Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда су есептегіші жоқтар тарифке екі есе артық төлейді

Алматыда су есептегіш құралдары жоқ тұтынушылардың тарифі көтерілгеннен кейін есептегіш құрал орнататындардың саны артқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Ақпанда еліміздің кейбір өңірлерінде су тұтынудың әлеуметтік нормалары енгізілген еді. Әр қалада 1 текше метр су үшін жеке тариф бекітіледі. Алматыда 1 ақпаннан бастап су тарифі 10% өскен.

Ай сайын адам басына шаққанда 3 текше метрге дейін су тұтынатын тұтынушылар үшін тариф базалық 1 текше метрі 91,96 теңге болды. Айына 3-тен 5 текше метрге дейін пайдаланатындар 110,36 теңге/текше метр төлейтін болды. Ал 10 текше метрден артық су тұтынғандарға су бағасы 183,92 теңгеге дейін жетті.

Айта кету керек, ең жоғары тариф су есептегіш құралдары жоқ тұтынушыларға да қолданылатыны да айтылған еді. Бұл дегеніміз, олар үшін су бағасы бір адамға шаққанда бірден 1000 теңгеге дейін өсті, яғни екі есеге жуық қымбаттады.

Жаңа тарифтер енгізілгеннен кейін алматылықтар жаппай су есептегіш құралдарын орната бастаған. Лицензиясы бар компанияларда есептегіш құрал орнатуға кезекті екі апта бұрын алмасаң, орын жоқ. Себебі “Алматы су” мемлекеттік кәсіпорны есептегіш орнатумен айналыспайды. Ол тек оларды балансына қабылдап, тұтыну деректерін жинаумен шектеледі.

“Алматы су” компаниясы мамандандырылған компанияларға барлық сұранысты қамту үшін қосымша бригадалар құруға тура келгенін мәлімдеді.

"Жақын арада бұл ажиотаж басылады деп ойлаймын. Қалада қажет мөлшерде есептегіш құралдарының қоры бар", – деді “Алматы су” сату департаментінің директоры Серік Шығиров.


Алматылықтар су тарифінің күрт көтерілуіне наразылық білдірді


Жаңа тарифтер күшіне енген үш айда есептегіш құралдарымен жабдықтау 63 пайыздан 75 пайызға дейін өсті.

"Тұрғын үйлердегі есептегіш құралдармен жабдықталу деңгейі 63 пайыздан 75 пайызға дейін өсті. 50 мыңнан астам абонент пәтерлер мен жеке үйлеріне алғаш рет есептегіш орнатты. Жыл соңына дейін тұрғын сектордың 90 пайыздан астамы есептегіш құралдарымен қамтылады деп болжанды”, – дейді кәсіпорынның бас директоры Ілияс Қазиев.

Талқылау