліктерін де менің көйлектерімнің түсіне сай таңдайтын. Маған мені содан артық түсінетін адам жоқтай көрінді, ортақ қызығушылықтарымыз бар екенін білдім. Бір сөзбен айтқанда, оны өзімнің ер нұсқама ұқсаттым. Осылайша, екеуміздің арамызда эмоциялық байланыс орнатты. 2024 жылдың 13 мамырында оның атасы қайтыс болды. Бұл, бәлкім, оның маған алғаш рет көрсеткен әлсіз тұсы болған шығар. Сол кезде ол мүлде басқа адам болып көрінді. Мен оның қайғырып жүргенін біліп, шын көңілмен қолдау көрсету үшін оның жанынан табылып, қайғысын жеңілдетуге тырыстым. Оған көмектесіп, қол ұшын созамын деп ойладым, қамқорлығымды бағалайды деп сендім”, – дейді ару өзінің сталкердің құрбаны болғанын аңғармай жүрген кезін еске алып.
Бақтияр қазадан кейін қолдауға, жұбатуға зәру адам болып көрінген. Ал Алима жігіт өзіне шын ғашық деп ойлаған. Оған сеніп, қиын кезеңдерден бірге өтеміз деп үміттенген. Бірақ қазір мұның тек Бақтиярдың манипуляцияларының бір бөлігі ғана екенін түсінді.
“Бақтияр шынайы болмысын жасырып жүрді, мен болсам өзімнің қандай тұзаққа түскенімді аңғармадым. Ол үнемі мені мақтап, маған тамсанып жүретін. “Менің адамым осы шығар, енді сәл шыдасам, маған “кездесейік” деп ұсыныс жасайды деп ойладым. Бұл менің өмірімдегі алғашқы қарым-қатынас болады деп үміттендім. Бірақ ол ешқашан ондай ұсыныс жасаған жоқ, ал мен күтіп жүрдім. Арамызда ешқандай ресми қарым-қатынас болған жоқ, мен тек екеуіміздің арамыздағы эмоциялық, желөкпе сезімнің жетегінде жүрдім. Оған тірек болғым келді. Бірақ қазір түсіндім — бұл сезімді мен ғана бастан өткеріппін. Мен ол үшін нысана, трофей және тәуелділік қана болыппын”, – дейді Алима.
“Маған көздер әлемнің түкпір-түкпірінен қарап тұрғандай болатын”
Бақтияр қызды өзіне байлау үшін өзі түскен жол апатын да әдейі ұйымдастырған.
“Ол менің қайда тұратынымды, тіркеу орнымды, қай оқу орнында оқитынымды, қайда барып жүргенімді, тіпті сабақ кестеме дейін біліп алған. Қыздармен қыдырып жүргенде мен оны үнемі "кездейсоқ" кездестіретінмін, не болмаса ол өзі хабарласып, "сен бе мына үстелде отырған?" деп менің үстімдегі киімімді, қасымдағы құрбыларымды сипаттап жазатын. Бірақ мен оны айналамнан таппайтынмын. Маған көздер әлемнің түкпір-түкпірінен қарап тұрғандай, біреу мені үнемі бақылап жүргендей сезім болды. Ең қорқыныштысы — бұл туралы ешкімге айта да алмадым. Себебі маған ешкім сенбейтіндей көрінді, "бұлай болуы мүмкін емес қой" деп ойлап, мені жындыға санауы мүмкін еді. Бұл адамның түсіне де кірмейтін жағдай ғой”, – деп әлі күнге дейін таңғалады кейіпкер.
”Сенің азап шеккеніңнен ләззат аламын”
Алима өзінің әлдекімнің бақылауында жүргенін сезетін. Бірақ бұған анық көз жеткізген емес.
“Аишамен қыдырып жүргенде, жақын маңда Бақтиярдың көлігіне ұқсайтын қара автокөліктің тұратынын жиі байқай бастадым және бұл мені алаңдатты. Бақтиярдың сол кезге дейінгі барлық оғаш әрекеттері оның шын бет-бейнесін көрсетіп тұрған еді. Бірақ мен оның бәрін байқамағандай, көз жұма қарап келдім. Ішкі түйсігім бір нәрсенің дұрыс емес екенін сезсе де, жүрегім оған сенгісі келмеді. Оның өмірінен менің хабарым жоқ. Ол мені өз әлеміне кіргізгісі келген жоқ. Бірақ құдды ойыншығы секілді менің өміріме белсенді араласатын. Ол менің оған рухани тұрғыдан байланғанымды түсінген соң, манипуляция жасайтын болды. Сезімімді, әлсіз тұстарымды пайдаланып, мені және менің әрекеттерімді бақылауда ұстауға тырысты. Маған үнемі “тым сезімталсың, бәрін асыра сілтейсің, дұрыс түсінбейсің” дейтін және осы сөздерге сендіруге тырысатын. Бұл сөздерден кейін өз сезімдеріме, қабылдауыма күмәнмен қарадым. Уақыт өте келе мен оның пікіріне тәуелді болдым”, – деп мойындайды кейіпкеріміз.
