"Елу жылдан бері шәкірт тәрбиелеп жүрмін": Балаларға би үйрететін 76 жастағы қостанайлық қария желі жұлдызына айналды
Қостанай облысының тумасы Ерсін Жүсіповтың балаларға би үйретіп жүргеніне 50 жылдан асқан. Ветеринария саласында білім алған 75 жастағы қария жүздеген шәкірт тәрбиелеп, бүгінде көп баланың сүйікті ұстазына айналған. Ерсін ұстаз Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында қалай әп-сәтте әлеуметтік желінің жұлдызына айналғанын және осы жасында үнемі сергек жүруінің сырын айтып берді.
Фото: Видеодан скрин
Қостанай облысының тумасы Ерсін Жүсіповтің негізгі мамандығы – ветеринария. Өз саласында еңбек етіп жүріп облыстық халық шығармашылығы үйінде би ансамблі ашылып, биді қатар алып жүрген.
“Аудандық байқауда жеке “Матрос” биін билеп, көзге түссем керек. Аманкелді аудандық мәдениет бөлімінің ұсынысымен, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы мені аудандық мәдениет үйіне жұмысқа ауыстырды. 1970 жылы облыстық байқауда 8 ұл, 8 қыздан құралған би үйірмеміз жақсы өнер көрсетіп, жүлделі болдық. Сол кезде Торғай облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков мені және қалалық мәдениет сарайының хореографы екеуімізге Аманкелді ауданының би тобына Торғай жігіттерінің биін қоюды тапсырды. 1971 жылы Алматыға республикалық фестивальге Торғай әуендері бағдарламасы бойынша қатысып, В.И.Ленин атындағы сарайда Торғай облысының атынан гала-концертте өнер көрсеттік. Сол жылы Қостанай педагогикалық институтының химия-биология факультетіне түсіп, биді одан әрі жалғастырдым”, – дейді Ерсін Жүсіпов.
“Сол шәкірттерім қазір 70 жастағы аталар мен әжелер”
Кейіпкеріміз оқуын аяқтап келгесін де, сабақтан бос уақытта балаларға би үйретіп жүрген. Өзі Москваның, Ленинградтың, Киевтің хореография училищесін бітірген мамандардан би үйренген. Өз ісінің мамандарынан сабақ алғанының нәтижесінде Аманкелді ауданында алғаш рет би үйірмелерін ашып, шәкірттер тәрбиелеуге мүмкіндік алғанын жасырмады. Сондай-ақ аудан көрермендерінің қолдауының нәтижесінде биге деген қызығушылығы арта түскенін айтады.
“Аманкелді аудандық мәдениет үйінде тәрбиеленген алғашқы 8 ұл, 8 қыздан құралған шәкірттерім, менен 5-6 жас қана кіші 8-9 кластың оқушылары еді. Қазір олардың өзі 70 жасқа таяп қалған мен сияқты аталар мен әжелер ғой. Ал кейінгі шәкірттерімнің өзі бірі әке, бірі ана болып отыр. Сондықтан желіде жазылған пікірлерге таңғалмаймын. Ал жалпы шәкірттерім өте көп. Тек арнайы би колледждері мен жоғарғы оқу орындарын бітірген 30-дан аса шәкірттерім бар. Алматының “Салтанат” би ансамблінде, ұйғыр театрында, “Наз” би театрында, “Шалқыма”, “Гүлдер” ансамблінде, облыстық филармонияларда, Қостанай, Көкшетау колледждерінда, мектептерде, студия, балабақшаларда ұстаздық етіп жүрген шәкірттерім бар”, – дейді хореограф.
50 жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеп, биден сабақ беріп келе жатқан Ерсін Жүсіповтың ең үлкен жетістігі туралы сұрап көрдік.
“Шәкірттерім әр дайындыққа құлшына келіп, көздері жайнап, әр дайындықта рахаттана билесе, ал концерттер мен байқауларда жақсы өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып, мәз болып жатса, шәкірттерімнің әзіргі жетістігі осы ғой. Ал менің жолымды қуып, осы биге бар ғұмырын арнаған ұстаз шәкірттерім жетістікті өз еңбектерінің нәтижесінде өздері көре жатады”, – дейді кейіпкеріміз.
Ерсін Жүсіпов 1996 жылы Арқалыққа көшіп келіп, Абай Құнанбаев атындағы №6 мектепке жұмысқа орналасқан. Сонда мектеп директоры ұстазға қазақ билерін насихаттап, би үйірмесін қолға алуды ұсынған. Сөйтіп Ерсін мұғалім ритмика пәнін ашып, бір жола би үйірмесіне көшкен. Кейін араға бір жыл салып қалалық мәдениет сарайынан ұсыныс түсіп, өздеріне жұмысқа алған. Нәтижесінде “Ақбота” би ансамблін ашты. Ансамбль 2024 жылы халықтық би ансамблі атағын қорғады. Қазір Ерсін ұстаздың шәкірттері сол ансамбльдің жетекшілері. Қария Қоянды ауылындағы мәдениет үйінде “Мирас” би ансамблін, “Болашақ өнер”, білім, спорт мектебінде “Болашақ” би ансамблін ашып, 60-тан аса балаларға сабақ беріп жүр.
