51 жастағы қазақстандық әйел Ұлыбританиядағы беделді сұлулық байқауының финалисі атанды
Фото: Зәуре Мұхамадиева Instagram парақшасында
51 жастағы қазақстандық Зәуре Мұхамадиева Лондонда өтетін “Miss Great Britain Kent and Sussex 2025” байқауына қатысады. Бұл – Ұлыбританиядағы ең беделді байқау. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл сұлулық байқауының ерекшелігі – оған 45 жастан асқан әйелдер қатысады. “Miss Great Britain Kent and Sussex” – Ұлыбританиядағы ең көне әрі беделді сұлулық байқауларының бірі. Биыл ол 80 жылдық мерейтойын атап өтеді.
"2024 жылдың қыркүйегінде байқауға өтініш бердім. Кейін бірнеше сұхбаттан өттім. Ұйымдастырушылар үшін тек сыртқы сұлулық емес, қатысушылардың өмірлік жолы да маңызды. Менің өмір жолым олар үшін ерекше қызық болды деп ойлаймын. Өйткені Қазақстаннан көшіп келіп, барлығын басынан бастадым. Жаңа мәдениетке бейімделдім, тілді жетік меңгердім.
Негізгі жұмысымнан бөлек, қайырымдылықпен де айналысамын. Мысалы, жексенбі сайын асүйде көмектесіп, үйсіздерді тамақтандырамыз. Сондай-ақ онкология орталығында тексеруден өтіп жүргендерге қаражат жинауға көмектесемін. Сүт безі қатерлі ісігімен күресіп жүрген әйелдерді қолдаймын. Өйткені Ұлыбританияда әрбір оныншы әйел осы аурумен күресіп жүр", – деді Зәуре Мұхамадиева.
Фото: Зәуре Мұхамадиева Instagram парақшасында
Зәуре Мұхамадиева сұлулық байқауына қатысу тек жеңіс үшін емес, басқа әйелдерге, әсіресе қазақстандықтарға шабыт беру мүмкіндігі екенін атап өтті.
"Қазақ екенімді мақтан етемін. Биыл 52 жасқа толамын. Өкінішке қарай, Қазақстанда 50 жастан асқан көп әйел өздерін "әже" деп санап, өздеріне күтім жасауды доғарады. Армандарынан бас тартады. Ал менің ойымша, әйел кез келген жаста сұлулыққа, бақытқа және армандардың орындалуына лайық. Мен ешқашан берілмедім, позитивті ойлауыммен өзгелерге шабыт бергім келеді. Арманыңның артынан еру, жаңа нәрсені үйрену, жақсылық жасау – ешқашан да кеш емес. Әр әйел мадақ пен тәжге лайық", – деді ол.
Байқау 22 маусымда өтеді.