Осындай ауыр жағдайдан кейін Алима өзіне деген сенімін жоғалтқан. Қаскөй құрбанының азап шеккенінен ләззат алатынын айтқан.
“Бақтияр кез келген жағдайды өзіне ыңғайлы, икемді етіп жасап алатын. Оны сенімді түрде айтқаны соншалық, есімнен адасып бара жатқандай күй кештім. Өзіме сенуден қалдым. Ішкі күйзеліс пен мазасыздықтан жүйкем жұқарып, айналамда болып жатқан жағдайдан аман-есен шығу үшін тыныштандырғыш ішетін болдым. Ол үнемі менің эмоцияларыммен ойнады. Ол менің азап шеккенімнен ләззат алады екен. Өмірімнің қирап жатқанын көргенде, өзі билік пен бақылау жүргізе алатынын, үстемдігін сезінген. Мұның бәрін ол кейін өзі айтып берді. Маған бұл адамдармен байланысты үзіп, жағдайды түсіну үшін бір жыл уақытым кетті”, – дейді Алима.
“Өлтіремін деп қорқытты”
“Биыл 25 наурыз күні Бақтияр менің Астанадан Алматыға ұшатын рейсімді аңдып, “өлтіремін” деп қорқытты. Мен әуежайға қонған сәтте ол маған хабарлама жазып, әуежайда екенін айтты. Сол сәтте Аиша да жазып, Бостандық ауданында пәтер жалдап қойғанын айтып, мені сонда шақырды. Мен бұл туралы біреуге айтсам, біріншіден, маған ешкім сенбейтін еді, екіншіден, ол қандай жағдай болмасын тығырықтан қиналмай шығып кететінін, кейін зардабын өзім шегетінін айтты. Оның отбасы менің отбасымнан әлдеқайда ықпалды еді. Өзі қаламайынша мені жібермеймін деді. Бір жыл бойы күйзеліспен өмір сүрдім. Бірнеше рет есімнен танып қалдым, қан қысымым төмен болды. Ауруханаға барғанымда нақты диагноз қоя алмады, сол себепті бейресми түрде вегетативті-тамыр дистониясы деген диагноз қойылды. Себебі осы жағдайлардан кейін менде вегетативті жүйке жүйемнің жұмысы бұзылғанын көрсететін белгілер пайда болды”, – деген кейіпкер денсаулығының сыр бергенін айтты.
Алима Бақтиярмен таныспай тұрып ашық-жарқын, көңілді, үнемі достар мен таныстардың ортасында жүретін адам болғанын айтады. Бірақ бір таныстық қыздың өмірін бір-ақ сәтте аласапыран етті.
“Өзіме сенімді, саяхаттауды жақсы көретін, болашаққа жоспар құрып, өмірден ләззат алатын адам едім. Бірақ онымен араласқан сәттен бастап бәрі өзгерді. Мен іштей тұйықталып, достарымнан, жақындарымнан алыстай бастадым. Достарым менің өзгергенімді байқады. Өйткені бойымдағы өзгерістерді жасыру мүмкін емес еді. Басқа адамға айналып бара жаттым. Мен оны түсінуге, мінез-құлқын саралауға тырыстым, алаңшыл болдым. Біз ресми түрде қыз бен жігіт болып кездеспегенбіз, бірақ ол менің сезімдеріммен ойнап, мені өзіне тәуелді етті. Бұл – біржақты тәуелділік еді, ол мені біртіндеп іштен күйретіп жатты. Барған сайын өмірге деген қызығушылығым мен күш-қуатымды жоғалта бастадым. Баяғы ашық, көңілді, шынайы қалпымнан айырылып, жан дүниемде бір бос кеңістік пайда болды. Бұл жай ғана эмоциялық ауырсыну емес еді – денсаулығым сыр берді. Жиі ауыратын болдым, көп жыладым, мені күйзеліс меңдеді. Уақыт өте келе өмірден түбегейлі үмітімді үздім”, – дейді ол.
“Өзіме қол жұмсағым келетіндей күйге жеттім”
Бақтияр бұл ойынды қызық үшін бастаған. Бірақ Алима мұның салдары осынша ауыр болады деп ойламады. Алима бәрін тастап, жаңа өмір бастауға тырысқан. Алайда мұның бәрі бекершілік болып шықты.
