Ақтөбеде “Қазхром” компаниясына тиесілі шахтада үш адам күйіп қалды
Фото: Stan.kz
Ақтөбеде “Қазхром ТҰК” АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты “Болашақ” шахтасында сутегі газы шығып, салдарынан үш адам күйік алып ауруханаға түсті. Екі кенші жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 26 мамыр күні сағат 22:30 шамасында тіркелді. Шахтада монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде кен өндіру блогында қысқа мерзімді тұтану болған. Еңбек инспекциясы факт бойынша комиссия құрылатынын хабарлады.
Түрлі жарақат алған 31, 34 және 42 жастағы кеншілер аудандық ауруханаға түсті. Екі адам жансақтау бөлімінде жатыр.
“Үш адам түрлі дәрежедегі күйік алып, жедел жәрдем бригадасымен Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді. “Болашақ” шахтасында сутегі газы шыққан.
Екі науқас ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Үшінші науқас травматология бөліміне жатқызылып, оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр”, – деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау департаменті.
“Қазхром ТҰК” АҚ-ы Дөң тау-кен байыту комбинаты "Болашақ" шахтасының кен өндіру блогында қысқа мерзімді тұтану болғанын растады.
-
Қазақстанда енді құрылыстарды сейсмологиялық есептен өткізу міндеттеледі
-
Бес кеншінің өлімі: Сот "Қазақстан" шахтасындағы сотталғандарға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды
“Қысқа мерзімді тұтану кезінде жабдықтарды монтаждап жатқан үш кезекші электрослесарь зардап шекті. Қызметкерлердің беті мен білегін күйік шалды. Зардап шеккендер жедел Хромтау қаласының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Оларға білікті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Кәсіпорын басшылығы дәрігерлер мен қызметкерлердің туыстарымен үнемі байланыста”, – деп хабарлайды “Қазхром ТҰК” АҚ баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде төтенше жағдайдың себептері анықталып жатыр. Тексеріс аяқталғанша шахтадағы кен өндіру жұмыстары тоқтатылады.