Атырау облыстық әкімдігі жанармай құю бекетіндегі жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсетеді
Фото: Атырау облыстық әкімдігі
Атырау облысының әкімдігі Құлсарыдағы жанармай құю бекетінде болған жарылыстан кейін зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
31 мамырдағы жағдай бойынша зардап шеккен бес адам аудандық ауруханада емделуде, алтауы амбулаторлық ем алуға үйлеріне жіберілді, тағы үш науқас облыстық ауруханаға жіберілді.
"Қазір 25 пен 75 жас аралығындағы бес науқасқа медициналық көмек көрсетіп жатырмыз. Күйік шалған аумақ – 5-22%. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", – дейді Жылыой аудандық ауруханасының директоры Асұлан Әбдірахманов.
Облыс әкімінің тапсырмасымен 30 мамырда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін атыраулық төрт дәрігер Құлсары қаласына жіберілді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының алдын ала мәліметі бойынша, жарылыс газ цистернасынан автогазды цистернаға құю кезінде болған. Өрт салдарынан екі ғимарат жанып, өрт 450 шаршы метр аумақты шарпыған.
Оқиға орнында облыстық департаменттің үш маманы мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің үш қызметкері өрттің себебін анықтап жатыр.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жергілікті билік өкілдерімен бірге оқиғада қаза тапқан екі адамның отбасына барып, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Оларға аудан әкімдігі қажетті көмек көрсетеді.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысының Құлсары қаласында орналасқан жанармай құю бекетінде жойқын жарылыс болып, 2 адам қаза тауып, 14 адам жараланғаны туралы жазған едік.

"Әпшу" сұрайды, омырауын береді, шашын алып тастайды": Қазақстандықтар балаларының жеке шекарасының бұзылып жатқанына шағымданды
