Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Сексуалды құлдық бойынша айыпталған P.Diddy-дің соты басталды

Фото: Kevin Winter / Getty Images

12 мамырда Манхэттен федералды сотында P.Diddy-ге қатысты сотта алқабилерді іріктеудің бірінші кезеңі аяқталды. Айыптаушы тарап алғашқы сөзін айтты.

5 мамырда рэпер Шон Комбсқа қатысты сот ісі басталды.

Сот екі куәгердің айғақтарын тыңдады. Алқабилерге P.Diddy ісі бойынша негізгі куәгер – бұрынғы сүйіктісі Кассандра "Кэсси" Вентураға жасаған шабуылының видеосы көрсетілді.

Шон Комбс яғни P.Diddy атымен танымал рэпер рэкеттік қастандық, сексуалдық сауда және жезөкшелік үшін айыпталған. Ол барлық айыпты жоққа шығарып, мойындамай отыр.

Көптеген жылдар бойы музыка индустриясының ең ықпалды тұлғаларының бірі болған Комбс өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бүкіл 12 (сегіз ер және төрт әйел) алқаби ант бергеннен кейін айыптау актісі оқылды.

Сот залындағы тілшілер хабарлағандай, Комбс айтарлықтай қартайып, сұр болып көрінді. Былтыр күзден бері Бруклин түрмесінде отырған рэперді қолдауға анасы Дженис пен балалары келген.

"Бұл – Шон Комбс. Жұрт үшін ол Пафф Дэдди немесе P.Diddy, мәдениет иконасы, бизнесмен, үлкен тұлға болды. Бірақ ол басқа қырынан да танылды. Қылмыстық кәсіпорынды басқарған адам. Осы сот процесінде сотталушының бірнеше адаммен бірігіп жасаған 20 жылға жуық қылмысын естисіз. Оның қасында оққағары мен жоғары лауазымды адамдар қылмыс жасауға көмектесіп, оларды жасырып тұрған", – деді прокурор Эмили Джонсон.

Прокурор әйелдер есірткіге салынып, бейтаныс ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүр болған оқиғаларды оқыды. Айтуынша, Комбс өзінің бұрынғы сүйіктісі Кассандра Вентураны аталмыш кештерге апарып, бәрін камераға жазып алып, ұрып-соғып, бопсалаған. Видеолардың ішінде қыздың он шақты ер адаммен жыныстық қатынасқа түскені болуы мүмкін. Шон қызды осы видеоны таратамын деп бопсалап келген.

Кассандра Вентура Комбстың Bad Boy Records лейбліне қол қойды және рэпермен 10 жылдан астам уақыт бірге болды. Ол 2023 жылдың күзінде Комбсқа қарсы сотқа шағым түсірді.

Іс бір күнде соттан тыс шешілгенімен, Вентураның оқиғасы рэперге қарсы басқа да сексуалдық зорлық-зомбылық туралы сот істерін тудырды. 

Рэпердің адвокаты Тени Герагос алқабилерге бұл"махаббат, қызғаныш, опасыздық және ақша" үшін туындаған іс екенін, ал прокурорлар оны рэкет және сексуалдық сату ісіне айналдырып алғанын айтты. Ол Комбстың Вентурамен қарым-қатынасын "бір-бірін сүйген екі адам арасындағы уытты қарым-қатынас" деп атады.

Сөзінше, бұл екі адам арасындағы жыныстық өмір және жыныстық саудаға жатпайды. Адвокаттың айтуынша, оның қорғаушысы "анайы өмір салтын" ұстанған және бірнеше адаммен жыныстық қатынасқа түсу өзара келісіммен болған.

Сондай-ақ ол рэпердің зәулім үйлерін тінту барысында атыс қаруы, секс-ойыншықтар, есірткі заттары, жағармай және мыңнан астам май табылғанына да тоқталды.

"Ол нәресте майын ұнатуы мүмкін. Бұл федералды қылмыс па?" — деп сұрады ол.

Герагос Комбстың ашуланшақ мінезі бар екенін және ол ішіп, есірткі қабылдағанда бақылауды жоғалтатынын айтты.

"Менің клиентім мұны мақтан тұтпайды. Шон Комбстың мінезі нашар, кейде ол қатты ашуланғанда немесе қызғанғанда, бақылаудан шығып кетеді", – деді адвокат.

Сот отырысында 2016 жылы Лос-Анджелестегі InterContinental қонақүйінің фойесінде Шон Комбстың Кэсси Вентураға шабуыл жасаған кездегі видеосы көрсетілді.

Бейнебақылау камерасының түсірілімі бұған дейін CNN телеарнасында көрсетілді. Онда рэпер Вентураны еденге сүйреп апарып, оны еденге итеріп, теуіп жатқанын, одан соң ваза лақтырғанын көруге болады. Видео жарияланғаннан кейін бір күн өткен соң, рэпер көпшілік алдында кешірім сұрап, істеген ісінен жиіркенетінін" айтты.

Сотта алғашқы куәгер Вентураға шабуыл жасалған кезде InterContinental қонақүйінде күзет қызметін атқарған Лос-Анджелес полициясының қызметкері Исраэл Флорес болды.

Ол қонақүйдің алтыншы қабатына көтерілген. Ол ашуға мінген Комбсты және бетін орамалмен басып тұрған Вентураны байқаған. Куәгердің айтуынша, Комбс оған ақша ұсынған, бірақ ол бас тартқан.

Екінші куәгер 41 жастағы стриптизші Дэниел Филлип Нью-Йорк қонақүйінде Комбс Вентураға бір бөтелке лақтырып, шашынан ұстап, басқа бөлмеге сүйреп апарғанын көргенін айтты. Алайда өз өмірі үшін қорқып, полицияға хабарласпағанын мәлімдеді. 

Сондай-ақ ол Комбс қатысқан кездесулер Нью-Йорктегі қонақүй бөлмелерінде немесе жеке резиденцияларында бір сағаттан 10 сағатқа дейін созылуы мүмкін екенін айтып берді. Оның айтуынша, рэпер кездесулерді видеоға жиі түсіріп жүрген.

Манхэттендегі сот процесі шамамен екі айға созылады.

Айта кетейік, бұған дейін 17 қыркүйекте рэпер әрі продюсер Puff Daddy (P.Diddy деген атпен белгілі) рэкет, сексуалды құлдық пен сауда және жеңгетайлық үшін қамауға алынып, Голливудта үлкен шу шыққан еді. Рэпердің ұйымдастырған кештерінде танымал поп-жұлдыздардың болғаны да белгілі, желіде фотолар пайда болған. 

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 13 Мамыр, 2025 08:53
Талқылау