Фото: Stan.kz
“Балалармен секіріп, билеп жүргенім өнердің элитасы – бидің арқасы”
“Амандық болса, осы жазда 13 шілдеде 76 жасқа толамын. Әрине, уақыт өткен сайын қатарымыз сиреп, азайып келеміз. Керемет, тың қалпымды сақтадым деп айту артық болар. Қарттық өз дегенін жасайды ғой. Дегенмен осы би өнерінің арқасында жұмыстан қалмай, қатарларым қолдарына таяқ ұстап, әрең қозғалып жүргенде, мен кішкентай бүлдіршіндермен бірге қарғып секіріп, билеп жүргенім өнердің ішінде мен үшін өнердің элитасы – бидің арқасы шығар деп ойлаймын. Студент кезімде көп уақытымды биге арнадым. Түсінген адамға би де – спорт секілді өте пайдалы өнер. Ал күнделікті жаттығу жасау, жүру маған таңсық емес. Мұны әдетке айналдырғам. Тіпті, жұмысқа жаяу барып, жаяу келу мен үшін рахат дүние. Таза ауада, таныстармен амандасып, жан-жағыңа қарап, жаяу жүргенге не жетсін”, – дейді Ерсін Жүсіпов.
@beksultan_jan Кім 75 інде осылай билеп жүр😍 #эфир #ата #хорегораф ♬ оригинальный звук - BYKHIN
“Балалардың алдында тұрғанда шаршауды ұмытамын”
Қария балалармен жұмыс істеудің оңай емес екенін жасырмады. Бірақ ісіне деген махаббат шаршауды да, қиындықты да ұмыттырады дейді.
“Балаларға би үйретіп жүргеніме 50 жылдан асты. Әрине, балалармен жұмыс істеу оңай емес. Би өнері де инемен құдық қазғандай, ерінбей, қажымай-талмай еңбектенуді қажет етеді. Күнделікті күйбең тіршілікте кейде шаршайтын кездер болады. Ал мен дайындыққа барып, балалардың алдында тұрғанда бәрін ұмытамын. Алдымдағы балалардың менің әр қадамымды, әр қимылымды үйренсем, білсем деп, көздері жайнап тұрғанын көргенде екі сағат бойы балалармен бірге қарғып, секіріп билесем де, шаршағаным сезілмейді. Балаларға әр сабағымда әр қимылды, оларды қалай орындау керек екенін көрсетіп, ең бастысы балалардың биге деген қызығушылығын оятып, сол би өнерінің пайдасын жете түсіндіремін. Әр адам өзі ұнатқан мамандықты таңдап, соған ұмтылады. Ең бастысы, сол ұнатқан мамандықты сыйлап, құрметтеу керек. Өйткені сол мамандық сені және сенің отбасыңды асырап, саған өміріңде өз орыныңды табуға көмектесіп отыр. Өз ісіңді ұнатып, құрметтесең, ол да сені ел-жұрттың алдында жерге қаратпайды”, – дейді ұстаз.
Фото: Stan.kz
“Немерем “ата, сіз жұлдыз болдыңыз” деп күлді”
Кейіпкеріміз желіде тараған видеоның қашан және қалай тарағанын айтып берді. Сыртынан түсіріп алған бейнежазба кеңінен таралып кетеді деп ойламаған. Қария видеоның желіде қызу талқыланып, “жұлдызға” айналғанын немересінен білген.
“Мен “Болашақ” ансамблін конкурсқа апарғанда түсіріпті. Балалар 7-10 жастағы кіші топ еді. Оларға мен үнемі көрсетіп, айтып тұрамын. Сол жолы да сахна сыртында көрсетіп тұрдым. Адам көп болды. Мені біреулер түсіріп жатыр деп ойламаппын. Байқау өткен соң 3-4 күннен кейін үйдегі немеремнің “Ата, сіз жұлдыз болдыңыз” деп күлмесі бар ма?! Мен бірден Болашақ мектебінің директоры Жұлдызға хабарлассам, ол кісі түсірмегенін, ол кезде залда отырғанын айтты. Кейін телеарнадан хабарласты. Мен ол ұсыныстан үзілді-кесілді бас тарттым. Видеоны жанымнан түсіріпті. Шашым, киімім анау, көрсетіп жатқан қимылдарым да күлкілі, өзім қатты ұялдым. Бірақ барлық ата-ана, басшылар, балалар “Осы балалар үшін барайық, түсейік” деген соң телеарнаның ұсынысын қабылдадым. Сөйтіп шәкірттерім үшін, немерем айтқандай телеарна жұлдызы болып шыға келдік. Мен фотоға, видиоға көп түспеймін. Тіпті конкурстарда мараппатау сәтінде сахнаға шықпай балаларды жіберемін. Сахнада жастар жүреді, олардың ортасында 76 жастағы шалдың жүргені мен үшін өте ыңғайсыз, сондықтан көбіне бас тартатынмын”, – деп Ерсін ұстаз ағынан жарылды.
@rasaitam.kz 70 жастағы хореограф Еркін Жүсіпов сахна сыртында би қимылдарын көрсетіп, балаларға қолдау білдірген сәті көпшілікті сүйсіндірлі. 50 жылдық еңбек өтілі бар Еркін мырза – екі баланың әкесі әрі немерелерінің сүйікті атасы. Бұл әсерлі сәт 30 наурыз күні Астанадағы “Жастар” сарайында өткен би жарысы кезінде түсірілген. Еркін Жүсіпов дайындаған би ұжымы байқауда 1-орын иеленді.
♬ оригинальный звук - RasAitam
Айтуынша, би мұғалімінің таңы ерте басталады. Сағат 9-дан бастап 12-ге дейін дайындықтар өткізеді. Түскі уақытта үйге жаяу барып, қайта дайындыққа кетеді. Түстен кейін сағат 15:00-18:00 аралығында тағы балаларды биге дайындайды. Ерсін Жүсіпов уақытының көп бөлігін балалармен, дайындық залында өткізетінін жасырмады.

"Саусақтары күйіп, денесі құрысып қалды": Талдықорғанда Kaspi терминалын ұстаған баланы тоқ соқты (видео)