“Қашып кетпек болғанда ол мені қайтадан тауып алып, өзінің "ойынына" қосатын. “Неге маған бұлай істейсің?” деген сұрағыма, ол “Алғашында ондай ойым болмады. Бірақ сенің сондай аңқау, сенгіш әрі мейірімді екеніңді көріп, сені қаншалықты құрдымға батыра алатыным қызық болды” деп жауап берді. Мен құрбымның өтінішінен кейін оның үстінен шағым түсірмедім. Ол жағдайды өзара шешуге көндірді. Қазір түсіндім – бұл менің ең үлкен қатем болды. Себебі мен үнсіз қалғаннан барлығы шешіліп кетпеді, бірақ қорғансыз күйде, әлсіз болып қалып қойдым. Ал 2024 жылы қазанда мен бірінші рет кетіп, бәрін тоқтатуға тырысқанда, ол мені босатқандай болды. Бірақ алыстан бақылауын жалғастырды. Сол кезде мен басқа бір жігітпен сөйлесе бастадым, бір-бірімізді ұнаттық. Алайда ол бұл туралы біліп қойып, бәрін күл-талқан етті. Оның атын естісем, маған жазғанын көрсем дірілдеп, жүрегім айнып, дем алуым қиындап кететін. Бойымды қорқыныш, үрей, жиіркеніш сезімі билейтін. Өзімді ауыр сезініп, денем қатып қалатын. Тағы бір айта кетері, ол өз отбасы мүшелеріне де қатігез еді. Әсіресе, анасына. Бірнеше рет анасына ешқандай жақындық сезбейтінін, тіпті оны өзін 9 ай көтерген дене ретінде қабылдайтынын айтқан”, – дейді Алима сол кезде осындай айқын белгілерге назар аудармағанына өкініп.
Алима сол адамның кесірінен өмірмен қош айтысу туралы ойлаған. Сол оқиғадан кейін кейіпкер адамдармен танысудан қорқып қалған.
“Егер мен сол кезде шағымданғанда, бірінші “өзін-өзі өлтіруге итермелеу” бойынша арыз жазар едім. Себебі ол мені сондай күйге дейін жеткізді. Арыз жазбағаным үшін әлі күнге дейін өкінемін. Өйткені мұның салдары ауыр болды. Оның зардабын әлі тартып келемін. Қазір мен ешкіммен таныспаймын, жаңа адамдармен танысуға қорқамын. Себебі тағы да дәл осындай жағдайға тап боламын ба деген үрей бар. Бұл жағдай туралы айту мен үшін ауыр, бірақ сабақ болды. Ол маған сақ болуды, шекарамды белгілеп, өзімді тыңдауды, кімге сеніп, кімге сенбеу керегін түсінуді үйретті. Ең бастысы — мен өзімді жақсы көруді, ішкі жан дүниемді бағалауды және осы күйімнен айыруға ешкімге жол бермеуді қайта үйрендім”, – дейді Алима.
Кейіпкер дер кезінде көмек сұрап, шара қолданбағанын өзінің ең үлкен қатесі деп санайды. Ол тіпті, бір кездері Бақтиярға көмектеспек болған.
“Бұл – стокгольм синдромы еді. “Бәлкім, ол мені шын мәнінде сүйіп қалар" деп үміттендім. Себебі “егер оның маған сезімі болмаса, мен үшін мұндай әрекетке бармас еді?” деп ойлайтынмын. Тіпті, бәлкім, ол бала күнінен нағыз сезімді, махаббатты, жылулық пен қамқорлықты көрмегендіктен, ешқашан дұрыс, сау қарым-қатынас құра алмаған шығар деген ой келді. Бірақ ол нағыз есалаң болып шықты. Мен оның жанында жүрген сияқтымын, бірақ ол мені үнемі өзінен алыс ұстайтын. Бұл эмоциялық тұзақ сияқты. Мені жақындатпайды да, бірақ жібермейді”, – дейді ол.
Алима бастан өткен жантүршігерлік жағдайдан кейін ұзақ емделгенін айтады.
“Наурыз бен мамыр аралығында тұрақты түрде психологтың қабылдауына барып жүрдім. Қазір бәрі жақсы. Психологқа бара бастаған кезде, не себепті оған тәуелді болып қалғанымды біртіндеп түсіне бастадым. Мамандар маған оның жасағанының бәрі манипуляция екенін, ал менің оған жабысып, оның қатігездігін ақтауға тырысқаным терең эмоциялық тәуелділіктің салдары екенін айтты. Мен өз сезімдерімді талдап, олардың түп негізін іздедім. Осы арқылы оның ықпалы менің шынайы өмірлік қабылдауымды қаншалықты өзгерткенін түсіндім. Мен одан сүйіспеншілік пен қолдау күттім, бірақ ол маған оның бірін де бере алмады. Тек өмірімнің күл-талқаны шықты”, – деді бойжеткен.
