Шәріп Серік ЖИ арқылы өзінің Бишімбаевтың қасында отырған видеосын жасағандардың үстінен арыз жазды
Фото: желіде тараған видео кадрларынан
Актер Шәріп Серік жасанды интеллект арқылы өзін Қуандық Бишімбаевтың қасына отырғызып, видео жасағандардың үстінен арыз жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы Арман есімді креаторлардың бірі хабарлады. Оның жасаған видеосы 4,5 миллионнан астам қаралым жинаған. Айтуынша, өзіне аудандық полиция басқармасынан қоңырау шалып, Шәріп Серік оған арыз бергені туралы хабарлаған.
"Қазір ресми жауап алынған жоқ. Маған түсініктеме беру үшін қоңырау түсті. Бірақ жауап алу түріндегі іс жүргізу әрекеттері әлі болған жоқ. Маған түсіндірілгендей, қазір материалдар тиісті органдарда қаралып жатыр", – деді ол.
Жігіттің айтуынша, істі жалғастыру немесе тоқтату туралы шешім әлі қабылданған жоқ.
"Шәріп Серік немесе оның өкілдері менімен байланысқа шықпады", – деп қосты Арман.
Сондай-ақ ол адвокат Жанна Оразбақовамен кеңескенін алға тартты. Айтуынша, заңгер жасалған видеода қылмыс құрамы жоқ екенін жеткізген.
Ол сондай-ақ бұл видео тек зорлық-зомбылыққа деген өз көзқарасын білдіргенін атап өтті.
"Менің видеомда жалған ақпарат, есімдер немесе жеке айыптаулар жоқ. Оның мақсаты – кез келген зорлық-зомбылыққа қарсы жеке ұстанымымды шығармашылық форма арқылы білдіру. Мен мұны нақтылау үшін қайта қоңырау шалдым. Маған түсіндірілгендей, істі жалғастыру немесе жалғастырмау туралы түпкілікті шешімді олар қабылдайды екен. Бұл туралы маған қосымша хабарланады", – деп қосты Арман.
Әлішер Елікбаевқа берген сұхбатында Шәріп Серік Бишімбаевпен бірге бейнеленген видеоға байланысты арыз бергенін растады. Актер видео өзін ренжіткенін және онымен салыстыру өзін қорлайтынын жеткізді. Айтуынша, бұл әділетсіздік.
"Бұдан кейін бәрін тергеу органы шешеді. Мен бұл адамдардың жазаланғанын қалаймын", – деп бөлісті актер.
Алматы полиция департаменті осы іске қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын жеткізді.
"Аталған факті бойынша Бостандық ауданының полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Объективті мән-жайларды зерделегеннен кейін іс жүргізу шешімі мен заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады", – деп түсіндірді ведомство.
Еске салсақ, Шәріп Серіктің бұрынғы сүйіктісі актердан зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеген еді. Кейін актер тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін емес, балағаттағаны үшін сотталған.