Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Табиғатты көремін бе деп келіп едім, адам жанының сұлулығына куә болдым": Қытай қызы қазақстандық полицейлерге ризашылығын білдірді (видео)

Фото: Видеодан скрин

Желіде Қазақстанға турист ретінде келген Қытай қызының оқиғасы кеңінен талқыланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қытай қызы Қазақстанда басынан кешкен оқиғасы баяндалған видеоны TikTok желісіне жүктеп, ел назарына ілікті. Қыздың сөзінше, Қазақстан аумағын аралауға келе жатқанда жолда көлігінің жанармайы таусылып қалған.

“Жолда полицейді кезіктіргенге дейін жаяу жүруіме тура келді. Оған бірден жағдайды түсіндірдім, ол біреумен рация арқылы байланысқа шықты. Көп ұзамай бір кісі канистрмен жанармай әкеліп берді. Қатты қуанып, оларға алғысымды жаудырумен болдым”, – дейді қыз желіге жариялаған бейнежазбасында.

Қыз жанармай құйып алып, жолға шығады. Алайда жолда оны полицейлер тоқтатады. Басында жол ережесін бұзған соң тоқтатты деп ойлайды. 

Сөйтсе жанармай құйып алып, түстеніп отырғанда маңызды құжаттары салынған сөмкесін ұмытып кеткен екен. Арада 20 минуттай уақыт өткенде жанармай табуға көмектескен полицейлер қыздың сөмкесін әкеліп береді.

“Қолына менің сөмкемді ұстап алыпты. Қайран қалғаным сонша, аузыма сөз түспеді. Бөтен елде мүлде бөтен адамдардың арқасында нағыз жылулықты сезіндім”, – дейді қыз.

Бейнежазбада қытай қызы қиын жағдайда көмегін аямаған полицейлерге алғысын білдірген.

“Бұл сапарым мен күткендей болған жоқ. Асқар таулар мен өзен-көлдерді көремін бе деп келіп едім, бірақ мені мүлде басқа нәрсе – адам жанының сұлулығы таңғалдырды, тіпті әсерлі пейзаж да оған жете алмады”, – деп ағынан жарылыпты ол.

Қыздың алғыс айтып түсірген видеосы TikTok-та 2 миллионнан аса қаралым жинаған. 

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл жайт Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында болған. Қытайдан келген турист сол аумақта құжаттарын жоғалтып алған.

“Сол ауданда кезекшілік атқарған партульдік полицейлер жоғалған сөмкені байқап, бірден иесін іздеуге кіріскен. Тәртіп сақшылары шетел азаматын қуып жетіп, құжаттарын өз қолына тапсырған. Бұған қоса, олар көлігіне жанармай құйып беріп, сәт-сапар тілеп, жолға салып жіберген”, – делінген ІІМ хабарламасында.

STAN.KZ
Сейсенбі, 06 Мамыр, 2025 11:28
Талқылау