Алайда Алима бар күшін жинап, өмірін жаңадан бастап, бар қиыншылықты еңсеруге барын салған. Сондай-ақ бұл әрекеті өз нәтижесін берді.
“Терапия маған өзімді бағалауға, шынайы сезім мен сау қарым-қатынасқа лайық екенімді түсінуге көмектесті. Дегенмен қазір осы оқиғалардың бәрін еске түсіріп, жан жараммен қайта бетпе-бет келгенде, ішімде біртүрлі сезім пайда болады. Кейде "Егер бәрі басқаша болғанда ше?” деп ойлаймын”, – дейді Алима.
Басынан өткен жағдай туралы баяндаған кейіпкер қыз-келіншектерге берер кеңесі барын айтты.
- Ешқашан әдемі сөздерге, уәделерге және болмашы әрекеттерге сене бермеңіздер. Өзіңді біреудің бақыты үшін құрбан етпе. Адамды тексеруден жалықпа, оған түгелдей беріліп кетпе. Ішкі түйсігіңе сен және алғашқы белгілерге көз жұма қарама. Бұндай жағдайлар көп, бірақ көп адам үндемейді — үндемеу сені қорғамайды;
- Егер адам сенімен қарым-қатынас үшін нақты әрекет етіп, ұсыныс жасамаса, күтіп жүргенің жүрген. Ол ешқашан саған қарай қадам жасамайды. Өз өмірің туралы әлеуметтік желіде тым көп ақпарат жариялама. Бөтен адамдар сен туралы қаншалық аз білсе, соншалық қауіпсіздіктесің. Кездейсоқ көрінген таныстықтар әрдайым кездейсоқ бола бермейді. Егер саған жігіт "мінсіз" болып көрінсе және сен туралы бәрін білсе — ол сені алдын ала зерттеген болуы мүмкін;
- Қасыңдағы адамдарға зер сал. Кейде манипуляторлар сенің өміріңе баса көктеп кірмесе де, "қой терісін жамылған қасқыр" секілді, басқа адамдар арқылы әрекет етеді. Халқымыз айтпақшы, жау алыстан келмейді. Бұл – шындық;
- Бақылау, қысым, манипуляция, және "кездейсоқ сәйкестіктер" — бұл махаббаттың белгісі емес. Егер жаныңдағы адамның қауіпті екенін сезсең – түсіндіріп жатпа, бірден кетіп қал. Өзіңді толық қорға, артыңа қарайлама. Тез өрбитін қарым-қатынасқа да күмәнмен қара. Бұл махаббат емес. “Тағы бір мүмкіндік” немесе “соңғы әңгімелесу” сен үшін аса қауіпті болуы мүмкін. “Жоқ” – нақты жауап. Түсіндіруге міндетті емессің, аяушылық сезімге берілме. Бұғаттап, өміріңнен бір жола алып таста;
- Тек өзіңе сен. Төрт жыл сеніп жүрген құрбым өзін құтқару үшін, мені құрбан етеді деп мүлдем ойламаппын. Есі дұрыс емес адамды сырттай бірден тани алмайсың, олар өздері де мұны мойындамайды;
- Оның жан жарасына сен кінәлі емессің. Сондай жағдайға тап болсаң, өзіңді кінәлама. Егер бір нәрсе дұрыс емес болып көрінсе, демек солай. Бұл паранойя емес, бұл ішкі дабыл;
- Дәлелдер — сенің қаруың. Скриншот, дыбыстық жазбалар, видео. Бұларсыз сенің сөзің полиция үшін жай ғана "әйелдің эмоциясы". Қорқу ұят емес. Қауіпті елемеу — ұят, себебі тым кеш болып кетуі мүмкін.
“Әлі күнге дейін мені сырттай бақылайды”
Алима ол жігітті наурыз айында бұғаттап, өмірінен бір жола өшірді. Қазір ол жігітпен мүлде байланысын үзген.
“Қазір ол Алматыда, халықаралық қатынастар факультетінде оқып, бітіруге жақын. Өз өмірін сүріп жатыр. Бірақ мені бақылауын тоқтатқан жоқ. Мен бұғаттаудан жалықпаймын, ол жаңа парақша ашып әлек. Бірақ қазір мүлдем мән бермеймін. Арызды сол күйі жазбадым. Барлығын Аллаға тапсырдым. Өмір бәрін өз орнына қояды деп сенемін”, – деп өз сөзін аяқтады Алима.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
